Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Қазақстанды бұрынғы жүйеге қызмет еткен адамдар жасамау керек!

23.02.2022, 9:40 715

HALYQLINE.KZ

Президент қоғамға «Жаңа Қазақстан» деген сөз тіркесін ұсынды. Бірақ Жаңа Қазақстанның қандай болуы керек екенін, оның ескі Қазақстаннан қандай айырмашылығы болатынын айтқан жоқ. Ең бастысы, неден бастау керек екендігі де айтылмады. Сондықтан, осы қоғамның бір өкілі есебінде, өзімің жеке пікірімді білдіріп, Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы шарттарын ортаға салғым келеді.

Басты өзгеріс екі бағытта болуы керек. Біріншісі – отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан ұлттық мәселе. Оның ішінде – қазақ тілінің мәселесі. Өкінішке қарай, «Жаңа Қазақстан» сөзін саяси аренаға шығарған (Біздерден, 2018 жылы Бельгияда «Жаңа Қазақстан форумын» құрған қоғам белсенділерінен кейін…) Қ.Тоқаев мырза ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесінде қазақ тілі туралы жақсы сөздерді көп айтатын, бірақ нақты істерге аяқ баспайтын бұрынғы президенттің жолынан шықпайтын сияқты. Меніңше, ұлттық бағытта осы жылдан асырмай, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. (Байқайсыздар ма, Президенттің Ресейге жақындасуын байқаған шовинистік күштер қайтадан бас көтере бастады. Оның нақты көрінісі – Алматының атын ауыстыру туралы петицияның іске қосылуы)

Екіншісі – демократиялық саяси реформа. Бірінші кезекте «Саяси партиялар туралы» заң мен «Сайлау туралы» заңның толықтай өзгертілуі. «Саяси партиялар туралы» заң саяси процестерге араласуға ниет білдірген азаматтардың саяси партия құруына мейлінше, мүмкіндік беретін құжат болуы шарт (Қазіргі заңнамада саяси партия құру жолдары барынша, қүрделендіріліп, сан түрлі заңдық тосқауылдар қойылған. Қаржысы да, адам ресурстары да бар «Алға ДВК» ұйымының бесжыл бойы тіркеле алмауы, ұлтшылдардың «Халық рухы» партиясының тіркеуден өте алмауы, қазіргі «Ел тірегі» партиясының да бірнеше рет тіркеле алмауы – осы бөгеттердің нәтижесі). Өткен жылдары «Саяси партиялар туралы» заңға президенттің бастамасымен енгізілген өзгертулер бұл бөгеттерді сол күйінше қалдырды (Шынымды айтсам, «әйелдер мен жастарға» берілген 30 пайыздық квота – демократияның негізгі принципіне қарсы келетін, партиялардың тіркелуіне ешқандай әсер етпейтін «жаңалық», ал партия мүшелерінің 40 мыңнан 20 мыңға түсірілуін – үлкен өзгеріс деуге аузым бармайды. Басқа мемлекеттердің заңнамасындағы партия құру үшін қажетті адамдардың мөлшерін былай қойғанда, 1991 жылдағы заңға сәйкес, Қазақстанда саяси партия құру үшін 3 мың адам жеткілікті болатын). Ал «Сайлау туралы» заң – айрықша, күрделі өзгертулерді талап етеді. Сайлау комиссияларының жасақталуынан бастап, сайлау жүйесі толықтай өзгеріске түсуі шарт (Президенттің бастамасымен сайлау бюллетеніне «барлығына қарсы» деген графаның енгізілу – сайлаудың әділ өтуіне ешқандай әсер етпейтіні анық. Егер «барлығына қарсы» бюллетеньдердің белгілі бір мөлшері сайлауды қайта өткізуге алып келетін болса, бұл өзгерісті қолдауға болар еді). Айта кету керек, қазір парламенттен үміттерін үзген азаматтық қоғамның өкілдері осы екі заңға өзгерістер мен толықтырулар дайындау жұмысына кірісті.   

Үшінші қадам – жаңа (не өзгертілген) заңмен жаңа сайлау комиссияларын жасақтап (сайлау комиссиялары сайлауға түсетін саяси партиялардың өкілдерінен жасақталғаны дұрыс), ерікті, әділетті сайлау өткізіп (аралас – пропорциялық және мажоритарлық – жүйе арқылы), Жаңа парламент сайланғаннан кейін қоғамдық жүйені, билік жүйесін өзгертуге арналған заңдарды солардың қабылдауы шарт. Осы уақытта жаңа Сайлау заңының аясында Президенттік сайлаудың өтуі өте қажет. Егер жаңа парламенттің бірінші заңы «Люстрация туралы» болып, бұрынғы жүйеде басшылық орындарда болған адамдарды қызметке алмайтын талапты заңға енгізсе, қос қолымды көтеріп қолдауға әзірмін. Жаңа Қазақстанды бұрынғы жүйеге қызмет еткен адамдар жасамау керек! Өзгерістің бірінші шарты да, Жаңа Қазақстанның негізгі ұраны да осы болуы керек.

Дос  КӨШІМ.

«Жас Алаш» газетінде жарияланған «Қаңтар қырғынынан кейінгі ойлар» мақаласынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: