Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жомарт жүрек» жеңімпаздары белгілі болды

24.12.2021, 11:20 282

HALYQLINE.KZ Қызылордада «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахметов қатысты.

Жыл сайын ұйымдастырылатын конкурс азаматтарды, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді туған жерін, өлкесін дамытуға ынталандыру және көтермелеу мақсатындағы қайырымдылық идеяларын насихаттауға бағытталған.

ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары да елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-мәдени, білім мен ғылым салаларының дамуына негізделген. Осы ретте облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы бағдарлама шеңберіндегі 17 арнайы жобаны хал-адірінше үйлестіріп келеді. «Туған жер», «Еңбек – елдің мұраты» жобаларының орны ерекше.

Туған жерінің дамуына үлес қосып, әлеуметтік бастамалары мен жобаларын халық игілігі жолында жүзеге асырып жүрген елжанды, халқына сыйлы азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайды. Мұндай елін сүйген, туған жеріне қамқор азаматтарға жоғары бағаны халықтың өзі беретіні жазылмаған заңдылық. Осы ретте дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Жомарт жүрек» сыйлығы алдымен аудандық деңгейде іріктеліп, облыстық деңгейге жолданды. Облыстық сыйлыққа ұсынылған үміткерлердің номинациясын тағайындау бойынша сарапшылар кеңесінің отырысы өткізілді. Байқауға қатысушыларға «Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды.

Байқаудың «Жыл меценаты» номинациясы халыққа қай кезде болсын қайырымдылық жасауға дайын тұратын, пандемия тұсында да игі ісінен жаңылмаған «Сыбаға» ЖШС-нің директоры Ризванова Ляйла Құрбанқызына берілді.

«Жыл тұлғасы» номинациясы жыл көлемінде халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған шараларды үйлестіріп, халық денсаулығы жолында еселі еңбек еткен «Қазалы ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК жалпы тәжірибелі дәрігері Қартабаева Әлия Жұмағұлқызына бұйырды.

«Игі істің басында, жақсы жүрер қасында» демекші, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеріп, әркез қолдау көрсетіп жүрген «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алдашбаев Сәкен Мінуарұлына «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы табысталды.

Туған жеріне жанашырлық танытып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына жан-жақты үлес қосып, кәсіпкерлік саласын дамыта отырып, ел мүддесі жолында айқын нәтиже көрсетіп жүрген «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Бекжанов Әліби Бақытбекұлы «Туған өлке» номинациясымен марапатталды.

Ал «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясына қайырымды істердің басы-қасында жүретін, қиналғанда демеу, көмек сұрағанға медет сыйлауда игілікті іс жасап жүрген «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Тұсмағамбетов Жандос Бектайұлы лайық деп танылды.

Сондай-ақ, шара барысында «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Сәрсенбаев Мұрат Абайұлы және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», педагог Әбжан Жәмилә Әбдіғаниқызына «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Алғыс хаты табысталды.

Ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтар дипломмен және арнайы естелік сыйлықпен марапатталды.

syr-jurty.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: