Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистердің жақсылығы

02.11.2021, 10:20 200

HALYQLINE.KZ Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер арасындағы балалар ойын алаңының қираған қоршауларын жөндеп, ретке келтіріп, сырлау жұмыстарын жүргізді. Игілікті іс туған жерді түлету және үшінші тоқсанды қорытындылаған жергілікті оқушыларға қуаныш сыйлау мақсатында жүзеге асты. Сенбілік барысында ұйымдастырылған жұмысқа қаламгерлер қауымы белсене атсалысты. Ұжым қызметкерлері ең алдымен балалар ойын алаңының қоршауларын түзетіп, қатты сыммен бекітті. Мұнан соң қоршауларды, орындықтарды және секіріп ойнауға арналған жабдықтарды жасыл, қызыл, көк түске бояды. Сондай-ақ сырғанауға арналған темір жабдықтардың сынып қалған шатырын қайта бекітіп, алаң аумағын тегістеу жұмыстарын жүргізді.

– Осы ауданның ауасын жұтып, суын ішіп жүргендіктен туған жеріміздің дамуына ерікті түрде атсалысуды жөн көрдік. «Бірлік – береке бастауы» деп бекер айтылмаған. Бірлік пен өзара түсіністіктің арқасында балалар ойын алаңын ретке келтіріп, оқушыларға қуаныш сыйладық. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінеміз әрі ауданымыздың дамуы үшін алдағы уақытта да өз үлесімізді қосатын боламыз. Әрбір азамат туған жерді түлетуге жанашырлықпен қарауы қажет. Осы ретте жақсы істің нәтижелі аяқталуына үлес қосқан әріптестеріме алғысымды білдіремін, – деді жаңаша кейіпке енген ойын алаңының аумағында ата-аналармен, балалармен кездескен аудандық газеттің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы.

Өз кезегінде ата-аналар атынан көше тұрғыны С.Бөлебаев пен Б.Сағындықов сөз сөйлеп, редакция ұжымына шынайы ризашылығын білдірді. Ал көңілі ақ, ниеті пәк балалар жаңарған ойын алаңы ойнауға ыңғайлы болғанын айтып, өз қуаныштарымен бөлісті.

Б.ЖАНӘЛІ,

аудандық газет редакциясының бөлім басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: