Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

25.06.2022, 16:25 62

HALYQLINE.KZ

Кеше аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық тағайындауларға байланысты актив отырысын өткізді, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың республикалық деңгейде түрлі салаларда мол тәжірибе жинап, қызметте сатылап өскен азамат екенін жеткізіп, алдағы міндеттерін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

– Қазіргі таңда өңір экономикасын әрі қарай әртараптандыру міндеті тұр. Аймағымызға отандық және шетелдік инвестицияны тарта отырып, өңір экономикасының шикізаттық бағыттан өңдеу саласына бет бұруын жеделдетуіміз қажет.

Облыс бюджетінің жоғары тұрған бюджеттегі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, қаржылық даму институттары алдында 100 млрд теңгеден астам міндеттемелері бар. Осы орайда, біз облыс бюджетінің кіріс көзін мүмкіндігінше арттыруға жұмыс істеуіміз керек.

Нұрымбет Аманұлы осы аса өзекті мәселелерді үйлестірумен айналысатын болады,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Нұрымбет Сақтағанов облыстық экономика және қаржы, білім, денсаулық сақтау, қоғамдық даму, мәдениет және спорт басқармаларына жетекшілік ететін болады.

Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін педагогика, заңтану, экономика мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте мұғалім ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызметте, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерді атқарған.

2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімінің бастығы, аталған министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Миграция комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған.

2021 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымын атқарды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: