Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесті

21.12.2023, 8:40 391

HALYQLINE.KZ

Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесті. Қазақстанның бұрынғы президентінің сапары жөнінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты. Мұны РБК басылымы хабарлады.

«Ол [Назарбаев] шынымен Мәскеуде болды және президентпен жеке кездесті» деді Песков.

Бұған дейін UlysMedia басылымы Путин мен Назарбаевтың бейресми кездесуі 19 желтоқсанда өтетінін, оған Қазақстанның экс-президенті бастамашы болғанын хабарлаған.

Ресейлік телеграм-арналардың жазуынша, Назарбаев Мәскеуге 18 желтоқсанда ұшып келген. Сапардың мақсаты жөнінде ақпарат жоқ.

Соңғы рет Назарбаев пен Путин 2022 жылы маусымда жеке кездескен. Ол жөнінде экс-президенттің баспасөз қызметі хабарлаған. Оның алдында олар 2021 жылы желтоқсанда – Қаңтар оқиғасының алдында Санкт-Петербургте кездескен.

Назарбаев жуырда жарық көрген «Менің өмірім. Бодандықтан Бостандыққа» атты мемуарында Ресей президенті Владимир Путиннің кітаптарына бірнеше рет сілтеме жасап, оның өзін «сөзге берік, достыққа адал адам» деп мақтаған. Мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлеген.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған жаппай наразылық соңы қантөгіске ұласып, кемі 238 адам қаза болған. Сол оқиғадан соң Нұрсұлтан Назарбаев ықпалын жоғалтып, оның туыстары қызметтерінен кеткен. Оның кей туыстары қылмыстық жауапқа тартылып, түрмеге қамалған. Қаңтардан кейін елде Назарбаевтың ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастама көтерілді. Экс-президент «елбасы» мәртебесінен де айырылды. «Бірінші президент – Елбасы туралы» заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.

Фото: ria.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: