Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетісіп жүрген ешкім жоқ

25.11.2021, 11:30 258

«Аңқау елге арамза молда» деген. Мына интернеттің игілігін татқан тұста итшілігін де қатар көрген заманға келдік. Қазіргі алаяқтарға қалтаңдағы құнды қағазды суырып алу үшін көше кезіп, қаңғырудың қажеті жоқ. Ұрлық та онлайнға ойысқан. Әлемнің ана шетінде отырып алып, мына шеттегі адамның қалтасын қағатын кезеңде тұрмыз. Интернетте алаяқтықпен айналысып, нәпақасын айырып жүргендер көп бүгін. Абайлап, аяғыңызды аңдап баспасаңыз, сіз де бір күні солардың қармағына түсіп қалуыңыз мүмкін. Ол қалай дейсіз ғой? Ең көп тараған интернет-алаяқтықтың түрлеріне жарнама арқылы тауарға немесе қызметке алдын ала төлем алу жатады. Оған интернет-алаяқтықтың жартысы тиесілі. Екіншісі – шағын несие ұйымдарының сайттарында онлайн-займ рәсімдеу. Жыл басынан бері мұндай қылмыстың 3 мыңы жасалған. Үшіншісі – азаматтардың жеке мәліметтерін алғаннан кейін банктік есепшоттарынан ақша қаражаттарын ұрлау.

Бірқатар жағдайда зардап шегушілер интернет-ресурстарға өздерінің мәліметтерін ерікті түрде енгізген. Екі мыңға жуық алаяқтық түрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға бәске тиімді ақша тігу желеуі­мен жасалған. Өзімізден де бар, кейде білімнің жеткіліксіздігінен немесе құмар ойындарға тым беріліп кететіндіктен ақшаның бас-көзіне қарамай сала беретіндер бар. Мұндай жағдай елімізде өте көп болады. Оңай ақша ұтып алуды көздейтін сайттар жарнаманы жандырып, адамды шақырып  алады да артынша қарызға батырып  қояды. ҚР ІІМ Криминалдық полиция  департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов биылдың өзінде 20 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелгенін  айтады. Бізге  беймәлімі  қаншама?!

– Интернет-алаяқтық қазіргі таңдағы елімізде және бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы осы жылғы Қазақ­стан халқына Жол­дауында алаяқтық қылмыстарға қарсы нақты шаралар қабылдау керек екенін атап өтті. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әртүрлі амалдарды қолданады. Сол себептен, осындай қылмыстардың саны жылдан-жылға көбею­де. Соңғы уақытта интернет-алаяқ­тық үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Егер 2019 жылы Қазақстанда мұндай қылмыстардың саны 7 700 болса, 2020  жылдың  қорытындысында 14 мыңнан асып түсті. Осы жылдың 10 айында өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыс­тырғанда олардың саны 80 пайызға артып, 17800 қылмысқа  жетіп  отыр, – деді ол.

«Инстаграм»  әлеуметтік желі­сі – қазір онлайн сауданың отаны. Шертіп қалсаң, керегің алдыңнан менмұндалайды. Жарнамалары жер жарады. Мәселен, сіз үйге қажетті бір ыдысты көріп, сатып алғыңыз келді. Көрсетілген нөмірге хабарласқанда, ол «төлемді алдын ала жасауыңыз қажет» деуі мүмкін. Бұл барлық онлайн сауда иеле­ріне айтыл­ған мысал емес. Содан соң сіз төлеген ақша да, тауар да жоқ болып кетуі бек мүмкін. Осындай жағ­дайлар да болады. Ол үшін міндетті түрде парақшаға, онда­ғы адамдардың санына және комментарий­лерді мұқият оқып шығу керек. Сонда  ұтылмайсыз.

Соңғы уақытта өздерін «банк қызме­ткерімін» деп таныс­тырып, банк картасындағы ақшаны көзіңізді бақырайтып тұрып аударып алатын алаяқтар да көбейген. Мұндайда кездейсоқ қоңырау шалып, қақпанға түсіруді көздегендердің сипаты белгілі болып қалады. Сондықтан дереу өзіңіз туралы ақпараттарды айтуға асығыстық танытудың қажеті жоқ. Спорттық ойындарға ақша тігіп ойнау да қазақ жігіттерін ұшпаққа шығарып жатқан жоқ, керісінше  құрдымға  әкетеді.

Қызыл да жасыл дүниенің пендесін теріс жолға түсіріп, құйындай үйіріп әкететініне қынжыласың. Бірақ, қайсыбір құмар ойындардың «құрбанымен» сөйлесе қалсаң, «аз ақшамен өмір сүру мүмкін болмай кетті, амалсыз осындай жеңіл жолмен келетін ақшаның жолын іздеп тұрамыз» дейді. Тұрмыстық тапшылық та осының ар жағында тұрғанын ескеру керек-ау. Ешкім жетіскеннен жүрген жоқ. Бәрі жақсы өмір сүргісі келеді. Бірақ, алдау­ды күнкөрісіне айналдырған айлакерлердің қақпанына қай қазақты да  қимайды  екенсің.

Әйгерім  БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: