Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түлкі мен тырна

12.05.2022, 11:00 679

«Барлығымыз жиналып кеңестік, ал партком шешті…»

Кеңес заманындағы анекдот.

Баяғыда, біздер мектепте оқыған кезеңде, «Ана тілі» кітабының ішінде «Түлкі мен тырна» деп аталатын шағын мысал әңгіме бар болатын. Фабуласы төмендегідей: Тырна мен түлкі дос болып, бірін-бірі қонаққа шақырады, дастарқан жаяды. Тырна түлкіге қонаққа келгенде, үй иесі оған жайпақ ыдысқа тамақ құйып берсе, тырнаның үйінде түлкіге тамақты құмыраға құйып береді. Шоқып жейтін тырна түлкінің үйінен аш кетсе, құмыраға басын тыға алмай, түлкі байғұс тырнаның үйінен қарын тойдыра алмай кетеді. Бұл жерде қандай мораль жатқанын бастауыш сыныптың оқушылары терең түсінді деп айта алмаймын, бірақ жайпақ табақтан тамақ іше алмай жатқан тырна мен құмыраға басын сиғыза алмай жатқан түлкіні көз алдымызға елестетіп, мәз болғанымыз бар. Білмеймін, мүмкін, бұл әңгіменің тәрбиелік мәні – «өзіңді ғана ойлама, келген қонағыңа ыңғайлы болуды ойла» дегенде жатыр ма, әлде, «ақымақтар барлығын дәл өзіндей көреді, ақымақ болмаңдар, барлығы бірдей емес» дегенде ме, әлде «түлкінің қулығын білген тырна да дәл сондай әрекет жасады, істеген ісін алдына келтірді» деген терең пәлсапалық ойда жатыр ма…

Кеше ғана 5 маусымдағы референдумға шығарылатын Конституциялық заңның баптарының түзетулері жарияланды. Ашығын айтайық, мен күткендей емес. Өз басым, осындай боларын білген де болатынмын. Сондықтан алдын ала «Референдум туралы» деген мақаламды да жарияладым. Референдумға қатысты мәселелерді көтеріп, Президенттің, Конституцияға өзгерістер дайындап жатқан жұмысшы тобы өкілдерінің назарын екі-үш нақты мәселеге аударғым келді. Өкінішке қарай, қайран сөзім қор болды…

Бірінші сұрақ. Қазіргі қолданыстағы Ата заңымызда өзгертетін, түзейтін мәселелер жеткілікті. (Билік мәселесі, мемлекеттік тіл мәселесі, сайлау мәселесі, т.т.). Осыған дейін  билік ӨЗІНЕ ҚАЖЕТТІ деген баптарды, ешкіммен ақылдаспай өзгертіп, түзетіп келді. Енді түзетулерді халықтың алдына салып, солардың бағасын алғысы келіпті. Дұрыс. Бірақ неге осы бір сан түрлі көкейкесті мәселелердің ішінен бүгінгі мәтіні жарияланған мәселелер ғана таңдалып алынды? Бұл қоғам талап еткен өзгерістерді көздеріне ілмеу ме, әлде «Сендер түк білмейсіңдер, даурығып, кез келген мәселені көтересіңдер. Нағыз өзгерту қажет етіп тұрған – тек осы мәселелер. Біз білеміз ғой» деген бе? Кешіріңдер, егер «біз білеміз ғой» болса, референдум жасап, біздің ақшамызды желге шашудың қандай қажеті бар? Әлде Сендердің «біз білеміз ғойларыңа» халықтың қолдауы қажет болып қалды ма? Сендер таңдау жасайсыңдар да, ал Біз қолдауымыз керек. Сонда ғана сендер ертең «бұл мәселе – жалпыхалықтық қолдау алған мәселелер. Біздің тырнақтай да кінәміз жоқ» деп айта аласыздар. Меніңше, егер таңдауды халыққа берсеңдер, НЕНІ ТАҢДАУ КЕРЕКТІГІН, ҚАНДАЙ БАПТАРДЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН де халыққа беріңдер! Бізді қонаққа шақырып, тамақты өздерің жейтін түлкі мен тырнаға ұқсамаңдар. Егер жұмысшы тобына азаматтық қоғамның өкілдерін қосқыларың келмесе, ең болмаса, қоғамдағы референдумға міндетті түрде шығарылуы керек деген сұрақтарды енгізіңдер. Көпшілікке ұнамаса, қолдау таппай, «шаң қауып» шығып қалар, бірақ таңдауға түсірмей жатып, «шығарып тастау» халыққа деген сенімсіздік болып табылады.

Екінші сұрақ. Өткен мақалада қойылған сұрақты тағы да қайталауға тура келеді – референдумға ұсынылған 35 бапқа дауыс беру тәртібі қандай болмақ? 17 бапты қолдап, қалған 18 бапты қолдағысы келмеген азаматтар бюллетеньге қандай белгі қоюы керек? «Қолдаймын» ба, «Қарсымын» ба, әлде «мына баптарды қолдаймын (нөмірі көрсетіледі), ал мына баптарды қолдамаймын (нөмірі көрсетіледі) деген белгі сала ма? Барлық елдерде (референдум жүргенде) азаматтар нақты сұрақтарға нақты жауап беретіні белгілі, сондықтан сан түрлі сұрақтарды ТОПТАП ӨТКІЗУГЕ жол берілмеуі керек деп білемін. Бұны қазақтар «көзіңді бақырайтып қойып алдау» дейді.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: