Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемқорлық: Неден басталады, немен аяқталады?

29.11.2021, 17:30 1057

Шексіздік деген ұғым болғанымен, «менмін» деген біраз дөкейдің жамбастап жатып алған «креслосынан» қол үзгені бар. Орнын орынбасарына қимайтындар туралы да таңды атырып толғауға болады. Өтірігі өрге жүзген заманның өкінішке толы сәттері, өктемдікке толы әрекеттері өте көп. Соның бірі – адал тұрып, адал жүріп, адал сөйлейтін жанның жанын жегідей жейтін жемқорлық. Әйтпесе, айналасында болып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілері шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін қауымнан да хабардармыз. Біз бүгін «сыбайлас жемқорлық неден басталады және немен аяқталады?» деген жұрттың бәрі білетін, бірақ тереңірек зерттегісі келмейтін тақырып төңірегінде толғанбақпыз.

Осы күні барлық БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу керек, алдын алу шаралары талқыланды, алдын қалай аламыз?» деген мәтіндес ақпарат жиі-жиі ұшырасып жатады. Бірақ, сонда да заңды пысқырмаған, сыбайластыққа барған, құқықбұзушылыққа жол бергендер саны азаймай тұр. Бәрін түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес. Көп жағдайда осы мысал ойға оралады. Әйтпесе, қылмыстың өтеуі – жаза екені, көп асқанға бір – тосқын екені бесенеден белгілі жайт. Тіпті, уақытында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілері жайында хабарлаған тұлғаларға біржолғы ынталандыру төлемі қарастырылғаны туралы да ақпарат жарияланды. Жауаптылар «жемқорлықтың тамырына қайтсек балта шабамыз?» деп ойламайды емес әрі әртүрлі механизмін іске қосып, тәжірибе жасап көріп жатқан сыңайлы. Шынын айтсақ, қоғамдағы кез келген жемқорлық фактісіне жауапты – өзіміз. Бұл – «Жемқорлық неден басталады?» деген тақырыпқа бірден-бір жауап.

«Сыбайлас жемқорлық санаттарына тиісті көңіл бөлмеу аса жағымсыз салдарға әкеледі. Сыбайлас жемқорлық дендеген адамдардың адуындығы мен арсыздығы, олардың қылмыстық қызметінің нәтижелері адамгершілік құндылықтарының құнын жояды және қоғамның адамгершілік ұстанымын әлсіретуі мүмкін. Адамгершілік, әділдікке сену, этикалық мінез-құлық нормаларын сақтау қажетті жағдайлар кешенін білдіреді», – дейді заң ғылымдарының кандидаты Ақзада Мадалиева.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік және азаматтардың белсенді қатысуы – сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жоюдың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ақпараттарын, мәліметтерін республикалық қоғамды-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетіне және Halyqline.kz ақпарат агенттігіне тұрақты түрде жариялап отырады. Әрине, атқарылған жұмыс көп. Десе де, әлі де істелуі тиіс жұмыс та аз емес.

Республикалық маштабтағы тұлғалар Қызылордаға жасаған іссапарында «Antikor ortalygy-на» аялдайды. Бұл жер – азаматтарды толғандыратын мәселелер бойынша құқықтық көмек алу, сондай-ақ, жемқорлық індетін жоюға жұмылуға дайын жұртшылықтың бас қосатын орталығы. Келушілерге тұрмыстық, ұжымдық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметті алу кезінде қолайлы жағдайлар жасау және қоғамдық бақылаудың іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында департамент жанынан құрылған жобалық кеңселердің атқарып жатқан жұмыстарын таныстырады.

Негізі, Сыр өңірінде парасаттылық идеологияның драйвері болып табылатын Арнайы мониторингтік топ, «Ақмешіт – Адалдық алаңы», Ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі, «Адал Ұрпақ», «Саналы Ұрпақ», «Парасатты жол» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың әрқайсысы бір-бір тақырыптың жүгін көтеруге жарайтындай.

«Бүгінгі қоғамның басты тақырыбына айналып отырған сыбайластық жемқорлық – елдің дамуына айтарлықтай қауіп төндіретін қылмыс. Онымен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өзінің құқығын, өзіне қарсы құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолын толық білуі қажет», – дейді заңгер Айзат Мұсағұлова.

Заңгердің сөзімен келіспеске шарамыз жоқ. Бұл тақырып төңірегінде қозғаған кезде құқықтық білім алдыңғы орынға шығады.

Адамның да қадірлі еді адалы,

Қазір өзге, бұл – қоғамның алаңы,

Өтірігі өрге жүзген заманның,

Шындық емес, шешімі не амалы.

«Әділдік» деп жүз айтқаннан пайда не?

Құр ұраннан ұтқанымыз шамалы!

Бұл менің – «Адалдық философиясы» деген өлеңімнен үзінді. Көз жеткізбегенді, сөз жеткізер.

«Сыбайлас жемқорлық немен аяқталады?» деген сауалға жауап бар. Ол – жаза. Яғни, өз-өзімізге ор қазу. Философиялық жауап қатсақ: жемқорлық сипаттағы ештеңе басталмаса, ешнәрсе қылмыстық іспен аяқталмас еді…

Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: