Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жамбылдағы жарылыс

02.09.2021, 11:30 282

Айдың-күннің  аманында  Жамбыл  облысы, Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Оқиға 26 тамыз күні кешкісін басталған. 31 тамыз  күнгі мәлімет бойынша, жарылыстан 15 адам қайтыс болып, зардабын 98 адам тартқан. Бір адамның денесі әлі іздестіріліп жатыр. Қаза болғандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

Еске салайық, 2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, 4 адам қаза тапқан еді. Жарылыстан мыңдаған үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елді мекендерге эвакуацияланған. Қорғаныс министрі Нұрлан  Ермекбаевқа  сөгіс  жарияланып, Арыс  қаласындағы  әскери қоймаға жауапты 16 адам 2021 жылы шілдеде сотталған болатын. Араға екі жыл салып қайталанып отырған жарылыс қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, елді есеңгіретіп жіберді.

– Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес біз жедел штаб құрдық. Оған барлық тиісті органдардың  өкілдері енді. ҚР Қорғаныс және Төтен­ше жағдай министрі, Ішкі істер  министрі­нің орынбасарымен бірге тәулік бойы оқиға орнында  жұмыс істеп  жатырмыз.  Зардаптарды жою, келген  шығындарды анықтау бойынша  шаралар  атқарылуда. Жары­лыс  болған жерге жақын  орналасқан 3 елді мекен бар. Оның ең  жақыны –  1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылы. Қалған екеуі  5 шақырым қашықтықта. Осы елді мекенд­егі азаматтардың барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектеп, 5 колледждің жатақ­ханаларына орналастырылды. Болған жағдайларды қалпына келтіру үшін 1000-нан астам адам, 120-ға жуық техника тартылды, – деді Жамбыл облысының әкімі  Бердібек  Сапарбаев.

Қазақстан президенті Қас­ым-Жомарт Тоқаев әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан қызмет­керлерге түрлі дәрежеде мара­пат  табыстады. Бұл туралы Akorda.kz     сайтында  жарияланған қаулыдан  толық  білуге  болады.

– Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол: бұл бір қоймадағы жарылыс емес, бұл – жүйелік жарылыс! Қоймадағы оқ-дәрі ғана емес, бізде саяси жүйе толығымен тозған, іріп-шіріген, оны пайдалану мерзімі баяғыда-ақ өтіп кеткен! Ол жүйенің басты белгілері көз алдымызда: саяси жүйе­нің ауыспауы, содан туындайтын жауап­сыздық, жемқорлық, жағымпаздық! Міне, кеше ғана Жамбыл облы­сында қаза тапқан азаматтар тозған жүйен­ің осы сұмдық салдарының құрба­ны болды, – дейді саясаткер Әміржан  Қосанов «Nege.kz» сайтына  жариялаған  мақаласында.

Байзақ ауданының тұрғындарына көмек ретінде жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, демеушілер де тар­тылатын  болады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскен­баевпен бірге қалпына келтіру жұмыс­тарының барысымен танысып, Қайнар ауылының тұрғын­дарымен  кездесті.

«Сарапшы мамандар әр үйді тексеріп, қорытынды жасады. Үйлеріңіз толықтай қалпына келтіріліп, екі ай ішінде қоныстанатын боласыздар. Біз сіздермен біргеміз. Ешкімді көмексіз қалдырмаймыз», – деді өңір басшысы.

ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары  Айдар    Әлі­баев   «Malim.kz» сайтына берген сұхбатында «Жағдайды жарылысқа жеткізген министр, оның орынбасарлары мен тиісті департамент басшыларының жауапкершілігі айқындалуы керек» дейді. Ол Арыс оқиғасының екі жылдан кейін Жамбыл облысында қайталану себебін мемлекеттік аппараттағы кәсіби деңгейдің төмендігі, біліксіздік пен жемқорлықпен байлан­ыстырады.

– Отыз жыл бойы мемлекеттік аппараттың барлық саласында кері кетушілік байқалды. Мемлекеттік аппараттың басқару тиімділігі жылдан-жылға төмендеп барады, біліксіздік, барлық саланы жемқорлық жайлап бітті. Сайлау нәтижесін бұрмалаудың арты биліктің ат төбеліндей топтың қолында шоғырлануына әкеп соқтырды. Ал нәтижесінде бұл адамдардың қолынан түк келмейтін болып  шықты.

Арыстан кейін біреулер сотталды дегеннің шет-жағасын естідік. Алайда билік пен сотқа сенім жоқ, сондықтан әлсіз немесе кінә арта салған адамдарды соттап, нағыз кінәлілер құтылып кетуі мүмкін. Екі-үш жылдан кейін тағы жарылыс болса, жұрт таңғалмайды. Өйткені жаппай кәсіпсіздік, біліксіздік жайлаған, – дейді  ол.

29 тамыз – Қазақстанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әс­кери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан­дарды аза тұту күні болып жариял­анды.

– Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқ­тырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады, – деп жазды Қасым-Жома­рт Кемелұлы өзінің «twitter»  парақшасында.

Қазақстанда тәуелсіздік алғалы осымен оныншы рет аза тұту күні болды. Ең алғашқы аза тұту күні  2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылғаннан кейін жария­ланды. Ал ең соңғысы 2020 жылдың 13 шілдесі мемлекет басшысының өкімімен Қазақстанда коронавирус індетінен қайтыс болғандарды ұлттық аза  тұту  күні  болып  бекітілді.

Қазағым тұтып жатыр қазаға аза,

Жанымыз жараланды жаза-жаза.

Елден де ұят болды аңыраған,

Жерден де ұят болды қаза-қаза…

Бұл өлеңнің авторы – айтыскер ақын Бекмұрат Анарбаев. Нысанаға көп атқан емес, дөп атқан тиеді ғой, сондықтан ақынның айтқанына алып-қосарымыз жоқ.

Жарылысқа байланысты  Қазақ­стан Республикасының Қорғаныс ми­нис­трі Нұрлан Ермекбаев қызметінен өз еркімен босатылды. Оның орны­на министрдің бірінші орынбасары болған Мұрат Бектанов келді. Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, жаңадан тағайындал­ған  министрді  таныс­тырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскер әлемдегі және аймақтағы күрделі жағ­дайда кез келген сыртқы қауіп-қатерге тойтарыс беруге, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы керек екенін айтты. Жиын барысында отставкаға кеткен бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, президенттен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден  кешірім  сұрады.

Әлеуметтік желілерде «Араға жыл салып аза тұту күнін жариялай бере­тін болсақ, Қазақстанда шынымен бейбіт өмір сүріп жатырмыз ба?!» деген сауал қойылуда. «Министрдің «отставк­аға» кетуі – жауапкершіліктен қашуы» деген­дер, тіпті «жазаға тартылуы керек»  деп  жатқандар  бар.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: