Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАСҚЫР ТҮСТІ ҚАҚПАНҒА… деректі детективті әңгіме

21.09.2023, 10:00 690

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы

Деректі әңгіме кейіпкері –Ішкі істер саласында  30 жылдан астам еңбек еткен полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов. Ол Қызылорда қалалық ІІБ МАИ бөлімінің бастығы, Қызылорда ОІІБ МАИ басқармасы бастығының орынбасары, Криминалды полиция басқармасының ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы,  ОІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығы, Қызылорда қалалық ІІБ бастығы, ОІІД бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Жалағаш  ауданының «Құрметті азаматы».

Әмірбек Бердібекұлы  биыл  60  жасқа  толып  отыр.

Полицияның екі подполковнигі бір-біріне қара­ма-қарсы қарап отыр. Бірі – төрде, екіншісі – төменде.

– Үстіңнен арыз түсіп тұр, – деді төрдегісі етекте отырғанға сынай қарап.

– Не депті арызда!? – Есік жақ бетте отырған подполковник айылын жимай, тергеушіге сұраулы кескінмен қарады.

Төрде, терезе бетте жайғасқаны – Өзіндік қауіп­сіздік басқармасының аса маңызды істер бо­йынша аға тергеушісі Қуан Миралиев. Оған қарсы қарап отырған криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі Әмір Шаймағамбетов.

Екеуі де подполковник. Шендері бірдей. Алайда Қуан қызмет істейтін басқарма облыстағы поли­ция қызметкерлерінің тәртібін қадағалайды. Құзы­реті зор. Cынай қарап, салмақ салып отырғаны содан.

Әмір арыздың жай-жапсарын айтпай-ақ жобалап отыр. Осылай болатынын анада-ақ білген. Қылмыскерді аудандық полиция бөліміне байлап-матап апарғанда прокурорға сол сәтте-ақ түсі­нік  жазып  берген.

– Өздерің ұстаған қылмыскердің арызы. Қыз­мет бабын асыра пайдаланды дейді. Ескертпей, бірден  атты  дейді. Солай  ма?

– Жоқ, олай емес! Екі рет ескерттім. Аспанға атқаныма  жігіттер  куә.

– Ол  дәлелге  жатпайды.

– Төрт оқ шығардым. Екеуі ескерту. Екеуі қылмыскердің  аяғына  тиген.

– Аяғын жаралаған алғашқы екі оғың болуы мүмкін. Соңғы екеуі тимей далаға кеткен шығар, қайдан білеміз? Ондай да болады. Егер тисе, тіл тартпай  кетер  еді. Бұған  не  дейсің?

– Мен офицермін! Өтірік айтуға қақым жоқ. Адал  болуға  ант  бергенмін!

– Бәрібір жақсы емес, – деп сөзін сабақтады тергеуші. – Түсінік жазасың. Дәлелің иланымды болу  керек.  Әйтпесе…

Әмір қобалжуын баса алмай, көңілі алаң боп аптаны әрең өткізді. Бұл өмірде жазықсыз күйіп кетудің не екенін сезінгені осы жолы. Ақыры күткен сәт те жетті-ау! Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Әмірді ақтап шешім шығарды. Онда «Криминалды полиция басқармасының аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінің аға жедел уәкілі, подполковник Әмір Шаймағамбетовтың аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде табельдік қаруды пайдалануы заңды деп  табылсын»  деп  жазылған.

– Іс бұнымен біткен екен деп ойлама, – деді Қуан Миралиев тілектестік білдіріп. – Сотта жауап беруге тура келеді. Сөзіңе нық бол.

Шешімді қолына алған Әмір басын еріксіз шайқай берді. «Заң солқылдақ… – деді күйініп, – жігіттердің қолында қаруы бола тұра, қылмыскерді қашырып  алатыны  содан  ғой!».

Оқиға былай болған еді.

***

Адамды адамның өлтіріп кетуі сияқты суық хабар полиция қызметкерлерін сірә да тыныш жатқызған емес. Қылмыскер қашан қолға түскенше олар еш тыным таппайды. Ал қылмыс дегенің адам  адам  болғалы  бір  тыйылып  көріп пе?

Міне, тағы да адам өлімі. Азаптап, кескілеп өлтірген дейді. Облыстық департаменттің төрт бірдей офицерінің асығыс Қазалыға аттану себебі сол. Оған бола қабақ шыту жоқ бұларда. Көздерін ашқалы көріп келе жатқан кәдуілгі жұмыстары ғой.

Рөлде Ислам Датаев. Полиция майоры. Қатарындағы полиция капитаны Ержан Кубеев. Артқы отырғышта Ораз Дәуленов пен Әмір Шаймағамбетов. Полиция подполковниктері. Ораз криминалды полиция басқармасына қарайтын 2-бөлім бастығының орынбасары. Осы топтың жетекшісі. Әмір  болса аға  жедел  уәкіл.

Екінші бөлім қызметкерлерінің жайбарақат жүрген күні жоқ. Олар қашан көрсең, әйтеуір қапы­лыста, қылмыс соңында. Дидар Жұмалиев, Жақсылық Сұлтанбеков, Нұрлан Алдамжаров, Ғалым Ахметов сияқты тәжірибелі жедел уәкілдер де түн қатып, түс қашып, қылмыс соңында жүр. Бірі Тараз жаққа, енді біреуі Ақтөбеге суыт аттанып кеткен. Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғалымжан Ахметовтің өзі де үнемі қайда ауыр қылмыс болса, сол жаққа салып ұрып кетіп бара жатқаны. Облыс­тық криминалды полиция басқармасының басты­ғы, полиция полковнигі Талғат Стықбаев пен оның орынбасары, полиция полковнигі Андрей Чжен екеуіне де тыным таптырмайды. Мынау да сондай  көп  шабыстың  бірі.

Машина Қызылордадан шыққан соң, жылдамдығын күрт арттырып, бас даңғылмен зымырап ала жөнелді. Даңғыл бойындағы жыңғыл тоғай қарама-қарсы бағытқа үдеріп көшіп бара жатқандай. Тамыздың күні арқан бойы көтеріліп, сәске түспей ыситын сыңайы бар. Тереңөзектің күріш егетін ауылдары бірінен соң бірі артта қала бастады. Жалағаш жақтан Аққырға қарай созылған кіші трасса қиылысында, бас даңғылдағы көліктердің өтіп кетуін  күтіп, бірер жүк машинасы іркіліп қалыпты. Егер кіші трассамен солға бұрылар болса, Аққырға дейін елу-ақ шақырым. Аққыр Қызылқұмға тұмсығын  тығып, бұйығып  жатқан  шағын  ауыл.

Әмір балалық шағы өткен Аққыр туралы ойлап кетті. Ауыл есіне түссе, ойына тыныш өмір, жайбарақат адамдар оралатыны бар. Қаладағыдай қарбалас жоқ ауылда. Содан ба, ауыл десе ет жүрегі елжірей бастайды. Ауылдан жырақтап кеткеніне де жиырма бес жыл болыпты. Сегізді бітірісімен Шымкент асты. Содан былай қарай өзі де есейген тәрізді. Оған дейінгісі қамсыз балалық шақ екен. Ауылды ойласа, кеудесін кернеген сағынышқа ие бола  алмайды.

Балалық шақтың қызығы еш таусылмайтын еді-ау! Әсіресе жазда. Бауырсақ пен айранға тыңқия тойған қарадомалақ балалардың күні бойғы тірлігі – ойын. Құдайға шүкір, ауылда бала көп. Әр үйден ұзынды-қысқалы боп, ербиіп-ербиіп үшеуден-төртеуден шығады. Шетінен жалаңаяқ, шетінен жалаңбас. Жазда жалаңаяқ жүру ауыл баласының дағдысы. Зәуіде аяқкиім киген бала көрсе, Айдан түскен адамға тап болғандай тұра қап, таңырқай қарасар  еді.

Қара жолдың май топырағын жалаңаяқ кешіп, бір топ қарасирақ бала «Қанқожа» жаққа шұбап бара жатады. «Қанқожа» – ескі қыстау. Жазда мұнда тірі жан болмайды. Бос жатады. Есік-терезеден жұрдай үш-төрт үй, аңғал-саңғал қора-қопсы. Соғыс ойнауға таптырмас жер. Өзінен екі-үш жас үлкен Алданыш, Әулие Серік, Нұрымдар әлімжеттік жасап, сәбеттің әскері боп алады. Бұлар, Тұрақ бар, өзі бар және тағы басқа ұсақ балалар – неміс­тер. Кинода көрген салт бойынша, сәбет әскері немісті тарс еткізіп атып тастайды. Неміс боп ойна­ған бұлар сол кезде кілт тұра қалып, май топы­раққа сілейіп құлап түсуі тиіс. Неміс болған соң, амал жоқ, оққа ұшуға тиіссің. Әйтпесе оңайлықпен алдырмайтынның бірі өзі еді. Соғыс киноларда соңына дейін өлмейтін батыр болады ғой, соған ұқсау – бала біткеннің арманы. Ойын басталмай жатып  шейіт  кету – орны  толмас  өкініш.

Айтпақшы, бір күні әлгі жасы үлкендер соғыс­тан жалығып, Шапай ойнаймыз дегенді шығарсын. Шапай дегені атын ойнақшытып, қылышын жалаңдатып әскер бастайтын кәдімгі Чапаев. Жүрек жұтқан батыр. Кинода солай. «Шапай болу үшін есекке міну керек» дейді Алданыш ойынның шартын жариялап. Ұсақ балаларда үн жоқ. Өйткені Қанқожадағы иесіз бос жүрген арам есектер жабайы боп кеткен, шетінен асау. Тарпаң. Бастарына көптен жүген, ноқта тимеген. Маңына адам жолатпайды, кілең пері. Құйын. Бұл өзі Шапай болғысы-ақ келеді-ау, бірақ… әкесі айтушы еді, есек деген тексіз айуан, жығып кетсе ат сияқты емес, таптап өтеді, тұяғы жаман деп. Содан жүрексінеді. 

Осы ойын оқып қойғандай Нұрым бұған қайы­рылып:

– Әмір, сен Шапайсың! Сен батырсың! Басқаларыңды қоя ғой. Мін анау есекке! – дейді намысын  қайрап.

Бұл сонда «Әмір батыр» дегенге иланып, намыс­қа тырысқан. Балалар жан-жақтан қаумалап, жабылып жүріп ұстап әкелген асау көк есектің арқасына ырғып мінгенін біледі. Сол-ақ екен, арам қатқыр айуан бас салып мөңкіп-тулап, құтырып бір берсін. Арқасына кенеше қадалған пәлекетті жығып кетпек боп долдана ышқынды дейсің. Бұл сонда намысқа тырысты. Есектің қыр арқасы құйрығы­на батып бара жатса да, тақымын тастай қып қысып дүлейдің үстінен түспей қойды. Енді бір сәт көк есек шапшып көкке атылып, қораны айналып  текіректеп  безе  жөнелді. Безіп  бара  жатып бөксесін о жағына бір лақтырып, бұ жағына бір  лақтырып, бұлтаққа  салып  байқайды. Нәлеттің  шабысы-ақ жаман. Қысқа жалынан жандәрмен тас қып қармап, жамбас жаққа жылжып кетпеуді ойлайды. Иықта отыруға тырысып бағады. Есек шіркін жамбасына жармасқанды оп-оңай түсіріп тастар еді. Иық та оңып тұрған жоқ. Қауіпті. Артқы екі аяқты аспанға сермеп мөңкіген сәтте, мойнын шалт төмен салып жіберсе, қопаңдап бос отырған адамның тұп-тура тұяқтың астына түсіп қалуы әп-сәтте. Сондай әдісқой есектер де болады. Иықта қауіпсіз отырудың жалғыз айласы – екі аяқтың басын есектің екі қолтығына тығу. Бірақ қарасирақ балалардың  қысқа  аяғы  қолтыққа  жете  ме?

Бұл жабайы тарпаңның арқасынан аударылып түспеудің амалын істеп, арпалысып жүрсе, бала біткен күлкіге қарқ боп, топырлай жүгірісіп, қыр соңынан қалмайды. Бұндай тегін қызықты олар көптен  көрмеген.

Көк есек бір кезде мөңкіп-тоңқуын қоя салып, қосаяқтап қарғып шаба жөнелсін. Қораның аласа қақпасын көздеп, бауырын барынша жазып салып ұрып келеді. Үстіне жарбия қонған жүгірмектен ішке сүңгіп қана құтылмақ сияқты. Ойланып та үлгермеді, әлдене тасыр-тұсыр еткенін біледі, одан арғысы есінде емес. Сығырайтып көзін ашса, боса­ғада шалқадан түсіп жайрап жатыр. Көгілдір аспан айналып, төңкеріліп  барады. Сол қолы қақсап ауырып, шыдатар емес. Маңайы тым-тырыс. Қасында біреу бар сияқтанған. Тұрақ екен. Қалғандары ізім-қайым. Жаңа ғана жырқ-жырқ күліп, қаумалап жүгіріп жүрмеп пе еді, енді зым-зия жоғалыпты. «Қолым… қолым» деп ауырсынып, ыңырси берді. Жылайын  десе, намыс  шіркін  жібермейді.

– Сынықшыға… Зайыр атаға барайық, – дейді Тұрақ, – қолың  сынған  сияқты… ісіп  кеткен.

Орнынан әрең тұрды. Бірер аттап алға басып еді, басы айналып құлап қалатындай, теңселе берді.

– Кел, – деді сонда Тұрақ бетегеден биік, жусан­нан аласа  бола  қалып, – мін арқама.

Тұрақ бұны арқалап жолдың жартысына апарды-ау сонда. Ырс-ырс етеді, тілі салақтап кеткен. Қалған жолды досына сүйеніп өзі жүруге тура келді…

Сол Тұрақ, егер басына қиындық іс түссе, әлі күнге арқалауға әзір. Шын дос деп әне, соны айт! Намыс ше? Намыс шіркін бұны әлі күнге алға сүйреу­ден танбайды. Сүйрей де берер. Қатардан қалдырмай  келе  жатқан  сол  намыс…

***

Машина «Үшінші Интернационал» ауылын артқа тастапты, сонадайдан көзге үйірілген  үйлер  – Жосалы  кенті.

Бақытты балалық шаққа ойша саяхаттаудың әсерінен айыға алмай, жымиып күліп отыр екен.

– Не болды, күлдің ғой, – деді Ораз.

– Бір оқиға есіме түсіп…

– Біздің оқиғалар адам күлетін оқиға ма?

– Бала кездегі бастан кешкендер ғой…

– Өлген  адам  кемпір  дей ме? – деп осы кез Ислам  сөзге  араласты.

– Бір кемпірдің өліміне төрт адам бара жатырмыз, ә! – деп  қалды  капитан.

– О кемпір жай кемпір емес, жөйт екен, – деп Ораз істің мәнісін түсіндіре бастады. – Қазалыда туып-өскен, қызмет істеген. Халыққа танымал. Зубаида Зубань аты-жөні. Соның жалғыз ұлы Москва­да оқыпты, со жақтан Израиль асқан. Пас­пыртын алған. Шешесіне де әперген паспыртты. Енді мұндағы үйін сатып, әне кетем, міне кетем деп отырған ғой кемпір. Сол екі ортада біреу барған да, сарт еткізіп өлтірген де тастаған. Енді Израильдың елшілігі араласып тұр. Халықаралық жағдай. Мәселені  ушықтырмай  тез  басу  керек.

– Белгілі ғой. Үй сатқан ақша көкейін тескен. Күдікті Гора Талғат деген біреу дейді. Кемпір оған үйінің жұмысын істетеді екен, тиын-тебен беріп, – деп қосты Әмір.

– Бәсе, енді ұқтым, – деді Ислам мәселенің мәнісіне енді жеткенін білдіріп, – әйтпесе Тастайбек  ағайлар  өздері-ақ  тастай  қылатын  іс  емес пе?

Машинадағы төртеу осылай бір дабырласып алып, тағы да өз ойларымен болып кетті. Исламның Тастайбек деп отырғаны – Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Тастайбек Мұсабаев. Жасы үлкен, тәжірибелі қызметкер.

Жосалыдан өте бере, оң жақ даңғыл бойында кафе  көзге  шалынды.

– Осы арадан әбет ішіп алайық, – деді Ораз.

Ислам сөзге келмей машинаны бұрып әкеп, кафе  жанына  тежеді.

Ауылдан аулақ болғандықтан ба, кафе бос. Төрдегі үстелде шошайған үшеу ғана. Алдарында бір-бір саптаяқ сыра. Еріндеріне жапсырып шеккені пелтірсіз темекі. Бұлардың осы маңның жігіттері екені содан-ақ көрініп тұр. Басқа ешкім жоқ. Бұлар алға озбай, бүйір беттегі үстелге жайғасып, асқа тапсырыс берді. Таңертең үйден нәр сызбай шыққасын ба, алдарына келген асқа үнсіз бас қойыс­қан. Сөйтсе де құлақтары төрде отырған үшеуде. Құлақты бейсауат сөзге төсей отыру – кәсіби әдет. Ал анау үшеу болса, қамсыз. Алаңсыз отыр. Гүр-гүр етіседі. Әңгіме ауаны – темір-терсек төңірегі. Сөздеріне қарағанда, жұрттан металл қабылдайтынға ұқсайды. Төрде отырғаны сөз арасын­да Жако деп, біреудің атын айтып қалды. 

– Жако деп жатыр, естідіңдер ме? – деді Ораз еңкейіп, жігіттерге сыбыр етті. Қасын қағып төр жақты  нұсқады.

«Біз де естідік» дегендей бастарын үнсіз изесті бұлар.

– Мен  барайын… – деді  Әмір  сыбыр  етіп. Орны­нан тұрып, төрде отырған үшеуге жақындады.

– Жігіттер, айып етпеңдер, – деді сосын оларға жағалай қарап, – біз Жамбыл жақтан келе жатыр ек. Бұ жақты білмейміз. Жөн сілтеп жіберсеңдер…

– Иә, иә, әрине… – деді төрдегісі. Арасындағы үлкені осы сияқты, қалғандары сұраулы жүзбен мойын бұрысты. Әмір ләппайға зар боп, дайын тұрған даяшы қызға қолын көтеріп:

– Қарындас, бізге бір-бір бокал… төрт бокал сыра, – деді дауыстап. Сосын жігіттерге қайырылды. – Сыра ішіп отырып әңгімелесейік. Бола ма!

– Неге болмасын?!

– Болғанда қандай! – деп қауқылдасып қалды олар.

Даяшы қыз зыр қағып, тапсырысты әп-сәтте орындады. Алдарына көпіршіп салқын сыра келгенін көрген төрдегі жігіт ағасы жадырап сала беріп:

– Оу, танысып қоялық, атыңды айта отыр, бауы­рым? Менің атым Болатбек! – деді.

– Менің  атым  Шерәлі, – деді Әмір.  Шерәлі  деген аттың аузына қалай түсе қалғанына өзі таңғалып, еріксіз езу тартты. Бір жақсысы Болатбек Әмірдің  онысына  мән  бермей:

– Жол болсын! Не шаруамен жүрсіңдер? – деп жалпылдап  жатыр.

– Байқоңыр жақта цветмет көп дегенді естіп едік, – деп  Әмір  бастай  беріп  еді.

– Не  көп  дейсің? – деп Болатбек елең етіп қайта сұрады. 

– Цветмет. Мыс ше, кәдімгі мыс.

– Жез ғой  айтып  тұрғаны, – деп  қосты  қапталда  отырған.

– А-а, бірден солай демейсің  бе, – деді Болатбек  кеңкілдей  күліп. – Қанша  керек?

– Ой, көп керек бізге.

– Көп болғанда қанша?

– Келіңдер, сыра алайық, – деді Әмір сөзді басқа жаққа бұрып. Ішінен қанша деп айтсам екен деген ой тұр. – Пәлен-түген дейтіні жоқ. Барын аламыз.

– Бар бізде! – деп масайрай сөйледі Болатбек. – Көр өзің.

Жанындағы екеу Болатбектің сөзіне рақаттана қарқылдап күліп қойды.

– Онда жақсы болар еді. Дабай, қазір бара­йық. Басқа біреумен келісіп қойма. Ақшасы да­йын. Міне. Бастап беріп қояйын. Алдын ала! – Әмір  портмонеден  көптен бері жұмсалмай жүрген жалғыз  жүз долларын суырып, Болатбектің қолына ұстатты. Сөйтті де  бірге  келген  жігіттерге бұрылып. – Ізде­геніміз алдымыздан шықты. Жолы­мыз  бола­ды  екен! –  деді  жұмбақтап.

Анау  үшеуі  жүз  долларды  жарыққа   тосып  қарап,  қолдан-қолға  өткізіп  жатыр.

Түскі астан соң олар кафеден бірге шықты. Болатбек бұлармен бірге жүретін болды да, екі серігіне «Сендер жаяу жетіңдер» деп тапсырды. Сөйтті де өзі жол сілтей отырып, бір үйдің қақпасына алып келді. Аула тола темір-терсек. Жезі мал қораның ішінде екен. Жуандығы баланың білегіндей кәбілдер. Құлаштап кесіп, баулап, дайындап қойған.

– Байқоңырдың мысы-ау деймін? – деді Әмір таңғалған сыңай танытып.

– Енді ше? – деп мақтана сөйледі Болатбек. – Тап-таза! Космодром ғой!

– Ырасында тазасы екен! – деп Ислам да ұстап көріп  жатыр.

– Болды. Жүр, анда барайық. Ақша машинада. Санап ал. Сосын біз гүрзабай іздеуіміз керек, – деді Ораз. – Айтпақшы, тиеп  бересіңдер  ғой.

– Бір жарты қойсаң, қатырамыз.

– Келістік.

Машинаға көңілденіп мінген Болат­бек алақанын ысқылап қояды. Ораз болса, ақшаның орнына қызмет куәлігін  көлденең  тосты.

– Тырп етпе. Біз криминалды полицияданбыз. Мен подполковник Ораз Дәуленов! Мына жігіт подполковник Әмір Шаймағамбетов! – деді анық әрі суық сөйлеп. Болатбек қай қияметке тап болғанын ұға алмай екі көзі атыз­дай боп, зәресі ұшып, жәрдем тілеп Әмірге жалтақтап қарай берді. Ал оның жүзінде жаңа ғана байқалған мәрттіктен жұрнақ та қалмапты. Сол жақ қолтығы астына таққан тапанша құндағын әдейі ашыңқырап  қойды. Міз бағар емес.

– Шер… Шер… Подполковник бауырым. Мен не қылдым? Жұмыс жоқ. Әйел мүгедек.  Бала-шаға… – дей  беріп  еді.

– РОВД-ға барғасын айтасың, – деп Әмір  тыйып  тастады.

Ислам бұйрық күтпестен машинаны заулатып айдап, аудандық ішкі істер бөлімінің қорасына әкеп бір-ақ тықты.

– Жігіттер, не жазығым бар? – деді оңаша бөлмеге жеткен соң Болатбек дегбірі қашып. Үні жыламсырай шықты.

– Космодромның кабелін қазып алу қылмыс екенін білесің бе? Бұл – тіпті халықаралық қылмыс! – деп, Ораз төндіріп қойды.

– Қазған біз емес. Біз қазбаймыз. Біз қабылдаймыз, – деп  дірдек  қақты  Болат­бек.

– Цветмет қабылдаудың өз ережесі бар! Тәртібі бар. Сен одан да бізге Жако туралы  айт! Қайда ол? – деді Әмір қатула­нып.

– Жако ма? Жако…

– Жаңа кафеде айтып отырған жоқ па едіңдер. Жако деген пәле болды деп.

– Иә, иә пәле… пәле… Азғантай пайдамызды… Бермейін десең…

– Бөке, сен қорықпа, – деді Ораз жібіп. – Айт. Айтсаң, босатамыз. Сенің цветметің бізге керек емес. Бізге Жако керек.

Осыдан кейін ғана Болатбек сабасына түсіп, өз-өзіне келе бастады.

– Екі ай болды… Жако деген пайда болды. Пайдамызға ортақтасып…

– Толық аты-жөні кім?

– Құдай білсін атын. Әйтеуір Жако дейді. Сорайған біреу. Екі метр-ау бойы.

– Сосын, айта бер. Қасында адам бар ма?

– Үш… жоқ, төрт жігіт. Төретам, Қаза­лы… со жақтың темір қабылдайтындарынан алады екен салықты. Осындағы темір-терсек қабылдайтын бір-екі төшкіні… бізді де отырғызды салық­қа.

– Қайда ол қазір?

– Білмеймін қайда екенін.

– Тұра тұр. Сен бізге жатқан үйін көрсет.

– Көрсетейін. Бірақ ол үйде бол­мауы  мүмкін, – деді  Болатбек.

***

Расында бұл сол өздері топшылаған Жако болса, онда ол үш жыл бойы ұстатпай,  сарсаң  қылған әккінің нақ өзі. Қылмысы  бір басын түрмеге тығуға жетіп артылады. Қарақшылықпен үй тона­ған, жасөспірім қыз зорлаған. Бір мәрте емес, әлденеше рет. Қылмысы көп. Адам өлтіргені өз алдына. Соңына аңду түскелі қашан, сонда да жер сипатып, жалтарып кете береді. Із шалдырмайды, көрінбейтін адамдай елеске айналып, жымы білінбей жым-жылас жоқ болады. Аты-жөні – Жайлау Жаңбыров. Әр кезде өзінің бар екенін, тірі екенін осылай бір білдіріп, бой көрсетіп қояды. Көрген-білгендер соның өзі дейді. Бәрінің айтатыны екі метр бойы. Сүйекті, ірі екені. Одан өзге бойы екі метр адам жоқ бұл облыста. Демек анық сол. Басқа кім?

Бірер мәрте қылмыстың ізі суымай тұрып, соңына түскен полицияның да көзіне шалынған. Бірақ не пәле екенін қайдам, ғайып болуы тез. Сұмдық жолы болғыш. Баяғы Фантомас сияқты. Жұрт білетін лақап аты – Жако. Айтпақшы, оның каратэмен шұғылданған өнері бар дейді білетіндер. Көлденең келген адамды сұлатып кете беретіні содан дейді.

Әмірдің ол туралы естігені биыл ғана. Бұрынғы қызметі автоинспекцияда еді, Жако  сияқтыларға онша назар аудармағаны содан. Криминалды полицияға келгені биыл, былайғы жұрт біле бермейтін сұмдық жайттарға енді ғана куә боп жүр.

Жаконың ізіне түсіп індете айналысқан Ораздың еңбегі зор екенін Әмір жақсы біледі. Ол оның нағашы жағын да, өз жұрты жағын да түгел қопарып зерттеген.

Аудандық ішкі істер бөлімінен бұларға бастықтың жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Барысбек Ахметов, қылмысты іздестіру бөлімінің жедел уәкілдері Ердәулет Жәукеев пен Марат Есілов қосылды. Көбірек адам алуды Ораз қостамады. Сыртқа ақпарат  шығып  кетуден  сақтанды.

***

Түн ауып кеткен. Сәлден соң аспан асты бозарып, дүние бозғылт нұрға малынуы тиіс. Жұлдыздар біртіндеп буылдыр тартып, сөнуге айналыпты. Өлімсіреп әрең көрінеді. Түнімен жағы талмай, күшеніп-тышанып шырылдаған шегіртке біткеннің бір мезет үндері өше қалған. Алыстан байғыздың бірер мәрте қақиықтаған жағымсыз дауысы талып жетті де, ол да қалғып кеткендей, дауысы қайтып шықпады. Дүн дүние таңғы тәтті ұйқының құшағында. Ұйқысыз жүрген Ораз бастаған жедел уәкілдер ғана. Олар Жако жатыр деген үйді торуылдап, қора-­қопсыны тасалап жүр. Үстеріне жай киім кигенімен, қойын­дарына салған пистолеттері көңілге медеу.

Жаңа бұлар Жако паналауы мүмкін деген бір үйге басып кірген. Үш жігіт ұсталды. Үшеуі де Жакомен бірге жүргендерін мойындап, ол жатқан үйді көрсетуге мәжбүр болысты. Содан соң, екі жедел уәкіл бұларды күзетіп қалып, қылмыскерді  құрықтауға  бесеуі  аттанған.

Әдетте тамыз айында жұрт есік алдына масахана құрып, тегіс тыста ұйықтай­ды. Сол себепті үйдің сыртқы есігі әрдайым ашық. Бекітпейді. Ал мына үй жақтан масахана көрінбейді. Есігі де қапсырулы. Сірә, күдік расқа айналатын  тәрізді.

Үш офицер терезе тұсты торуылдап кетті де, Ораз бен Барысбек сыбдырсыз басып, есікке беттеді. Бекітулі болса, бұзып кірмек. Есікті бұзу бұларға бұйым емес. Қаладағыдай есікті темірден салмайды  ауылдықтар.

Әмір терезе түбіне жақын келіп, тың тыңдады. Сыбыс жоқ. Тым-тырыс. Перде тұтылған терезе онша үлкен де емес. Қаңқасын жұқа ағаштан қиюластыр­ған үш көзді, қос қабат әйнек. Ұқсатып бір тепсе, қиысқан тұстан күйреп түсері анық. Сондықтан қапталдап тұрған дұрыс. Оң қолды сол жақтан сілтеген ыңғайлы. Осыны ойлап терезенің сол жақ бетіне ойыса беріп еді. Кенет үйдің іші тасыр-тұсыр, тарсыл-гүрсіл оғаш дыбысқа толып кеткені. Ораз бен Барысбектің ішке кіргенін біле қойды. Сол-ақ екен, терезе шақыр-шұқыр күйрей сынып, басын қос қолымен бүркеген біреу бергі бетке жебеше  атылып түсті. Ес жидырмай жолын кескен Әмірді жапыра-мапыра тұра қашты сосын. Пистолетін кезеніп бұл да жалма-жан дедектеп соңынан салды. «Тоқта! – деп ақырды жүгіріп келе жатып. – Тоқта! Атам!». Пистолет  дауысы  тарс-тұрс естіліп, мүлгіген ауыл аспаны жай түскендей тітіреп кетті. Анау болса құйындай ұйытқыған күйі саздан жұмбаздап соққан түйе бойлы қораға жетіп барып, атылып үстіне шықты. Арғы бетке секіріп түссе, бітті. Құтылып кетпек. Жалма-жан аяқтан көздеп, шүріппені басып-басып қалды. Тағы да екі оқ кетті шырылдап. Білмейді, тиді ме, тимеді ме, қараңдаған әлгі адам әрі аударылып бара жатты. Әмір жүгірген қалпы сол қораны айналып жетсе, әлгі адам көше бетте қақ боп жинал­ған шалшықта тізерлеп отыр. Тізер­леп отырғаны­ның  өзі  бұның бойын­дай. Бетпе-бет келді. Тіс­теніп қатып  қалған. «Не істедің сен?» деді ысылдап. Атқан  оғы тигенін түсінді. Сол мезет биік қора­дан асып түскен Ораз қашқынның желкесіне қона кетсін. Жігіттер де жүгіріп-жүгіріп жетті жан-жақтан. Анау арпалысып әл берер емес. Қолын қайырып әкеп, білегіне кісен салғанша жандәрмен  бұлқынып бақты.

***

Бұлар аса қауіпті қылмыскерді құрықтап, аудандық ішкі істер бөліміне жеткізгенде Күн де шақырая көтеріліп қалып еді. Үсті-бастары батпаққа был­ғанған бұларда түрден түр жоқ. Сонда да көңілді. Бір-біріне қарап ақсия күліп қояды.

Құрыққа түскен қарау адам Жако – Жайлаудың дәл өзі екен. Бір оқ балтырдан, екіншісі саннан тиген. Жедел жеткен дәрігерлер оның шалбарын жыртып жіберіп, жаралы аяғын таңып жатыр. Сүйегі  аман  дейді.

Түске  қарай  әккі қылмыскерді қару­лы күзеті бар арнайы машина Қызыл­ордаға  алып  бара  жатты.

***

Подполковник Әмірбек Шайма­ғамбетовтың  басына пәле бола жаздаған 2002 жылғы оқиғаның жай-жап­сары осылай. Іс сотқа жетіп, жауап беруге тура келді. Бірақ заң шеңберінде әділ  шешілді.

Үш жыл бойы ұстатпай жүрген аса қауіпті қылмыскерді құрықтауға қатыс­қан полиция қызметкерлері ке­йін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Арасында қылмыскердің сытылып кетуіне мүмкіндік бермей, тапаншамен оқ атқан Әмір  де  бар.

5.02.2023 жыл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: