Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Желтоқсандықтармен жүздесті

19.12.2020, 9:50 395

HALYQLINE.KZ

Қазалы  жаңалығы

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев Желтоқсан оқиғасына қатысып, ұлттық рух пен намыс жолында беріспеген жергілікті желтоқсандықтарды қабылдады. Сонау 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына куә болған қыз-жігіттер бүгінде елуді еңсерген ел азаматтарына айналған.

Қабылдауда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев желтоқсаншыларға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын тарту етті.

– Қай халық үшін де тәуелсіздік – қастерлі ұғым, ұлы мұрат. Желтоқсан оқиғасы кезінде ел намысын қолдан бермейтіндеріңізді көрсеттіңіздер. Егемен еліміздің ерлік жолында, тарихында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Ол кезде бастан кешкен қиындықтарыңыз ұмытылмақ емес. Бүгінгіден де бақуатты күндерді жақындату үшін бірге еңбек етейік, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Кездесуде №225 мектептің сызу-бейнелеу пәнінің мұғалімі Абай Машай, Ақсуат ауылындағы №100 орта мектебі химия-биология пәнінің мұғалімі Жазық Нұрмашева және аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Ұлболсын Алматова мерекелік лебіздерін айтып, игі тілектерін жеткізді.

Ұлттық  Олимпиаданың  жеңімпаздары  атанды

Қашаннан білім жолында өзіндік орны бар қазалылық шәкірттер бұл жолы да абырой биігінен табылды.

«15 қазалылық оқушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «Ел үміті» жобасы негізінде өткізілген «Мың бала» Ұлттық Олимпиадасының жеңімпазы атанды» деген ақжолтай хабар аудан жұртшылығын бір серпілтіп тастады.

Мұндай қуанышққа ортақтасудан ел ағалары қалыс қалмайтыны белгілі.

Республикалық білім сайысында жеңімпаз атанған шәкірттерді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай құттықтап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атынан бағалы сыйлықтар (ноутбук) табыстады.

Ұлттық олимпиада нәтижесімен жеңіске жеткен оқушылардың қатарындағы №170 орта мектепте білім алған Ерасыл Дарханұлы қазіргі таңда республикалық физика-математика мектебінің оқушысы атанып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың қабылдауына қатысса, қалған 14 оқушы аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Бақтығалиұлының қабылдауында болғанын атап кетсек.

Жұмабек  Табынбаев.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: