Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Z буын, қайда барасың?

11.11.2021, 12:00 438

Z буынның өкілдері өзгенің дақпыртына еліктеп, «өзім білемін» деген желеумен өсіп келеді. Түрлі сленг сөздерді қолданып, имидж қалыптастырамын деп аға буын өкілдерінің көзіне сүйел болуда. Одан қалды бетін әрлеген ұл мен жалаңаш қыздарымыз өріп жүр. Ой, тоба! Сондағы мақсаттары – еркін болу. Олардың бетіне қарап, ә деп те айта алмайсың ғой. Жағың ашылса бітті, кірпідей жиырылып, беттері бүлк етпей «ол – әр адамның жеке ісі» деп қара қазақты күстаналайды. Мүмкін. Тағы зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деп түрлі құқықтарын қорғап шықпасы бар ма? Мұндай еркіндікті берген билікте де сана жоқ, одан да көкіректің қуысында жатқан шындықты  айтуға  рұқсат  берсейші?!

«Оян, қазақ!» деп кезінде Міржақып Дула­тов айтып кеткен еді. Алайда әлі қалың ұйқы­дамыз. Ең ұзақ ұйықтайтын коала жануарының өзі 22 тәулік ұйықтайды ғой. Қазақтың жастықтан басын алмағанына қанша сағат, күн, апта, жыл, тіпті ғасыр да өтті. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп бекерге айтылмаса керек. Бере­кемізді қашырып қайтеміз? Одан да ұлттық менталитетті, идеологиямызды жоғалтып алмайық. Әй, бірақ қайдам… Қазіргі кезде сөздің құны да жоқ. Қит етсе, шетел… батыс­тың көлеңкесі болу қанымызға сіңіп бара жатыр. Қор болған қазағым-ай, өз басымен жүре алмай­тын  халге  түсуіне  не  себеп?

Әлеуметтік желіде әртүрлі жас буынды көзіміз шалып қалады. Әсіресе «Тик Ток» әлеумет­тік желісінде ел қорғар ерлеріміздің әрекеті  жаға  ұстатады. Бәлкім, жалғанды жалпа­ғынан  басып өмір сүргесін не істерін білмей жүрген де  шығар? Түсінуге болады. Ұлан-ғайыр жерімізді ата-бабамыз қанын төгіп, жанын беріп, ұрпағына қалдырды. Ал сол аманатты көкке шашып жүрміз ғой. Аяқ басар жеріміз бар, айтпақшы жеріміз бар дейміз, сол басқан ізіне ақша төлейді деген қауесет шығып жатыр. Елге қызмет ету үшін қымбат қалтафон ұстап, тағынан түспейтін жандар тағы қандай ережелер енгізбекші екен? Ұлт байлығын өзіне сатқаны қай сасқаны? Бірақ бұл солқылдақ саясаттың дұрыс қабылдаған шешімі болуы да ықтимал. Себебі өскелең ұрпақ қасиетті жердің қадірін ұғынудан қалды. Бұрынғылар байлық адамның көкірегінде менмендік туғызады, менмендік есерсоқтыққа апарады деген екен. Расында да, артық байлықтан астамшылыққа, астамшылықтан ақымақтыққа ұрынып жүрген жоқпыз ба? Қазақтың тарихында бір ұяла­тындай сәттер болмаған ғой, шіркін! Есесіне бүгінгі  таңда  әрбір  ата-ана  іштен  шыққан шұбар  жыланның  уынан  жер  болып  жүр.

Міне, соның бір көрінісі іспеттес жын­ойнақ мерекесі. Бұл Ирландия аралын мекен еткен отқа табынушы кельттердің Самайн деп бастау алған мерекесі, қазіргі хэллоуинның біздің елімізге де табан тірегеніне біраз болды. Тіптен мереке деуге де келмейтін бұл күн  біздің  салт-дәстүріміз,  дінімізге қарама-қайшы екендігін азғындықтың буына масыққан жастарымыз әлі күнге дейін ұғына алар емес. Керісінше жыл өткен сайын жарамыз ісініп бара  жатқан  секілді.

Жастық максимализмнің ықпалы болған соң, доғар деген сайын еліктеуді үдете түсудеміз. Сондықтан жастарды өз жайына қал­дырып, жұмсартып атап өткен де дұрыс шығар. Дегенмен өзгенің қоқысын тергенше, өз құндылығымызды жаһандандыру қажет. Онсызда бір топ күлегештерді тәрбиеледік. Енді қоғамға пәле сепкеннің басын сипау қалып еді. Оны қоя берші. Тағы «қоя берші» деумен-ақ күніміз өтуде. Енді билік тек тәбеттерін ойласа, қойма­ғанда не қыламыз? Бейресми ақпараттарға сүйенсек, жастардың арасында атеист болуды шешкендер бар деседі. Олардың көпшілігі ғылымға еліктеп, атақты әлем деңгейіндегі ғұламалардың ұстанған пікіріне бағынып, білімді адамның көрсеткіші деп санайтын тәрізді. Сонда біздің ардақты тұлғалар ақымақ болған ба, қалай ойлайсыздар? Әй, қарағым, жаңсақ пікірден аулақ бол! Керісінше қисайған көлеңкенді түзеп, білімінді дұрыс бағытта қолдануды үйренсейші. Қашан осы қазақтың басы қосылып, рухы мен тілі біріккен күні туар ма, тумас  па  екен?

АҚСҰҢҚАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: