Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытаймен қатынас ешқашан үзілмейді

15.09.2022, 9:35 418

HALYQLINE.KZ

Кеше Қытайдың төрағасы Си Қазақстанға келіп кетті. Бұл – Си Цзиньпиннің пандемия басталғалы бері өзге елге сапарлап шыққан бірінші сапары. Екі ел басшылары дипломатияның заңдылықтарын сақтай отырып, әрине бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Ол айтылуы тиіс заңдылық қой. Бірақ мына сөздерге назар аудару керек деп ойлаймын.

Си сөз арасында былай деп мәлімдеді: «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз». Бұл сөздер кімге бағыттала айтылғаны белгілі деп ойлаймын. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегені ғой. Посткеңестік елдердің территориялық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіретін бір ғана ел бар. Оны атамаса да ішіңіз сезіп тұр. «Арнайы операция» дегенді соңғы уақытта бізге қарата да айтып жүр, соларға ескерту болса керек.

Тағы бір сөзінде Қытай төрағасы былай депті: «Сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз». Соңғы жылдары біздің ішкі саясатымызға араласып жүрген тағы да кім екенін білесіздер. Тілді реформалау, тарихымызды қайта қарап, боздақтарды ақтау, елді мекен атауларын қазақшалау сынды өз ішіміздің мәселесіне қолын сұғып, сес көрсетіп жүргендерге қатысты жасалған мәлімдеме болса керек. Негізі осы екі сөзінің өзіндік салмағы бар.

Бұл саяси мәселелер бойынша айтылған мәлімдемелері ғой. Ал экономика ше? Ол бойынша транспорт-логистикалық, ауыл шаруашылық өнімдері мен трансшекаралық мәселе де басты талқы тақырыптары болды. Логистика бойынша Қытайға ОА керек, оның ішінде Қазақстан. Әлемдік геосаяси жағдай ушығып, Қытайдың Тынық мұхит арқылы сауда жолдары жабыла бастады. Сондықтан Орталық Азия оны алмастырудың маңызды жолы болмақ.

Біздің аймақтан мыңдаған Қытай көліктері, вагондары өтіп жатады, ол үшін қаржы аламыз. Олар тауарын біздің аумақ арқылы тасымалдайды, ал бізге сол үшін қаржы төлейді. Бұл халықаралық стандарт бойынша салынған ақылы жолдардың да салынуын арттыра бастайды деп ойлаймын. Шығыс пен Батыс Қазақстанды жалғап жатқан, тақтайдай жол салынса, ол Каспий теңізіндегі порттарға тірелсе, біраз аймақ дамитын еді. Себебі жолдың бойында жылдам тамақтану желілері салынады, қонақүйлер, көлік жөндеу орталықтары ашыла бастайды. Бұл мыңдаған қазаққа жұмыс болады.

Бір күн бұрын Си Цзиньпиннің біздің елге сапарлап келер алдындағы жазылған мақаласын оқыған едім. Сонда Ляньюньган портын Қазақстанның қолдануына берілгені айтылады. Енді бұл порт арқылы қандай өнім тасымалдап, сата аламыз деген мәселе тұр. Сол баяғы шикізат өнімдері мен астығымызды ғана ма, әлде тағы да басқа өндірілген өнімдер ұсына аламыз ба? Бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіп кешендерін дамыту керек. Ляньюньган порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тауар сатуға болады. Порт бар, келісім бар, енді өндірісіңді жаса да, апарып сат. Бұл тұрғыдан Үкімет отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, логистика-транспорт мәселесін реттеп, ақпараттандыру қажет деп санаймын.

Қытай деген бір жарым миллиард халқы бар, әлемнің екінші экономикасы саналатын алпауыт ел ғой. Бір жарым миллиард нарыққа не сатсаң да, ала береді, ала береді. Ақша да, алушы да көп. Бұл – түсінген жанға мүмкіндік.

Бір дүниені түсіну керек. Қытаймен қатынас ешқашан үзілмейді. Себебі география біз үшін барлығын шешіп қойған, картаға қараңыз. Қазақстан Қытайдың басты экономикалық серіктесі емес, Қытай ІЖӨ-мінде айтарлықтай мүлде рөл ойнамаймыз. Ал Қытай – біздің экономикамызда Ресейден кейінгі екінші ел. Соңғы геосаяси оқиғалардан кейін Қытай бірінші орынға шығуы мүмкін. Осының өзі Қытаймен экономикалық қатынас ең бірінші бізге қажет екені көрініп тұр. Әрине ол жүйелі, ойластырылған, түрлі тәуекелдері есептелген қатынас болуы тиіс. Қытаймен қатынас жақсы болса трансшекаралық өзендер бойынша келісіп, Қытайдағы қазақ қандастарымыздың мәселесін реттеп, 1700 шақырымға созылған шекара тыныштығын қалыпты ете аламыз. Осыны түсіну керек.

Суретте: Ляньюньган аймағы. Порт осы аймақта.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: