Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол құрылысына бақылау жетіспейді

28.04.2020, 15:50 393 2

Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінде жол құрылысына әлі де бақылау жетіспейді. Өкінішке қарай, тиісті қадағалаудың жоқтығынан жыл сайын жол салуға бөлінген мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып жатыр. Асфальті жаңа болса да, шұрық-тесік автожолдар мен көшелер өңірде тізбектей берсең көп-ақ. Енді бұл саладағы олқылыққа тосқауыл қоятын кез келген сияқты. Биылдан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары аймақ жолдарының сапасына бірлесіп тексеру жүргізуді қолға алмақ.

Бұл шаралар «Сапалы жол – адалдық алаңы» кеңселік жобасы аясында жүзеге асырылатын болады. Осыған орай, екі құзырлы мекеме басшылары әлеуметтік желі арқылы онлайн конференция өткізіп, көптің сауалына жауап берді. Жалпы, жергілікті тұрғындардың жол құрылысына көңілі толмайды. Соңғы жылдары әкімдікке түскен арыз-шағымдардың дені осы жол мәселесін құраған. Мәселен, 2019 жылы ұлттық сапа орталығының мамандары заманауи жылжымалы зертханамен 400 мәрте көшпелі тексеруге шығып, өңір жолдарынан 120 кемшілік анықтаған. Ал асфальттің сапасын зерделеу үшін алынған 626 сынаманың 136-сы белгіленген нормаға сәйкес болмай шықты. Яғни, бұл жол құрылысымен айналысатын компаниялардың өз ісіне атүсті қарап отырғанын аңғартады.

Негізі салынып жатқан жолдың сапасына жауапты техникалық қадағалаушы күнделікті барып атқарылған жұмысты тексеріп тұрмаса, тиесілі сынамаларын зертханаға апарып зерттемесе, онда тірліктің бәрі бекер. Алынған сынама сол нормативтерге сәйкес болу керек. Және де зертханалардың аттестациясы, сертификаты болуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, біздің аймақта бұл талаптар көбіне сақтала бермейді. Тіпті, тексеретін технодзорларды тендер арқылы бақыр тиынға ұтқызып, сапаны қадағалайтын сарапшының өзі жол салатын компаниялардың өзіне тәуелді болып отырғанда, жолдың сапасы туралы айтудың өзі қиын, – дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов

Ашығын айтқанда, бүгінде жол құрылысында «әй, дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай тұр! Жол саласындағы өзекті мәселелер енді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің де бақылауында болады. Өрескел заңбұзушылықтар мен жемқорлық тәуекелдерін тыю үшін «Антикор» орталығы жанынан құрылған мониторингтік топ жүйелі жұмыс істейтін болады.

Осы саладағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылмаса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындаған жағдайда немесе басқада құқықбұзушылықтар бойынша біздің қызметкерлер, ұлттық сапа орталығы мамандары және мониторингтік топ өкілдерімен ұдайы тексеру жүргізетін боламыз. Бақылау барысында анықталған кемшіліктерді бірінші жарты жылдықтың нәтижесімен ұсыныстарды тиісті органдарға жолдайтын боламыз, – дейді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов.

Жалпы, биыл облыс аумағында 11 миллиард теңге қаржыға 200 шақырымнан астам автожол жөндеуден өтеді жоспарлануда. Сондықтан, ендігі міндет – ел игілігі үшін жасалынатын жол құрылысы жұмыстарына қатаң бақылау орнату.

Пікірлер:
  • Жылда жолдарды тексеріп жүрген технадзорлар неге дұрыстап қарамайды жолдарына. Былтырғы салған асфальт биыл ұшып кетіп жатыр. Осылардың жұмысын бір тексеріп бір жүйеге келтіру жұмыстары қашан жүргізіледі.

  • Өте орынды өзекті мәселе және тақырып. Өңірімізде жол мәселесін 1-деңгейге қою керек.Қаламызда тұрып балшықты белшесінен басып жүрген жерлер жетерлік.Сондықтан желге ұшырмай қаржыны өз орнына жұмсап,тиісті құзырлы мекемелер қадағаласа барлығы сапалы жақсы болады деген ойдамые.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: