Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Екпелерді көрші елдерге сатып жіберген»

03.05.2026, 17:45 32

HALYQLINE.KZ

– … Менің атымды көбінесе, мал шаруашылығын дамыту мен ет экспортының әлеуетін арттыру жобасымен ғана байланыстырады. Бірақ одан басқа талай реформа жасадық. Реформа деген – жай өзгеріс қана емес, мағынасы терең, ауқымды дүние ғой. Қазір салық реформасы жүргізілді деп айқай салып жүрміз. Қосымша құн салығын (ҚҚС) 12 па­йыздан 16 пайызға көтеруді салықтық реформаға жатқызуға бола ма? Кез келген реформа халық пен бизнестің жағдайын жақсартуды көздемей ме? Менің түсінігімде, мысалы, ҚҚС-ын мүлдем алып тастап, оның орнына табиғаты мүлдем басқа (мысалы, айналымға төленетін) салық енгізсе және бұл өзгеріс жеңілдік әкелсе, бұл реформа болар еді деп ойлаймын.

Осыған сәйкес, біз кезінде жеңіл-желпі өзгеріс емес, нақты және түбегейлі бетбұрыс жасап, ауыл шаруашылығы саласына оң нәтиже беретін іс-шараларды қолға алдық. Бәлкім, соңына дейін жетпегендері, орта жолда тоқтап қалғандары бар шығар. Бірақ бұл өзгерістің көбі межесіне жетті. Өз басым ештеңеге өкінбеймін, атқарған жұмыстың ешқайсысынан ұялмаймын. 
Мысалы, «Агробизнес-2020» бағдарламасын алайық. Сараптап қарасаңыз, осыған дейін барлық салалық бағдарламалардың мерзімі 3 жылдан аспаған болатын. Жалпы айтқанда, мемлекетте жоспарлау жұмысы үш деңгейде өтеді: салалық, мемлекеттік бағдарламалар және ұлттық стратегия болып бөлінеді.

Өкінішке қарай, қанша жалбарынсам да, сол кезде бізге «мемлекеттік бағдарлама» мәртебесін бермеді. Дегенмен ауылды дамыту ол тек агробизнес мәселесімен шектелмейді. Байланыс, жол мен транспорт, әлеуметтік инфрақұрылым, атап айтқанда, мектеп, аурухана, мәдениет нысандарын салу, тәртіп сақтау және тағы басқа көптеген сұрақтар ауылдың дамуына тікелей байланысты. Мемлекеттік бағдарламаның өзгешелігі мен артықшылығы: салалық бағдарламадағыдай бір ғана саланың сұрақтарын қамтымай, бірнеше саланың алдына тапсырма мен мақсат қояды, үкіметтің қаулысы емес, президенттің жарлығымен бекітіледі, оны орындау, қадағалау деңгейі мүлдем басқаша, әлдеқайда жоғары және жауапты. Бірақ «Мынау жұмысын жақсы жағынан көбірек көрсетіп қоя ма? Дамымай тұрған саланың тамырына қан жүгіртіп қойса, үлкен басшылардың көзіне жақсы жағынан түсіп қала ма?» деген қызғаныш болды ма, білмеймін. Солардың кесірінен бе, сол кезеңде бізге мемлекеттік бағдарлама мәртебесін қимады.

«Жарайды, бермесеңдер, салалық бағдарламаны ұзақ мерзімге қабылдайық» деп алдыма мақсат қойдым. Өйткені кеңес уақытынан кейін тұралап қалған салаға тың өзгеріс енгізіп, орнынан жылжыту үшін 3 жыл жеткіліксіз. Содан не керек, бағдарламаны 2020 жылға дейін жоспарлап, алғаш рет салалық бағдарламаны 7 жылға қабылдадық. Бұл жерде басқа министр­ліктерге де тиісті тапсырма қоя алдық. Соның негізінде талай жұмыс атқарылды. Бюджет үш жылдық мерзімге ғана қабылданса да, бағдарламамызға жеті жылға бюджеттік қаржы ассигнованияларын дәлелдеп, шегелеп бекіттік. Осы жұмыстың өзін реформа деп бағалаймын.

Екіншіден, ветеринарлық саланы айтуға болады. 2006-2007 жылдары кейбір «ақылгөйлер» «біздің елде нарықтық қарым-қатынас дамып кеткен, сондықтан мемлекеттік ветеринарлық қызмет қажет емес» деп жұмыс істеп тұрған ветеринарлық станция мен пункттерді жауып тастаған еді. Сөйтіп, өздерінше конкурс жариялап, оны жекеменшік дәріхана мен дәрігерлер ұтып алып, әркім өз ауылдық округында жұмыс істейді деп ойлады. Олар осы өзгерісті енгізгенде малдың 80 пайыздан артығы жеке қосалқы шаруашылықтың үлесінде екені ескерілмеген. Ұйымдастырылған шаруашылықтарда, яғни АҚ, ЖШС, шаруа қожалығына тиесілі мал 18-ақ пайыз болды. Қалған 82 пайызы нақты жеке тұлғалардың қолында еді. Сондай жағдайда қандай жануардың қожайыны ветеринарды шақырып, қызметін сатып алады? Иә, қауіпті ауруларға қарсы екпені, диагностиканы мемлекет қаржыландырып отырды.

Бірақ «сол қызметті атқарамыз» деген адам ауылда кеңсе ашып, тиісті құрал-жабдық, тоңазытқыш сатып алуы керек еді. Ауылды аралап, екпе салу үшін көлік қажет. Оны ешкім істеген жоқ. Содан кейін ветеринар биыл бір ауылдан тендер ұтып алып, келесі жылы басқа ауылға өтіп, одан кейін мүлдем басқа кәсіпке ауысып, ауылға жауапты адам қалмады. Ауыл ветеринарсыз күн кешті.

Кейін ет бағдарламасы бойынша экспортқа жол ашуды көздеген соң ветеринарияның мүшкіл жағдайын түзеу керек болды. Ол үшін әлем бойынша жануарлардың денсау­лығын қорғауға жауапты үкіметаралық мекеме – Халық­аралық эпизоотиялық бюродан арнайы техникалық миссия шақырдық. Олар біздің жағдайымызды зерттеп, отандық мамандармен пікір алмасып, бізге жоспар бекітуге көмек берді. 2013 жылы заңға өзгеріс енгізіп, құрдымға кеткен Ветеринариялық бақылау комитетін қайта құрдық. Барлық аудан, ауылдарда мемлекеттік ветеринарлық станция мен пункттердің ашылуына жол ашатын заң дайындадық. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін құрал-жабдықтар, көлік, тоңазытқыш сатып алуына қаржы қарастырдық.

Бюджет қаржысына сатып алынатын екпелердің сапасына көп көңіл бөлдік. Осы салаға келгенге дейінгі он жыл бұрын да мемлекет қаржы бөліп, екпелер салынды. Бірақ сапасына назар аударылмаған. Көбінесе Үндістан, Пәкістанда шығарылған нәтижесі төмен, арзан екпелер әкелінген. Бұл екпелер біздің аумақтағы аурудың түріне сәйкес келмейді. Өйткені тұмау сияқты аусылдың да түрі көп. Ол ол ма, бұл екпе сонау түкпірдегі ауылдағы малға егілді ме, жоқ па, ол да жауапты қызметкерлер мен ұйымдардың жоқтығынан қадағалаусыз қалды. Бір қызығы, талай екпе Тәжікстан, Қырғызстанға сатылып кеткен оқиға жиі кездесті. Байқауға қатысқан ветеринарлар тегін берілген екпені «егілді» деген қағаз беріп, басқа жаққа сатып отырған…

Асылжан  МАМЫТБЕКОВ,

экс-министр.

(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: