Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шешім біреу, атқару парағы неге екеу?

17.06.2021, 13:00 442

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының назарына

Бұдан аттай он төрт жыл бұрын жеке кәсібімді дөңгелетсем деген ниет­пен кепілге қойған мүлкін бағалатып «Центр кредит банк» акционер­лік  қоғамымен  жасалынған өзара шарт негізінде бақандай 8 000 000 теңге көлеміндегі несиені санап алған Қызылорда қаласының тұр­ғыны Т.Ермағамбетов күндердің күнінде осы әрекетінен опық жеп, түбі сол  қарыз ақшаның өзіне сор болып  жабысатынын  ойламаған  еді. 

Рас, алғашқы екі жарым жыл бойы­на  тапқан ақшасының белгілі бір мөлшерін ай сайын банктің қоржынына құйып, жауапкершілі­гіндегі несиенің 2 973 115 теңге­сін  жауып та тастаған. Егер табан асты­нан науқастанып, банкпен арадағы түзілген кестеге сәйкес белгіленген несиесін төлей алмай қапыда қалмағанында қомақты қарыздың едәуір бөлігін әлдеқашан еңсеріп те тас­тар ма қайтер еді, амал нешік, оған тосын­нан жабысқан кесел мұрша бермеді. Алайда банк шіркін «е, бұл да ет пен теріден жаратылған пенде ғой, сырқаттанып қалған шығар» деп обал-сауабына қарап, жылы қабақ танытпады.

Т.Ермағамбетовтен 9 558 131 теңге қарызын өндіріп алу жөнінде сотқа жүгінеді. Қалалық сот не десін, Т.Ермағамбетовтің банктен алған несиесін қайтармағанын растап, жеке кәсіпкердің қарызын өсімдерімен есептеп, 9 558 131 теңге несие қарызын 287 451 мемлекеттік алымымен бірге «Центр кредит» банкінің пайдасына Есенов көшесіндегі нөмірсіз 0,2194 гектар жер телімі мен 947,20 шаршы метрлік ғимараттан өндіріп алу жөнінде шешім  шығарады.

Т.Ермағамбетовтың бұдан кейін қалалық соттың шешімімен келіс­пей, әділдік іздеп Қызылорда облыс­тық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасын жағалағанынан да түк шықпаған.

Қазылар қауымының қайтаратын жауабы  да  тақ-тұқ қысқа  еді.

«Қарызыңды қайтара алмағаның рас па, рас, енді жұртқа айтар қандай өкпең бар?». Сол себептен де қалалық соттан біртабан жоғары тұратын облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының қазылар қауымы да шешімді бірауыздан заңды деп тауып  күшінде  қалдырған.

Қазір заңды күшіне енген бұл ше­шімдер қайда барса да кәсіпкердің алдын орағытып, қия  бастырмайды.

Егер кәсіпкердің банктен алған несиесін дер кезінде қайтармағанын ескерсек, соған қатыс­ты шығарылған сот шешімі­нен шикілік табу қиын, бас жарып, көз шығаратындай  заң­бұзушылық жоқ, бәрі дұрыс, бәрі жөн.

Тек осы істі қараған қазылар қауымының бұрынғы және қазіргі қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі соттың әрбір шешімі бойынша бір ғана атқару құжатының берілетіндігі жөніндегі талапты аттап өткендігі  ғана  ойландырады.

Судьяға адасқанда жол сілтеп отыратын бағдаршам іспеттес Азаматтық іс жүргізу кодексі бұрынғы редакциясының 236-бабы 5-бөлігінде де соттың шығарған шешімі негізінде бір ғана атқару құжатының толтырылатындығы анық көрсетілген.

Тіпті бүгінгі қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 240-бабының 5-бөлігі де «Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр ғана атқару құжаты берiледi» деп тұжырымдайды.

Сонда судья неге ҚР Президентінің Жарлығымен қабылдан­ған заңға бағынбаған, әлде атал­ған заң қажеті болмағаны ма?

Қалай десек те тасқа басылған Елбасының заңындағы бұл талаптың орындалуы барша судьяға міндет емес пе?

Алайда Қызылорда қалалық соты 2010 жылдың 25 маусым күні шығарған шешімінде Азаматтық іс жүргізу кодексінің 236-бабы 5-бөлігінің талабына сәйкес бір ғана атқару құжа­ты толтырылады деген талабын көпе-көрінеу бұзып, 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге көлеміндегі мемлекеттік алымды банктің пайдасына зейнеткер Т.Ермағамбетовтен өндіріп алу жөніндегі атқару парағын Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімінің қарар бөлігіне қарама-қайшы және бұрмалап жалған толтырып, «Центр кредит банк» акцио­нерлік қоғамына жолдайды.

Сорақысы, Қызылорда қала­лық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімі заңды күшіне еніп кеткеннен кейін екі жарым жылдан соң тағы сол бая­ғы Қызыл­орда қалалық соты 2012 жылдың 3 қыркүйегі күні 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге көлеміндегі мемлекеттік алымды кепіл мүлік Есенов көшесіндегі нөмірсіз 0,2194 гектар жер учаскесі мен 947,20 шаршы метрлік ғимараттан өндіріп алу жөнінде екінші атқару құжатын қайта толтырып, банкке қайтара тапсырады.

Сонда Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге көлеміндегі мемлекеттік алымды аталған кепілге қойыл­ған мүліктен өндіру жөніндегі атқару парағы неге арадан 2 жыл 5 ай өткеннен кейін жолданған?

Қалалық соттың төрағасы мен кеңсе басқарушысы қайда қараған?

Тіпті Т.Ермағанбетовтың бірнеше арыз бойынша осы заңсыз­дықтан хабары бар Қызылорда облыстық соты мен ҚР Жоғарғы соты  қайда  қарап  отыр?

Әлде соттар онсызда қарызын төлеймін деп титықтаған Т.Ермағамбетовтың сілесін мүлде қатырғысы келді ме екен? 

Сонда 2010 жылдың 25 маусымында қолданыста болған және орындалуы міндетті Азаматтық іс жүргізу кодексі көне редак­циясының 236-бабы 5-бөлігінің талаптары  қайда  қалған?

Зейнеткер Т.Ермағамбетовтың өзі де бірнеше рет Жоғары сот пен Қызылорда облыстық сотына және Қызылорда қалалық сотына жолдаған шағым­дарында 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге көлеміндегі мемлекет­тік алымды «Центр кредит» банкінің пайдасына өндіріп алу жөніндегі атқару парағының Азаматтық іс жүргізу кодексі көне редакциясының 236-бабы 5-бөлігінің талаптарына қарама-қайшы толтырылғандығын көрсетіп бергенімен, өкінішке қарай күні бүгінге дейін оған мән беретін иман жүзді соттарда адам  табылмай  тұр.

Сонымен, Қызылорда қала­лық сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы заң талабын бұзып, 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге мемлекеттік алымды жеке кәсіпкер зейнеткер Т.Ермағамбетовтен өндіріп алу жөніндегі және Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімінің қарар бөлігін бұрма­лап жалған толтырылған 1 атқару құжаты кәсіпкердің Ата заңымызбен бекітілген құқы мен бостандығын 11 жыл аяққа таптап  келеді.

Жеке кәсіпкерді қолдаңдар деген ҚР Президентінің күн тәртібінен түсірмей қайта-қайта ҚР Бас прокуроры мен ҚР Жоғарғы Сот төрағасын жеке қабыл­дап айтып, заң органдарына міндеттеп жатқан талабы қайда қалған?

Сот шешіміне сәйкес кәсіпкерден банктің пайдасына қара­жат өндіріп жүрген жеке сот орындаушысы Т.Қызылбаевтың бұл мәселе жөніндегі көзқарасы мүлде  басқа.

Оның 2021 жылғы 5 мамыр­дағы қайтарған жауабының мазмұнына көз жүгіртсек, ол 2010 жылдың 25 маусымынан бастап күшіне еніп кеткен ат­қару парағының заңдылығына құқықтық тұрғыдан баға бере алмай­ды  екен.

Былайша айтқанда, жеке сот орындаушысы – қолында «құзыреті» жоқ, жай ғана барып кел, шауып  келдің  адамы.

Жә, заңсыз толтырылған атқару парағына жеке сот орындаушысы Т.Қызылбаевтың қылаудай да кінәсі жоқ екен, сонда жазықты кім?

Көңіл кезген сауалдың жауа­бын індетіп іздеп көрсең, алдыңнан 2010 жылдың 25 маусымы күні атқару парағын толтыру кезінде Азаматтық іс жүргізу кодексі ескі редакциясының 236-бабы 5-бөлігі талаптарының дәл сол уақытта қолданыста болғанын біле тұра оны басшылыққа алмаған Қызылорда облыстық сотының судьясы К.Қаниеваның сұлбасы шыға келеді. 

Қазының Т.Ермағамбетов­тің шағымдарындағы уәждер­мен жан-жақты таныспай тұрып, заң талаптары бұзылып жолданған аталған атқару парағын қайтарып  алудың орнына оның жауап­кершілігін қолында құзыреті жоқ жеке сот орын­даушысына қарай ысырып тас­тап жазған хатының соңына облыстық сот төрағасының  қолын қойдыртып, жеке  кәсіпкерді  әуре-сарсаңға салып  қойғанына  таңғаласың.

Сонымен қазының тара­пы­нан кеткен бір ғана заңбұзу­шылықтың салдарынан жеке кәсіпкер Т.Ермағамбетовтен 2010 жылғы 25 маусымдағы Қызыл­орда қалалық сотының 9 558 131 теңге мен 287 451 теңге мемлекеттік алымды банктің пайдасына өндіріп алу жөніндегі шешіміне сәйкес, Азаматтық іс жүргізу кодексі 236-бабы 5-бөлігінің талабына сай толтырылмаған заңсыз атқару парағын кері қайтарып алатындай құзырет Қызылорда мен ҚР Жоғарғы соттарынан мүлдем табылмай отыр.  

Қызылорда мен ҚР Жоғарғы соттары, Азаматтық іс жүргізу кодексі ескі редакциясының 236-бабы 5-бөлігінің талабын орындату құзыреті болмаса, бұл баптың талабын орындату құзыреті кімде болады екен?

Қызылорда облыстық соты­ның судьясы К.Қаниеваның Қы­зылорда облыстық сотының төрағасына қол қойдыртып алған жоғарыдағы хатынан ке­йін, жеке кәсіпкер Т.Ермағамбетовтің жергілікті заң орындарына деген сенімі біржолата сөніп, ендігі үміті тек қана Жоғарғы Сот пен Қазақстан Республикасының Бас прокурорында ғана қалып  отыр.

Тек ол жақтағы төрелердің Қызылорданың ұлықтары тәрізді бір-біріне сілтеп, адам тағдырын қақпақыл ойнатпасына кім кепіл?

Ал, әзірге бір сот шешіміне байланысты толтырылған екі атқару парағы екі бағытта өз үстемдігін жүргізіп келеді.  

Елеусіз  МҰРАТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: