Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Социализмнің есебі

25.08.2022, 12:40 297

СССР деген – «Союз советских социалистических  республик»  деген  орысша тіркестің қысқарған түрі. Қазақшасы – «Кеңестік социалистік республикалар одағы». Қысқарғаны – КСРО.

Осы  КСРО  заманында  өмір  сүрген кейбір аңғал ағаларымыз бүгінгі жұмыссыздықты бастан кешкенде немесе капитализм қоғамының қатал сынына шыдамағанда, қарғыс атқыр сол кезеңді аңсап отыратыны бар. «Ол уақытта жұмыссыздық деген болмайтын еді» деп уәж айтып қояды. Ол уәжі және уәж емес, ойлан­бай айтылған сөз екенімен жұмы­сы  жоқ.

Иә, әрине халық сол социалистік қоғамның құлы болды, ал құл жұмыс­сыз қалмайды, бәрі-дағы жұмысқа жегілді. Қарын тоятын жала­қы алса, соны місе тұтты. Қарын тойса, құлға одан артық көп нәрсе керек те емес екен. Пенде байғұс құлдық қоғамға да үйренетін көрінеді.

Оның үстіне Совет одағы кезінде психология ғылымы әдейі дамы­тылмады ма деп ойлаймын. Біз педагогикалық институтта оқыған себепті «Мектептегі психология» пәнінен хабардар болдық. Бірақ ең бір түсініксіз сабақ сол еді. Түсініксіз болатыны пәннің өзі бұрмаланған. Сол себепті дәл бүгінгідей мәнге ие бола алмады. Егер психология ғылымы шын мәнінде дамығанда, халық өзінің құл болып жүргенін тез біліп қояр еді де, социалистік қоғамды бір сәтте төңкеріп тастар еді. Неге десеңіз, социалистік қоғам дегеннің өзі басқа дүниеден бөлек, томаға-тұйық өзінше оқшау жатқан, экономикасы қатаң жоспарға құрылған, тіршілігі қисынға келе қоймайтын оғаш, құдайсыз  дүние.

Путин СССР-дің ыдырауын бір сөзінде қасірет (трагедия) депті. Ол өзімшіл, пасық адам болғандықтан империялық көзқараспен Одақтың ыдырауын трагедия деп тұр, ал сол Одақтың шеңгелінен құтылған халықтар үшін бұл – үлкен қуаныш, зор бақыт! Мызғымастай көрінген Одақтың ыдырау себебін Путин «Большевиктердің, КОКП басшылығының мемлекеттік құрылыс­та, экономикалық және ұлттық сая­сатта әр кезеңде жіберген тарихи, стратегиялық қателіктерінен /өз сөзі/» көреді. Путиннің бұл сөзімен де келісуге болмайды. Маркс пен Энгельстің іліміне сүйеніп Ленин құрған, Сталин жалғастырған, Хрущёв, Брежневтер ылаждап басқарған жоспарлы экономикаға негізделген социалистік мемлекет құрылысының өзі бастан-аяқ қателіктен тұрды.

Жоғары оқу орындарында «Саяси экономика» деген пән оқытылды. Оны тәуелсіздікке дейін институт, университеттерде студент болғандар жақсы біледі. Қызылорда пединс­титутында оқыған бізге ол пәннен 1986 жылы экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай ағай Құдайбергенұлы дәріс оқыған-ды. Бірінші семестрде капиталистік қоғамның экономикасын, екінші семестрде социалистік қоғамның экономикасын өтуге тиіс едік. Біз бұл тақырыпты онша ұға қоймайтын «Филология» факультетінің студенттері емеспіз бе, капиталистік қоғамның экономикасын салған жерден түсіне алмадық. Экономика цифрсыз бола ма, Қазыбай ағай бірер апта дәріс оқыған соң, ұзақ-сонар шұбатылған бір есепті бастай жөнелсін. Капитал билеген елдегі зауыт-фабри­каның жұмыс істеу есебі. «Ақша – товар – ақша…» деп басталатын әйгілі есеп. Аткөпір цифр тақтаға сыймайды. Тақтаны әлденеше рет сүртіп тастап, жалғас­тырып жазған есептің шегі көрінбейді. Миға да қонбайды. Қай сан қайдан  шыққанын  білмейсің.

Ағай «осы есепті түсінбесеңдер, ештеңе түсінбегендерің» деп көңілімізді қобалжытып қояды. «Үйден шығарып келіңдер» деп талап қояды. «Кім шығарды?!» деп шүйлігеді лекция сайын. Біздің еңсеміз пәсейіп, үстелге шөге түсеміз. Мүшкіл халімізді көрген ағайдың қабағы түнеріп бара жатады. Жаңа лекцияға кіріспей, әлгі шұбалған есепті дауыстап айтып тақтаға қайталап жаза бастайды. Құрып қалғыр капитализмнің экономикасын ұға алмай тоқырап біз отырамыз. Бәріміз де осы есебі бар болғырды шығарып тастап, бізге керексіз пәннен біржола құтылғымыз келеді-ақ! Сондай оймен бір жексенбі күні есепке отырайын. Ол үшін «Саяси экономика» оқулығын басынан бастап, әрбір түйін сөздің астын сызып, ежіктеп оқуға тура келді. Орта жолда мүдіріс көп. Қайта бастаймын. Кейде есептің сілеміне түскендей болам. Бірақ қоянның жымындай адастырып кете береді. Кешке қарай әбден шаршатып барып есептің шешімі жарқ ете қалды-ау ақыры! Бәрі-дағы түсінікті бола кетті сонда. Кілті табылды. Капитализмнің экономикасы дегеніңіз ақшаны тиімді, сауатты, жүйемен жұмсау есебі екен. Келесі сабақта есепті ағай сияқты дауыстап айтып тұрып тақтаға жазып, шығару жолын жазып көрсеттім. Ағай риза. «Мемлекеттік емтиханнан өттің» деп, «бестік» бағасын қойып жатыр. Айтайын дегенім бұл емес, мәселе есептің мәнінде.

Есеп былай: әуелі өндіріс үшін тауар (шикізат) сатып алынады. Қанша қаржыға алынғаны нақты болуы тиіс. Одан зауыт/фабрика­да дайын өнім жасалып, сатылады. Өндірісті тоқтатпау үшін түскен қаржыдан бастапқы ақшаны айырып алып, тағы да тауар сатып алынады. Қалған ақша бірнеше бөлікке бөлінеді. Жұмыс­шыға жалақыға, салыққа, су, электр сияқты тағы басқа қызмет­тер төлемі, кәсіпорынды жетілдіріп, дамыту қорына, жарнамаға… және тағы басқаларға. 1986 жылы жарнамаға ақша жұмсау дегенге тосырқай қарағанымыз рас. Ақшаны 100 пайыз деп алып, қайсысына қанша пайыз бөлу керегін ойша нақты белгілейсің. Артылғаны кәсіпорынның табысы болып саналады, әрі қалай да  артылғаны  керек.

Шикізаттан дайын өнім жасап, оны сатуың бір айналым. Осы айналым неғұрлым жылдамырақ, неғұрлым көбірек болған сайын, табыс та молая түспек. Айналым жылдамырақ болу үшін жасалатын заттың үнемі жетілдірілуі маңызды. Сол үшін капитализм жағдайында технологтардың, конструкторлардың және тағы басқа мамандардың әрбір тәуір идеясына ақы төленеді. Соған сай өнім  де үнемі  өзгеріп отырады.

Капитализм есебінің формуласы шамамен осындай. Біздің басымыз­дың қатып жүргені, осы формуланы нақты цифрға айналды­ра  алмағанымыз.

Еліміз Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен кезде осы есеп маған одан сайын түсініктірек бола түсті. Шынында институт студенттері бас қатырған сол есепті қазір базарда сауда жасайтын  кез  келген  саудагер  шемішкеше  шағады.

Осындай есеп «Социалистік экономика» бөлімінде де болды. Бірақ социализм есебінің қисынға келмейтін, капитализмнің есебіндей қаржы жүйесіне бағынбайтын тұстары баршылық. Мұнда негізсіз бағалар, негізсіз жоспарлар үстем. Іс жүзінде жасалған жоспарлардың тиімді орындалуы емес, қандай жолмен болса да орындалуы маңызды. Мәселен жүз саулықтан жүз қозы алу үшін саулықтың жүзден де көп бағылатынын, бірақ ол құжатталмайтынын аға ұрпақ ұмыта қоймаған болар. 

Жоспар алдын ала жасалып, бекітіліп кететіндіктен тосын сұраныс­қа мойын бұру мүмкін емес. Одан гөрі бақылау, қадағалау басым. Әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қысымы көп. Қатып қалған жоспар болғандықтан дайын өнімді жетілдіру дегенге ешкім бас қатырмайды да. Жасалған өнім өте ме, өтпей ме, ол жағы өндірісшіні толғандыратын мәселе емес. Сол себепті қызығу­шылық та жоқ. Қызығушылық болмағандықтан, даму да жоқ. Оған бір мысал – автомобиль өндірісі. Баяғы «Жигули» сол «Жигу­ли». Баяғы «Москвич» сол «Москвич». Алпысыншы жылдары шыққаны не, тоқсаныншы жылдары шыққаны не, бәрі бір үлгіде. Еш  өзгеріссіз.

Меншік мемлекеттік болғандықтан жоспарлы экономикада шынайы бәсекелестік емес, социалистік әсіре жарыс жолға қойыл­ған. Жеңімпазға қызыл ту тапсырылады. Сол себепті сапа түгілі санға да жету мұң. Ал сан болмаған жерде сапа мәселесін айтудың  өзі  артық. Социализм кезінде мотоцикл, автомобиль сияқ­ты техникаларды айтпағанның өзінде, қарапайым тұтыну бұйымдарының  халыққа  түгел  жетпегені  содан.

Бір қызығы, кейбір кәсіпорындар табыс таппайды, жасалған өнімді өз құнымен немесе одан да төменге сатуға мәжбүр. Шеккен зиян басқа табысты кәсіпорынның есебінен жабылады. Олай болатыны оған балама болар дайын затты шетелден сатып ала алмайсың. Алуға да болмайды. Өйткені СССР – томаға-тұйық жатқан  жабық  мемлекет.

Социализм  кезінде  жеке  адамның  меншік  иесі  болуына  тыйым салынған. Жеке адамдардың өзінше кәсіп жасауы, сөйтіп бай болуы, социализм ұстанымына сай емес. Адамдар ақылды болса да, ақымақ болса да, іскер болса да, жалқау болса да бір деңгейде тұрмыс кешуі тиіс. Бүгіндері біз кәсіпкер, бизнесмен деп жүрген адамдарды СССР кезінде алыпсатар дейтін. Ол үшін және қудалайтын. Алыпсатарлық, яғни бөлшек сауда нарықтық заманда өндірісті бірден-бір алға сүйреуші ғой. Солай болса да жақында министрлік деңгейіндегі бір шенеунік «Қант бағасының шарықтап кетуіне алыпсатарлар кінәлі» деп өзінің қандай қоғамда өмір  сүріп  отырғанын  шатыстырыпты.

Міне, социализм дегеніміз экономикада да, саясатта да, мәдениетте де түсініксіз, қисынға келмейтін жері жеткілікті қоғам болатын. Соған сай оның есебі де түсініксіз. Социализмнің есебінде, мысал үшін айтқанда, екіге екіні қосқанда үнемі төрт бола бермейді. Кейде үш, ал кейде тіпті бес те болуы мүмкін. Бір жағдайларда қағаздағы есептің өрбуі мен жоспардың орындалу барысы мүлдем басқа-басқа болуы да кәдік.

Ол қоғам осылайша өз буынын өзі кеміріп, әйтеуір бір заманда құрдымға кетуі тиіс-тұғын. Жеткен жері жетпіс жыл болды. Әрине, ниеті дұрыс сияқты көрінеді, бірақ идеялары қолдан құрас­тырылған, табиғи дамудан тыс, тежегіштері көп, жабық қоғам болғандықтан  ақыры  1991 жылы мүрдем кетті.

Путин СССР-дің ыдырауын қасірет (трагедия) деп, оны СССР кезіндегідей қайта жинақтағысы келсе, бәрібір жоспарлы социализм жолымен жүрмес еді. Ол дамуға бастайтын таза капитализмді де таңдай алмайтыны анық. Оны қазіргі федарация құрамындағы республикалардың тұрмыс-тіршілігінен байқай аласың. Бұрын СССР-дың құрамында болған, қазір өзінше отау тігіп кеткен өзге азат республикалардың Ресейге тәуелсіз жақсы өмір сүргенін көре алмауы да содан хабар бергендей. Орыс тілін қажетсінбей өз тілдерін дамытып жатқаны тіпті де ішін өртей түседі. Өйткені ол империялық дертке шалдыққан пиғылы жаман адам. Оның осы пиғылы қоғамды өркениеттен оқшаулауға апармай қоймайды.

Ал енді оның қалауы орындалып, бұрынғы СССР құрамындағы республикаларды бағындырып, Ресей құрамына қосатын болса, оларды ұлттық сипатынан айырып, құл қылатыны, бар байлығын тонап, қарулануға жұмсайтыны анық. Неге десеңіз, империалистік  дертке  шалдыққан елдің дұшпаны да көп. Ал халықтың қалай  өмір сүргені империя дертіне шалдыққан диктаторға маңыз­ды емес. Баз баяғыша мешеулік жалғасады. Сөйтіп ондай қоғам социализм сияқты тағы да өзіне-өзі көр қазуын тоқтатпайды.

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

жазушы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: