Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз саяси қателігі көп авторитарлық жүйенің құрсауынан құтылдық па?

12.12.2023, 8:45 338

HALYQLINE.KZ

2003 жылы Қазақстанда демократиялық таңдау қозғалыстары басталғанда, студент болып осы толқынның ішіне қатысып кеткен едік. Албырт жастың қаны қайнап тұрған шақта, еліміз де демократиялық даму деңгейіне көтерілетін болды-ау деп қатты сенетінбіз.

2004 жылдың тамызында елімізде он екі партия және аралас сайлаумен түсетін үміткерлер қатысқан сұмдық парламенттік сайлау болды. Бәрі де көз алдымызда өтті, өзіміз де соның белортасында сайлауда жүрдік. Сайлаудың құндылығы да сол, нағыз демократиялық сезіммен болашаққа деген сенімді ұялататын науқан еді ғой.

Көпшілік қоғамда сайлау дегенде делебесі қозып, түрлі пікір айтып жатады. Өйткені халқымыз, қоғамымыз осынысымен елге жанашырлық танытады, кім жаман болсын дейді елін?!

Кешегі соңғы жылдың сайлаулары биліктің саяси реформаларының арқасында қолға алынды. Бұл жерде шынды Құдай ұрғандай айту керек, біз саяси плюрализмі тоқтап қалған, аралас сайлауы араға он сегіз жыл салып шегініп кеткен демократиялық сенім мен көңіл күйді қайта түлеттік.

Егер олай емес дейтіндер болса, 2007 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі бір партиялық 98 депутаты бар Парламентті, содан бері 2021 жылға дейінгі үш партиялық жүйені айтайық. Не болмаса, баламасы жоқ қайта-қайта сайлана беретін елбасизмдік-президенттік сайлауды еске түсірсек те жеткілікті. Сонда Президенті мәңгілік, туыстары парламентті жайлап алған авторитарлы елде өмір сүргенімізді оңай ұмыта саламыз ба?!

Негізі, Абайша айтқанда, «сөз түзелді, тыңдаушым, сенде түзел» дегендей әңгімемізді түзеп алсақ, сайлау арқылы саяси басқару жүйесі ретке келе бастады. Сол мәңгілік президенттік идея өшті, орнына бір мерзімге келетін президент, туған-жұрағатына дейін билікке тартылмайтын тәртіп қалыптасты.

Ал монополияға айналған Парламентте, сайлауда жеті партия бағын сынап, кешегі 19 наурызда алты партия 69 орынды иеленіп, аймақтардан жеке мандатпен сайланған 29 депутатпен толықты. Заң шығарушы билікте саяси плюрализм мен саяси мәдениет қалыптасты.

Тағы ерекше айта кететін жайт бар, бұл аудандық және қалалық мәслихаттарға тікелей партиялық тізімсіз жеке мандатпен сайлану жүйесі орнады. Демократия елімізде төменнен жоғары қарай дамитындығын аңғартты.

Сонымен, 2022 жылғы конституциялық өзгерістердің бір жылдық нәтижесінде, «елге не берді?» деген сауал мазалауы мүмкін.

Ең алдымен, біз саяси қателігі көп авторитарлық жүйенің құрсауынан сабақ алып, енді қайта келместей болатын саяси бәсекелестік қоғамына аяқ бастық. Тек осы елді бір президент бір мерзіммен басқаруға қоғамға таңдау мүмкіндігін күшейтті. Яғни, елдің даму болашағын басқаруға әркімге толық мүмкіндігіне жол ашылды.

Екіншіден, көппартиялық жүйе өз нәтижесін беруде. Қазір әртүрлі әлеуметтік топтың, саланың өз жоқтаушысы, қорғаушысы бар саяси институттар, парламенттік мінберлерден өзекті мәселелерді көтеруге қолдау тапты. Елдің даму бағытына өз ұсыныстарын жеткізіп, жергілікті мәселелерді батыл айтуға ие болды. Бұл халық қалаулыларының халықтық жауапкершілігін арттырды.

Билік жан-жақты саяси реформалардың арқасында, қоғамдық-саяси оң шешімдерді қабылдауда деген сөз. Сондықтан, еліміздің саяси организмі демократиялық жолмен айығу жолында, соңғы жылы елеулі өзгерістермен ерекшеленіп отырғанын тарих беттерінде «саяси жаңару кезеңі» деп бағаланады.

Мақсат  ЖАҚАУ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: