Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі парамен ұсталды

14.02.2024, 11:15 253

HALYQLINE.KZ

Бүгін әлеуметтік желілерде Ұлытау облысында жоғары лауазымды басшылардың бірі ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, Сәтпаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкіров мердігерден 10 миллион теңге алған.

Артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкірдің ұсталғанын растады. Бұл туралы ведомствоның Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сәтбаев қаласының әкімі ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ұсталғанын растайды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салайық, Шапағат Әубәкір 2023 жылдың қаңтарында қала әкімі қызметіне тағайындалған.

Ұлытау облысы әкімдігінің мәліметінше, Шапағат Әубәкір Сәтпаев қаласының әкімі қызметіне президент әкімшілігі мен қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалған.

Шапағат Әубәкір 1983 жылы туған. 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Сәтбаев қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. «Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімі» ММ бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі, «Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімінің» басшысы лауазымдарын атқарды. 2021 жылдың қазан айынан бастап, қала басшысы қызметіне тағайындалғанға дейін Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: