Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек…

29.10.2020, 13:30 809

Коллаж azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп әр сайлау сайын айтамыз. Міне, президенттің пәрменімен тағы бір саяси науқанның өтетін уақыты белгілі болды. Әлемді әбігерге салып отырған пандемия мен бір бүйірден қысып тұрған қаржылық дағдарысқа қарамастан, «тәуекел етіп, тас жұтуға» бармыз. Сөйтіп, келесі жылдың қытымыр қаңтарында сая­саттың «қазаны» бүлк-бүлк етіп қайнайтын түрі бар. Яғни, 2021 жылдың 10 қаңтарында қос бірдей сайлау – Парламент мәжілісі мен мәслихат  депутаттарын  сайлау  конститу­циялық  мерзімге  сәйкес  өтеді. Жоғарғы билік  солай­  деп  шешті.

Бірден  айтайық, әншейінде қоғамда болып­ жатқан келеңсіз жайттарға, ұлттық, мемлекеттік  мүддеге  бас  ауырта бермейтін (ал заңды болсын, заңсыз болсын, билік пар­тиясы  «Nur Otan»-ның  қай істе де әсіре­демократтығы өз алдына) саяси партиялардың  үлкен доданың дүбірі естілісімен-ақ «атқа қонатыны» қайран қалдырады. Қазір сайлау алдындағы қарбалас қатты, бұған дейінгі сайлау­дағыдай  бұл жолы да әбігерге түскен әр партия ұпай жинаудың ұтымды жолдарын қарастыруда. Сайлаушылардың көпшілік дауыс­ына иелік ету үшін қай-қайсысы да аянып  қалмайтыны белгілі. Әйтсе де бір нәрсе  анық,  көш жердегіні күні бұрын сезетін «Nur  Otan»-ға қай  жағынан да «жасыл шам» жанып  тұр. Кешегі  праймериз – соның айқын­  дәлелі.

Айтпақшы, бізде билікке «бір бүйірі» бұрып тұратын «сүйкімді» партиялар да бар ғой. Қалай пәрмен берілді, ертеңіне етек-жеңін жинап, жан-жағын түгендеп, парламент пен мәслихат төрінен орын алып қалудың қамына кірісіп кетті. Бұл жерде біз «Ақжол» демократиялық партиясы мен «Бірлік» саяси партиясының мемлекет басшысының үндеуін қолдайтынын, шешімді құптайтынын білдіріп, мәлімдеме жария­лағанын меңзеп отырмыз. Ал, өздерін оппозиция санайтын санаулы партия көшбасшылары қайтер екен, «бір тудың» астына жинала­ ма, әлде әрқайсысы әдеттегідей «жеке батыр» атанып, бірін-бірі аяқтан шалып, етектен тарта­  ма?  Әзірге  «іш пыстаны  өз  ішінде  қайнап  жатыр».

Айта кететін бір жайт, соңғы жылдары парламенттегі жайлы­ орынға жайғасатын жандарды тікелей өзіне емес, өзі мүше партиясына дауыс беру арқылы партияішілік іріктеу бойынша заң шығарушы органға жіберіп жүрміз ғой. «Бұл сайлау­ бұрынғы сайлаудан өзгерек» дегенге келсек, енді жергілікті мәслихаттар депутаттарына да партияға дауыс беру арқылы мандат ұстатамыз. Ресми тілмен сөйлетсек, Орталы­қ сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаевтың­ айтуынша, мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша алдағы сайлау­ науқанының бірқатар ерекшеліктері бар. Біріншіден, мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтуде. Екіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңдағы өзгерістерге сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінд­е бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады. Үшінші­ден, жиырма тоғыз жасқа толмаған әйелдер мен адамдардың саны партиялық тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. Мәслихат депутаты болып жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады. Кандидаттың бәсең сайлау құқығы болуы керек. Яғни, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай­-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарындағы отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Ал, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңі 2020 жылғы 10 қарашадан бастап 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды  тіркеу  2020 жылғы 10 желтоқсанда сағат 18:00-де  аяқталса, сайлау  алдындағы  үгіт  сол  күні  сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылдың 9 қаңтарында жергілікті уақытпен нөл сағатта аяқталады. Мәліметтерді сөйлетсек, алдағы уақытта еліміз бойынша барлығы 216 мәс­лихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Бұл дегеніміз – облыст­ардың, Нұр-Сұлтан, Алматы  және  Шымкент  қалалары­ мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы­ бар қалалар­дағы 36 мәслихаттың 596 депутаты, аудандардағы 163 мәслихаттың 2091 депутаты.

Енді Парламент Мәжілісі депутаттығына кімдер сайлана алады дегенге келсек, оған ел аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған және бәсең сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Ал заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқор­лық құқықбұзушылық жасауда кінәсін мойындаған адам Парламент депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша кандидат бола алмайды. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандид­аттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси­ партияларға тиесілі. Саяси партия партиялық тізімдерді бекіту­ кезінде оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінд­е отыз пайызы мөлшерінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды қамтиды. Бұл туралы Орталық сайлау­ комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров  мәлімдеді.

Сонымен, бекітілген жоспарға сәйкес мәжіліске кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен екі ай бұрын басталады­ және дауыс беру күнінен қырық күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Яғни, ағымдағы жылғы 10 қарашадан бастап 30 қараша күнгі сағат 18:00-ге дейін. Партиялық  тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталады және сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, яғни 2020 жылғы 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі 18:00 сағатқа дейін. КЗ-ның 27-бабының 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталады және сайлау болатын күннің алдынд­ағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқ­талады.­

Саяси  науқан болған жерде қаржының жүретіні бесенеден  белгілі. Орталық  сайлау комиссиясының хатшысы Сабина­ Мұстафинаның айтуынша, Мәжіліс пен Мәслихат сайлауын­а 15,3 миллиард теңге бөлу жоспарланыпты. Ал егер екі сайлау біріктірілмей, бөлек өткізілсе, шығын 25 миллиард теңгені құрайды екен. «Үкіметке ұсынылған жоспар бойынша 2020 жылға арналған шығын көлемі шамамен 10,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл соманың негізгі бөлігі 10 061 сайлау комисс­иясында істейтін 70 681 мүшенің еңбекақысына жұм­салмақ. Бұл дегеніңіз – 7,3 миллиард теңге (68 пайызы). Ал қал­ған­ 3,5 миллиард теңге (32 пайызы) сайлау комиссиясының дайындық  жұмыстарына  деп  жоспарланған. Ол бюллетеньдер әзірлеу, полиграфиялық  және  өзге де дүниелерге жұмсалады», – депті ол. Хатшы өз сөзінде бұл жолғы сайлау шығындарының күрт өсуін бірінші кезекте ең төменгі еңбекақы көлемінің өсуімен байланыстырыпты. Екіншіден, халық санының  өсуіне байланысты жаңадан 86 сайлау учаскесі ашылған. Онда 600-ге тарта адам жұмыс істейтін болады. Үшіншіден, тауарлар­ мен қызмет түрлеріне қатысты инфляцияның көте­рілуі мен сайлаудың пандемия кезінде өтуіне байланысты екенін  айтқан.

Партиялар сайлауға қатысу үшін қанша жарна төлейді? Бұл да – кейбіреулерді ойландыратын сауал. Орталық сайлау комис­сиясы төрағасының орынбасары К.Петровтың сөзінше, пар­тиялық тізімін ұсынған саяси партиялар ҚР ОСК-ға партия бюджетінен әрбір адамға 15 еселенген көлемде ең төменгі айлық көрсеткіші көлемінде (42 500 теңге) жарна төлеуі керек. Оның айтуынша, өткен сайлауда (2016 жылғы) 7 пайыздық дауыс көр­сеткішін жинаған партиялар («Nur Otan», «Ақ жол» және «ҚКХП») жарна төлеуден босатылады. Ал жарна сомасы пар­тиялық тізімдегі әрбір адамға 637 500 теңгеден айналады екен.

Бәрінен де бұқараны бүгінгі коронавирус індеті көп тірлікті тұсаулап тұрған тұста бұл саяси науқанның қалай өтетіні ойланды­рып отыр. Бұл мәселе саяси сарапшыларды да алаңдататыны анық. Мәселен, белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев­ Azattyq Ryhy агенттігіне берген сұхбатында көрші Қырғыз­стандағы ахуал мен Беларусь елінде болған саяси оқиғалар Қазақстан билігінің тарапынан бақылауды мейілінше күшейтуге әкелетінін айтқан еді. Оның пікірінше, біріншіден, сайлау­да дауыс беру онлайн форматта өтуі мүмкін, екіншіден, тәуелсіз бақылаушылар бұл жолы аз және олардың арасында «exit poll» нәтижесіне қарсылық танытатындар да болады. «Біздің елде азаматтық қоғам дамып келеді. Өткен президенттік сайлауда бақылаушылардың қалай белсенді жұмыс істегенін көрдік. Билік те көрші елдердегі жағдайдан кейін сайлауға атүсті қарауға болмайтынын жақсы біледі. Менің ойымша, бұл сайлауда дауыс­ беру онлайн өтеді», – дейді саясаттанушы. Алайда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау онлайн режимде өтпейді. «Сайлау­ процесі «Сайлау туралы» заңмен реттеледі және заңнамам­ызда онлайн-дауыс беру мәселесі қарастырылмаған. Бұл сайлауды да әдеттегі жүйемен, қағаз бюллетеньмен өткіземіз. Яғни, сайлаушыларымыз үшін бұл тұрғыда ешқандай­ жаңашылдық жоқ», – деді Берік Имашев Орталық сайлау комисси­ясында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен, алдағы жылдың 10 қаңтарында өтетін саяси додаға­ дайындық қыза түсті. Бір-бірімен жайлы орынтаққа талас­қан­дардың еншісінде әлі екі айдан астам уақыт бар. Бірақ, қызықтың көкесі сайлауалды үгіт-насихат кезінде басталуы мүмкін. Сайлауды­ң «болғанынан» «боладысы» қызық деген де – осы.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ





Тақырыпқа  тұздық

САЯСИ  РЕФОРМАЛАР  АЙМАҚТАРДА  ЖҮРУІ  ТИІС

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт­ Тоқаев елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат­ депутаттарының сайлауын тағайындау жөніндегі Жарлыққа  қол  қойды.

Айта кететін мәселе, 2004 жылдан бастап Парламент сайлауы  Конституциялық  мерзімінде тағайындалып отыр.

Бұл аспект еліміздегі қоғамдық-саяси процестердің болжамдылық  деңгейін  арттырары  сөзсіз.

Сонымен бірге, Ұлттық Кеңес аясындағы Ел Президенті Қ.Тоқаев ұсынған саяси реформалардың бірінші пакеті­  өзінің  жемісін  беретіндігі  анық.

Бұл іс-шаралардың аясында барлық деңгейдегі мәс­лихаттардың қатары 30 пайыздық квота арқылы жастар және ханымдармен толықтырылатындығы белгілі.

«Nur Otan» партиясы өткізген праймериздің қоры­тындыларына сүйенсек, жастар мен ханымдардың саны мәслихаттарда 50 пайыздан асатындығы көрініп тұр.

Осы аспект аудан, облыс деңгейінде жастардың саны көбейіп, аймақтық дәрежеде қоғамдық-саяси процесте жаңа леп пайда болатындығын көрсетіп отыр.

Бізде «саяси реформалар тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүруі тиіс» деген жаңсақ пікір бар.

Ал негізінде, саяси реформалар аймақтарда жүруі тиіс.

Ол үшін жергілікті мәслихаттар жаңарып тұруы керек, сол органдарға принципті позициясы бар, әкімдерге өзінің ойын ашық айта алатын, қоғамдық күш-жігері мол азамат­тар мен азаматшалар келуі тиіс.

Сол кезде, бүкіл елде эволюциялық дамуға сәйкес жаңа күштер келіп, еліміздің аймақтарында әлеуметтік трансформация  жүреді.

Осы процеске алғышарт жасалып отыр.

Сонымен бірге, Мәжілістің өзінде «парламенттік оппози­цияның» жұмысын дамыту үшін көптеген мәселе қарастырылған.

Енді  Парламент  Мәжілісі  тұрақты  комитеттерінің  бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутатт­ары  арасынан  сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде­ кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу  жөнінде  бастама  көтеру  құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқын­дайтын  болады.

Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшіле­ріне Парламент палаталарының бірлескен отырыста­рында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыст­арында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топта­рының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.

Осы аталған аспектілер еліміздің саяси процестерін эволюциялық түрде, бірте-бірте өзгертуге фундамент жасайды.­

Біз – тұрақсыз әлемде, турбулентті заманда елімізде тұрақтылықты сақтап отырған елміз. Демократиялық процест­ер керек, дегенмен, ол процесс еліміздің тұтастығы мен ынтымақтастығына залалын тигізбеуі тиіс.

Сондықтан, бұл сайлау халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализмді дамытуғ­а  алғышарт  болады  деп  сенеміз.

Еліміз  аман, жұртымыз  тыныш  болсын!

Ерлан  САИРОВ,

саясаттанушы.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: