Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанболат Мамайдың кітап шығаруына да тыйым салды

27.09.2023, 11:30 283

HALYQLINE.KZ

Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Елена Кван «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, оппозиция белсендісі Жанболат Мамайдың кітап шығаруына тыйым салды. Сот 25 қыркүйекте Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу жөніндегі үкімді нақтылау туралы өтінішін қараған.

Бұл туралы Жанболат Мамайдыңжары, қоғам белсендісі Инга Иманбай Facebook парақшасына жариялады.

– Кеше Бостандық аудандық соты Жанболат Мамайдың «қоғамдық саяси және публицистикалық қызметке тыйым салу бойынша» түсіндірме беруді сұрайтын өтініш хаты негізінде отырыс өткізді. Жанболат мынадай сұрақтарды қойды: оған жабық ғимаратта тренинг өткізуге рұқсат етіле ме; оқыған кітаптары бойынша онлайн эфирлер жүргізе ала ма; елдің қатардағы азаматы ретінде ақпарат құралдарына сұхбат бере ала ма; құқық қорғау қызметімен айналысып, соттарға мониторинг жасап, түрлі жиындарға қатыса ала ма; әлеуметтік желіге саяси емес тақырыптармен шығып, эфир жүргізе ала ма; кітап жазып, оны шығарып, көпшілікке таныстыра ала ма.

Сот Елена Кван барлық сұрақтарды қарастырған соң оған нақты жауап берді: жоғарыда аталған іс әрекеттерді жүргізуге Жанболатқа тыйым салынған. Жанболаттың «кітап жазуға және оны шығаруға неге тыйым саласыз?» деген сұрағына сот «мұны да қоғамдық саяси іс әрекет деп санаймын» деді. Сот отырысының соңында ол Жанболатқа жазасын тәртіп бұзушылықсыз өтеуге, олай болмаған жағдайда түрмеге қамалатынын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, Жанболат Мамайға қоғамдық кеңістікте қандай да іспен шұғылдануға толық тыйым салынды. 2029 жылға дейін, – деп жазды Инга Иманбай.

Саяси белсенді Жанболат Мамай 2022 жылдың ақпан айында қамауға алынған. Былтыр қараша айына дейін тергеу абақтысында отырды. Кейін үйқамаққа шығарылған.

Биыл сәуірде Мамай Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «билік өкілін қорлады», «жалған ақпарат таратты» деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. 29 маусымда үкім күшіне енген. Белсенді сот үкіміне келіспейтінін мәлімдеген.

Жақында Жанболат Мамайдың адвокаты Конституциялық сотқа шағымданған. Шағымда сот процесі кезінде белсендінің қорғану құқығы бұзылғаны жазылған.

Еске сала кетейік, Жанболат Мамай 2019 жылы Қазақстандағы ашаршылық туралы «Зұлмат» деректі филімін жарыққа шығарған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: