Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұлдызды әулеттегі абыройы биік тұлға

30.04.2021, 15:15 537

Егемен ел ретінде іргеміздің бекіп, тәуелсіздігіміздің нығая түсуі, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына, яғни қылмысқа қарсы күреске тікелей байланысты. Олай болса, ел заңынан аттап, құқық бұзған қылмыскерлермен тікелей жұмыс жасап жүрген ҚАЖ саласы мамандарының мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбегі ерекше екені анық. Десе де, мамандықтың қиындығына қарамастан, осы жазаларды орындау мекемесінде жұмыс істеп жүргендердің көпшілігі династиялық әулет болып келеді.

Соның бірі Даутбаевтар отбасы. Біз әңгіме еткелі отырған Даутбаевтер әулетінде бір подполковник, екі майор, екі капитан, бір аға лейтенант пен старшина шыққан. Қауіп-қатері мен қиындығы мол ҚАЖ саласында табанды еңбек етіп келе жатқан бұл сала қызметкерлерінің жалпы еңбек өтілін қосқанда 113 жыл шығады екен.

Жұлдызды әулеттің жұлдызын жарқыратып тұрған, біз үлгі еткелі отырған кейіпкер, подполковник Қуат Пазылханұлы ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесінде жедел бөлім бастығы болып қызмет атқарады. ҚАЖ саласына келуіне өзінің алдындағы ағаларының шен тағып, киген формасына қызығушылығы және қызметіндегі атақ-абырой беделінің зор ықпалы болған екен.

Үлкен Ағасы Даутбаев Оспан 18 жыл еңбек етіп, ЗК-169/4 мекеме бастығына дейін көтеріліп,бүгінде отставкадағы майор. Жеңгесі Қарлығаш қазіргі таңда ЗК-169/1 мекемесінің Тылмен қамтамасыз ету бөлімінде қойма меңгерушісі. Кіші ағасы Даутбаев Қанат та ЗК-169/4 мекемесінде 16 жыл еңбек етіп, капитан шенімен зейнетке шыққан болатын.

Алдыңғы толқын ағаларының ізін басқан апасы Даутбаева Эльмира қазіргі уақытта ҚАЖ департаментінде әділет майоры шеніндегі, штаб тобының бас маманы болса, қарындасы Даутбаева Индира пробация капитаны болып қызмет атқарудауда.

Тәуелсіздік таңымен таласа туылған үлкен ағасының балалары да осы салаға келіп, әулет ісін жалғастыруда. Әділет аға лейтенанты, Қайрат Пазылов Қуатпен бірге осы мекеменің АКАӘПТЖБ-нің телогы. Одан кіші әділет старшинасы, Азамат Пазылов болса, қалалық ішкі істер басқармасының кинологі болып жұмыс істеп жүр.

– Біздің әкеміз, Даутбаев Пазыл – қойма меңгерушісі, анамыз Даутбаева Хадиша үй шаруасында болған кісі. Ата-анамыз он баласын жастайынан еңбекке баулып, бір-біріне қамқор болып, намысшыл болып өсуге тәрбиеледі. Бәріміз әкеміздің орнатқан қатаң тәртібімен өстік. Түзу тәрбие берген әке заңының әсері ме, бүгінгі таңда көпшілігіміз ішкі істер саласында өз орнымызды тауып, ел игілігіне жұмыс істеп келеміз. 2006 жылы Павлодар заң коледжін бітірген соң, лейтенант атағын алдым. Алғаш еңбек жолымды ЗК-169/5 мекемесінің Режим бөлімінің жедел уәкіл қызметінен бастап, ЗК-169/4, ЗК-169/1 мекемелерінде әртүрлі жауапты қызметтерді атқардым. Бұл қызметіме келгенше, ҚАЖ департаментінің сотталғандарды еңбекпен ұйымдастыру тобының бас маманы болдым.

2021 жылы ЗК-169/1 мекемесіне Жедел бөлім бастығы қызметіне тағайындалдым. Бұл бөлімнің міндеттелген жүгі ауыр. Оған, қоғам қауіпсіздігі үшін қылмыстардың алдын алу, заңға қайшы әректтерге жол бермеу, теріс пиғылды жандардың жолын кесу, жазасын  өтеушілердің пайдаланылуларына тыйым салынған заттарды сотталғандардан, мекеме аумағынан тауып, тәркілеу жатады. Жұмыс барысындағы қиындықтар мені жылдан-жылға шыңдай түседі. Кейде, қауырт ісіміздің жүйкеге салмақ түсіретін сәттері де болады. Сондай кезеңдерде, анамның «жастық шақта бейнет бер, қартайғанда зейнетін көресің» деп отыратынын еске алып, бойымды тез жинап аламын. Оның үстіне бұл саладағы қызметім, бүкіл әулетіміздің абыройы және өз балаларыма үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Қуат Пазылов.

Ия, жүгі ауыр жедел бөлім қызметінің басшысының жеке өмірі де, жұрт сүйсінерлік. Өмірлік серігі Ақтолқын Қартбайқызы екеуі екі ұл, үш қыз баланы тәрбиелеп отыр. Ақтолқын бүгінде бала күтіміндегі ана болғанымен, осы мекемеде ерікті жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеген. Ер-азаматы шаршап, қажып келгенде жанұя жылулығын сақтап, балаларының бабын жасап отырған жайы бар. Отбасындағы жайлылық оның еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Содан болар, Қуат Пазылұлы қызметінде өсіп, бірнеше рет алғысхаттар алып, медальдармен наградтталған.  Бүгінде әділет полковнигінің төсінде, 10жылдық, 15 жылдық мінсіз қызметі үшін, Қазақстан полициясының 25 жылдық медальдары  және 100 жылдық іздестіру төс белгісі жарқырап, абыройын асқақтатып тұр. Бұл оның жұлдызды әулеттегі тұлғасын биіктетіп тұрған ерен еңбегінің нәтежиесі.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесінің

БАҚ-ына жауапты маманы Раушан Абдрахманова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: