Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын мақта мен күрішке орынсыз пайдалану салдарынан табиғаттың адам баласына сыйға берген інжу-маржаны – Арал теңізі тартылып, тұтас бір аймақтың экологиялық тепе-теңдігі бұзылып, ғаламдық экологиялық апат аймағына айналды. Арал теңізінің аймағында өмір сүріп жатқан 3 миллионнан астам (Қарақалпақстан – 2 млн) халықтың тағдыры қыл үстінде тұр. Арал теңізінің экологиялық апаты қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің бірі болып, дүниежүзі ғалымдарының назарын аударып отыр.
Қызылорда облысын төрт жарым жыл (22.01.1985-25.08.1989 жж.) Еркін Нұржанұлы Әуелбеков басқарғанда, Мәскеуде Партияның Бүкілодақтық XIX конференциясында (маусым, 1988 ж.) Арал проблемасын экологиялық апат аймағы деп көтерген баяндамасы болатын. Нәтижесінде, КСРО-ның сол уақыттағы Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Рычковтың «29 августа 1988 года был принято распоряжение №1733 – Р Председателя Совета Министров СССР Рыжкова Н.И., благодария которому жителей области был введен повышающий коэффицент к заработной плате за проживание в пустынной местности» атты қаулысы бірінші рет Арал экологиясына арнап шықты.

1) 1 қыркүйек 1988 жылы КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту, оның бассейніндегі су және жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырып, қорғауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» қаулысы.
2). 18 қаңтар 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің «Арал маңы тұрғындарының тіршілік ету жағдайларын түбегейлі өзгерту бойынша жедел шаралар туралы» қаулысы.
3). 1992 жылы 30 маусымда №1468-XII Қазақстан Республикасының «Арал маңындағы экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы қабылданды. (Ескерту: экологиялық апат аймағына Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарының, Ақтөбе облысының Шалқар ауданының аймақтары кіреді. Айлық ақысын коэф. 1,5 есеге көбейтті).
4). ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ ССР қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы» Заңының 49-бабына сәйкес, Қызылорда облысының барлық ауданын және Қызылорда қаласын, Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Шалқар аудандарын, Шымкент (Түркістан) облысының Арыс (соның ішінде Арыс қаласы), Отырар, Созақ, Түркістан (соның ішінде Түркістан қаласы) аудандары және Жезқазған (Ұлытау) облысының Жезді (Ұлытау) ауданы экологиялық апат аймағы деп жариялау туралы» қаулысы қабылданды.
1993 жылдың 26 наурызында Кіндік Азия мемлекеттерінің Президенттерінің қатысуымен Қызылорда қаласында Арал проблемасы жөніндегі халықаралық конференцияны «Қызылорда конференциясы» деп атады.
Конференцияда Арал теңізіне байланысты маңызды шешімдер қабылданды:
1. Арал теңізі аймағының проблемалары жөніндегі мемлекетаралық Кеңес құрылып, оның құрамы бекітілді.
2. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық Қорды және оның басқармасын құрды, қордың ережесін бекітті.
3. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық Қордың президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.
4. Әр республика өз ұлттық табысының 1 пайызын осы қорға аударатын болды. (авт. – Бірінші болып Қырғызстан және басқа да республикалар қорға 1 пайыз төлемейтін болды).
5. Кіндік Азия мен Ресей Федерациясы басшыларының Арал проблемалары жөніндегі Халықаралық конференциясы Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Бутрос Галиге хат жолдады.
Осы Халықаралық конференцияның аясында Ұлы теңізді екіге бөліп, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мақсатында жалпы құны 85,8 млн АҚШ долларын құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» (САРАТС-1) ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі іске асырылды. Оның ішінде 64,5 млн доллары – Халықаралық даму банкісінің несие қаржысы, ал қалған 21,29 млн доллары республикалық бюджеттен бөлінді. Сөйтіп, «Кіші Арал» атауымен Көкарал бөгеті (14 км тоспасы) және Ақлақ тоспасы (гидротехникалық құрылымы) салынды. Жоба бойынша Көкарал бөгетін 39,90 метр деңгейден 42 метр деңгейге көтеру керек еді. Кіші Арал 27 км3 су жиналатын су қоймасына айналып, Арал, Қазалы аудандарындағы кеуіп қалған көлдер жүйесін сумен толтырып, балық шаруашылығын жандандыру керек болатын. Бағдарлама аясында жобада көрсетілген Көкарал бөгетінің құрылыс жұмыстары 2006 жылы ақталды. Екінші кезекте, САРАТС-2 жобасы бойынша Көкарал тоспасының биіктігін 42 метр деңгейден 48 деңгейге көтеру керектігі қарастырылған.
Халықаралық даму банкісінің бағдарламасы бойынша САРАТС-1 бірінші кезекте іске асқаннан кейін, жеті жылдың ішінде САРАТС-2 жобасы аяқталу керек еді. Бұл жобаға 190 млн АҚШ доллары қарастырылған. САРАТС-1 құрылысы берілгеннен бері 19 жыл өтсе де, Қазақстан үкіметі САРАТС-2 жобасын салуға асығатын емес.
КСРО Министрлер Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Кеңесінің Арал теңізінің проблемасы туралы бес қаулысы мен Заңының нәтижелерінің арқасында (1988-2025) 37 жыл ішінде бар тындырғанымыз Арал теңізін екіге бөліп, «Кіші Арал теңізі» деп тарихқа енгізіп, 14 шақырымдық «Көкарал» бөгетін салдық.
2024 жылы республиканың 10 облысында көктемдегі қар мен жаңбыр су тасқыны, елімізде су мамандарының (гидротехниктердің) жоқтығын Үкімет айқын байқады және су қоймалары мен каналдар жекешелендіріліп, жеке кәсіпкерлердің құзырына өтіп кеткені белгілі болды.
1995 жылы Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі таратылған соң, су мамандарын (гидротехник) дайындайтын екі институт (Тараз, Қызылорда), үш техникум (Қызылорда, Вановка, Алматы) жабылды. 28 жылдан кейін 2023 жылы (01.09) күзде жаңадан ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігін (Нұржан Нұржігітов) қайта ашуға мәжбүр болды. Сонымен республикада 21-ші министірлік ашылып, Үкімет (Премьер-министр) басшысының орынбасары (31.03.2024 ж.) болып Қанат Бозымбаев тағайындалды.
Осы жылдың наурыз айында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев (Қызылорда облысы) Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Не себепті Қазақстанға тиісті «Шардара» су қоймасындағы суды Арнасай арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөл көліне жіберетіні туралы. Парламент қабырғасында Мұрат Әбенов те жаңа Су ресурстары және ирригация министріне «Шардараға» қасықтап жинаған суды, шелектеп не себепті Айдаркөлге жібереміз?» деп сұрақ қойған болатын.
Көп ұзамай, «Егемен Қазақстан» газетіне (15.03.2025ж.) журналист Мұрат Жетпісбаевтың «Кіші Арал кемеріне келсін десек…» деген мақаласы жарияланды. Сонда Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғановтың пікірі берілген. Ол: «Кейін өзімізде «Көксарай» су реттегіші салынып, көрші мемлекетке тәуелділігіміз азайды. …Жалпы, Сырдария алабындағы жылдық қоры 37 млрд текше метр болып есептелетін судың біз жыл сайын 12 млрд текше метрін алып отырмыз. Қазір көрші мемлекеттің көздегені – Рамсар конвенциясына ену. Ол үшін Арнасайға (Айдаркөлге) 1 млрд текше метр су керек болады. Оның есесіне олар жазда бізге тиісті суды жеткізіп беруге бейілді. Бірақ бұл мәселе жөнінде әлі келісім жасалған жоқ», – депті тілшіге берген жауабында.
Анықтама: Рамсар (Иран) қаласында 1971 жылы 2 ақпанда 7 мемлекет қол қойған. Қазіргі уақытта Рамсар конвенциясына (16.05.2018) 171 мемлекет мүше. Өзбекстан Рамсар конвенциясына 2002 жылғы 8 ақпаннан бері мүше.
Рамсар конвенциясының талаптарына сай Өзбекстанның 5 нысаны (объект, көлдер жүйесі) бар. Рамсар конференциясына 23 жылдан бері мүше (2025-2002 =23 жыл). 5 нысанның бірі «Айдар (Айдаркөл) – Арнасай» көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына 2008 жылы қабылданған. (2025-2008 = 17 жыл).
Қазақстанда Рамсар конвенциясы 2007 жылдың 2 мамырында күшіне енді. 3 281 398 га болатын халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар деп жарияланған 10 нысан (объект) бар. (2025-2007 =18 жыл).
1976 жылы КСРО кезінде Рамсар тізіміне Қазақ ССР аумағында орналасқан екі сулы-батпақты алқап – «Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі» және «Ырғыз бен Торғай өзендерінің төменгі ағысындағы көлдер» енген. Егемендік алғаннан кейін бірінші нысан 2007 жылы, екіншісі 2011 жылы қыркүйекте қайта бекіді.
Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария атырауы. Ауданы – 330 000 га және «Барсакелмес» қорығы. 02.02.2012 ж. жылдан бері Рамсар конвенциясының тізімінде. (2025-2012 = 13 жыл).

Яғни, Қазақстан – 18 жылдан бері, Өзбекстан – 23 жылдан бері Рамсар конвенциясының мүшесі.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғановтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Қазір көрші мемлекеттің көздегені – Рамсар конвенциясына ену» деген жауабы газет оқырмандарын, көпшілікті адастыру емес пе?
«Шардара» су қоймасы Түркістан облысының Шардара, Мақтарал, Сарыағаш аудандары жерінде орналасқан. Сырдария өзенінің арнасына салынған. Ұзындығы – 80-100 шақырым, ені – 20-25 шақырым, ең терең жері – 26 метр, орташа тереңдігі – 6,3 метр, ауданы – 900 км2. 1968 жылы су қоймасы суға толтырылды. Бөгеттің биіктігі – 24 метр.
Жалпы сыйымдылығы – 5,2 км3, «Шардара» СЭС 4-агрегаттан тұрады, қуаты – 100 МВт. «Шардара» су қоймасынан «Қызылқұм» каналы бастауын алады (200 м3/сек). Қызылқұм массивы мақта мен күріш егуге арналған.
«Шардара» су қоймасы арқылы Өзбекстан жеріндегі «Айдаркөл» су қоймасына (44,3 км3) жиналған судың көлемінің 80-90 пайызы – Қазақстанға тиесілі су.
«Көксарай» су қоймасының (суреттегіші / контррегулятор) негізгі салыну мақсаты – Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы елді мекендерді көктемде су алу қаупінен қорғауға және қыс айларында «Шардара» су электр стансасында өндірілетін электр энергиясы қуатын 20-25%-ға арттыруға ықпал ететін нысан.
«Көксарай» су қоймасы – Түркістан облысында, Сырдария өзенінің оң жағалауында, «Шардара» су қоймасынан 160 шақырым төмен. Су қоймасы Сырдариядан 16 шақырым канал арқылы 500 м3/сек су қабылдайды. 10,2 шақырым канал арқылы 500 м3 суды қайта Сырдария өзеніне құяды.
Жобалық көлемі бойынша «Көксарайдың» сыйымдылғы – 3,0 млрд м3, ауданы – 467,5 км2. Бөгеттің ұзындығы – 44,7 км, орташа биіктігі – 7,7 м. Толық іске берілгені – 2010 жыл. Қазіргі уақытта дамбыны (қорғаныс бөгеттің) зерттеу барысында 1,8 (2,0) млрд м3 судан артық су жинау мүмкіндігі жоқ. Қорғаныс бөгетінің сыртына ыза сулар (фильтрация) шыға бастаған.
«Көксарай» су қоймасы Арыс ауданының 3700 гектар егіндік жерін суландырады. Келешекте 4000 гектар суармалы егіс көлемін ұлғайту жоспарда бар. Бұдан көріп тұрғанымыздай, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» суреттегіші Түркістан мен Қызылорда облыстарының егістік алқабын сумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Қазақстанда аса маңызды азық-түлік дақылы күріш Қызылорда, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарында егіледі. 2023 жылдың есебі бойынша республикада негізгі күріш егетін аймақ Қызылорда облысының 6 ауданында (Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы) егіледі. Күріш егістігі бойынша республикадағы жалпы алқаптың Қызылорда облысы 89,4%-ын алып жатыр.
Экологиялық апат аймағындағы Қызылорда облысының суармалы жерлері өткен ғасырдың 60-жылынан бастап күріш дақылына арналған болатын.
Сәл шегініс жасап, Қызылорда облысы республикада күріш егетін аймаққа айналғаны жайында Қазақ ССР Жоспарлау институтының жазғандарына сүйенейік. Ғалымдардың Қызылорда облысын 1981-1990 жылдарға арналған суармалы жерлерді пайдалану жоспарында: «Проблемы развития орашемого земледелия. Кызылординская область относится к наиболее благоприятным в отношении рисосеяния зонам нашей страны. Потенциально возможные для орашения земли в области определяются в пределах 6 млн га, что дает основание в обозримом будущем довести посевные полощади риса до 500 тыс. га, а производства риса – до 200 млн пудов (12,5 млн тонна), т.е. область реально может стать в ряд ведущих зерновых области республики. …недостаточной подачи воды по бассейну реки Сыр-Дарьи, единственного источники орашения на данное время. …В расчетах НИЭИПиН при Госплане Казахской ССР рассматиривались два варианта развития орашаемого земледелия в Кызылординской области с учетом ограниченности воды и реальных тенденций развития экономики области. По первому варианту размер орашаемого земледелия должен быть в перделах 270 тыс га., по второму – 400 тыс га.» деп кезінде жоспарланған (НИЭИПиН. Алма-Ата, 1977, стр. 25), «Госплан Казахской ССР. Научно-исследовательский экономический институт планирования и нормативов. Предложения к проекту плана компелексного развития народного хозяйства Кызылординкой области на переспективу (1981-1985 и 1981-1990 гг)».
Қызылорда облысында 270 мың гектар жер күріш егуге арналып, инженерлік-тегістеу жүйесіне келтірілген болатын. 270 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету үшін «Тасбөгет» (Қызылорда, 1956 ж.), «Басықара» (Қазалы, 1972 ж.), «Әйтек» су тоспалары (плотиналар), бастауын тікелей Сырдария өзенінен алатын 17 магистралды каналдың ұзындығы 1306 шақырым болса, шаруашылықаралық 21 (коллекторлар) жалпы ұзындығы 995 шақырым салынды. 1979 жылы облыс бойынша барлық суармалы жер көлемі 199,4 мың гектарға жетті.
Қазақстанда 2024 жылғы көрсеткіш бойынша 98 мың гектар күріш егілген. Оның ішінде: Қызылорда облысы – 85,6 мың га; Алматы облысы – 6,7 мың га; Жетісу облысы – 1,2 мың га; Түркістан облысы – 4,5 мың га. 2023 жылы елімізде 205,1 мың тонна күріш өндірілді, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,4%-ға аз.
Мысалы, 2017 жылы Қызылорда облысы бойынша 90 мың гектар алқапқа күріш дақылы егіліп, 2016 жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға дейін ұлғайды, күріштен мол өнім алды. Жиналған өнім 500 000 тоннадан асты. Шығымдылығы гектарына 55 центнерден келді. Күріш экспорттау 53%-ға өскен.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша «2022 жылы Қазақстанда күріш егу алқабы 87,8 мың гектар (га) құрады, олардан 486,5 мың тонна тазартылған өнім жиналды. 2021 жылмен салыстырғанда 3,4%-ға аз болды. Оның ішінде 444,6 мың тонна өнім Қызылорда облысының үлесіне келеді. Қызылорда облысына барлық өндірілген күріштің 91,4%-ы келді». («Қазақстанда күріш қоры ішкі тұтыну көлемінен 2 есе артық» атты мақаладан). Ашық ақпарат көзі: gov.kz (06.12.2022).
87,8 – 78,6 = 9,3 мың гектар күріш алқабы Түркістан мен Алматы, Жетісу облыстарына тиіселі. (486,5 – 444,6) = 41,9 мың тонна күріш Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарынан жиналады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің (06.12.2022 ж.) ақпаратына сәйкес, «Қазақстанда күріш қоры ішкі тұтыну көлемінен 2 есе артық» мақаласында республикада жылына ақталған күріш пайдалану 97 мың тонна деп көрсеткен. Шетелге шығарылатын (экспортқа) күріш көлемін %-бен көрсетеді:
1. Ресейге – 48,6% (Сыра өндіру үшін ұсақталған күріш шығарылады);
2. Тәжікстанға – 21,7%;
3. Түркіменстанға – 7,8%;
4. Украинаға – 6,9%;
5. Өзбекстанға – 2,2 %;
6. Ауғанстанға – ?.
2023 жылдың 9 айында шетелге барлығы 70,6 мың тонна, оның ішінде 39,2 мың тонна тазартылған күріш және 31,4 мың тонна ұсақталған күріш (сыра өндіру үшін) сатылды деп ашық ақпаратта жазылған.
Статистика бойынша республикада 1 адамға шаққанда жылына 9 кг (Ресейде 5 кг) ақталған күріш қажет деп есептелген. Қазақстан халқына 20 000 000 х 9 =180 000 000 кг немесе 180 000 тонна ақталған күріш қажет. Яғни, 180 мың тонна күріш республиканының азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Резерв (сақтандыру қорына) – 20000 тонна. Республика халқына барлығы 200 000 мың тонна ақталған күріш керек.
2022 жылы Қазақстанда 486,5 мың тонна тазартылған өнім жиналса, оның ішінде 444,6 мың тонна Қызылорда облысының үлесіне келеді. (444,6-180) = 264,6 мың тонна күріштің республика бойынша Қызылорда облысы 68% артық күрішті өндіріп отыр.
2025 жылы Қызылорда облысында күріш дақылына арнап 86 мың гектар күріш алқабы жоспарланған. (Бұның ішінде артық егілетін күріш гектары болуы ықтимал. КСРО-ның кезінде жоспарды артық орындау үшін есепте жоқ артық егілген күріш алқаптары болды және артық су пайдаланылды).
Осы 264,6 мың тонна ақталған күріш алу үшін қанша гектар жер қажет? Қызылорда облысы бойынша әр гектарынан ашық ақпарат көзі бойынша 52-57 центнер күріш салысын алады. Орта есеппен бір гектарынан 55 центнер = 5500 тонна күріш салысы жиналады. Барлығы 264,6 х 2 = 529,2 мың тонна күріш салысынан 50 пайыз 264,6 мың тонна ақталған күріш алынады. Тұқымдық күрішті арнаулы қожалықтар егеді немесе Ресейден сатып алады. Әр гектарға шашып сепкенде тұқымдық күріш 250-300 кг келеді. 86 мың га х 0,3 тонна = 25,8 мың тонна тұқымдық күріш қажет.
Қазақстан жеріндегі Сырдария өзенінің сағасында отырған Түркістан облысының Шардара ауданының 2024 жылы барлық егістік көлемі 57800 гектар болса, соның ішінде мақталық алқабы 12800 гектар болған. 2023 жылмен салыстырғанда 2459 га азайтылған, яғни 20%-ға кемітілген. Ал күріш 600 га жерге егілген, 2023 жылмен салыстырғанда 600 га азайтылған, яғни 50%-ға кемітілген.
Қорытындылай келе, Қызылорда облысы Арал теңізінің тартылуына байланысты экологиялық аймаққа жататынын ескерсек, Сырдария суының Кіші Аралға жылдан-жылға жетпей жатқанының басты себебі: бірінші, Қазақстанға тиісті суды «Шардара» су қоймасынан Арнасай арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге (44,5 км3) жіберуіміз. Екінші, Қызылорда облысында 60-65 мың гектар орнына 86 мың гектар күріш егілуі. Күрішті экспортқа шығарамыз деп артық күріш алқабын егетін латифундистерді қолдап отырғандығы. Үшінші, «Шардара» су қоймасынан бөлінетін судың көлемін анықтағанда, Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің Қызылорда облысы бойынша нұсқауы. Өзеннің санитарлық тазарту шараларына 0,6 км3 пен ортаны қорғауға 1,8 км3, өнеркәсіп-коммуналдық шараларға 0,21 км3, барлығы 2,61 км3 суды есепке алмауы. Төртінші, Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан жер астынан ұңғы (скважина) арқылы уран өндірілсе, Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр аймағынан ғарышқа зымыранды 1954 жылдан бастап ұшырып келеді. Жаңақорған мен Шиелі (1968 ж) аудандарының жерасты суы күкірт қышқылымен араласып, адам ағзасына өте қауіпті жағдайға жетті. Байқоңыр аймағы Қармақшы ауданын, қоршаған ортаны адамға зиян гептилмен бүлдіруде. Сондықтан да негізгі күріш егетін аудандар Қызылорда қаласын қоса есептегенде Сырдария, Жалағаш, Қазалы аудандары болуы керек. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) зерттеуіне қарағанда, Сырдарияда су көлемінің азаюына байланысты облыста 60-70 мың гектар күріш егу керектігі ғылыми түрде дәлелдеген.
Бұдан 40 жылдан аса уақыт бұрын Қызылорда облысында күріш егу көлемін азайту туралы айтып келеді. Қызылорда облысы (1992 ж.) экологиялық апат аймағы деп жарияланғаны да 23 жыл болды.
Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін облыс көлемінде Сырдария ауданы бойынша 25 мың гектарға, Жалағаш ауданы бойынша 20 мың гектарға, Қазалы ауданы бойынша 15 мың гектарға, Қызылорда қаласында 5 мың гектарға дейін күріш егуді жоспарлау керек. Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандарында күріш алқаптарынан босаған жерге ауыл шаруашылығына керек дәнді дақылдарды егу, ҒЗИ-мен (Ғылыми-зерттеу институты) бірлесе отырып, қандай дақылдар егу керектігін шешуге толық мүмкіндік бар.
Бір сөзбен айтқанда, Кіші Арал теңізінің тағдыры – ҚР Премьер-министрі О.Бектенов, Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров, Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев, Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова және Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың қолында.
Әлібек САБЫРБАЕВ,
инженер-гиротехник, зейнеткер, өлкетанушы.
Қызылорда қаласы
Бір адам бір саралаушы институттың жұмысын атқарыпты. Нақты мысалдармен, есептер, жоспарлы көрсеткіштер мен асыра пайдаланушылықтар, ШЕКСІЗ, ынсапсыз баю, біреуге күнкөріс біреуге шытырлаған көк Ақша, жабайы бизнес – адам тағдыры, Арал тағдыры. Зиялы, интелигентті ой – өріс пен саналы, сарабдал ұсыныс. Мұндай дүниені Парламент отырысынан бастап, барлық деңгейде, әкімдіктер мен институттарда талдап, түйінін, қорытындысында автор түйініндей ел мүддесінде шешім қабылдап, әлемнің, жердің денесінің кіндігінде тұрған қасиетті СУ (термостат секілді қызмет етуші) Аралдың бөлігін аман алып, әлемдік өмір балансын сақтау қажет. Авторға шексіз алғысымызды жеткізіңіз.