Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұл болсын» деп ырымдап қойған атыңды…

10.01.2022, 10:30 485

Тіршіліктің қалай басталғанын ғалымдар зерттеп, зерделеп, әлде­қайда өз пайымын шығарды. Адам ата мен Хауа анадан басталып, қазіргі күні әлемде 7 миллиардтан астам адам баласы тіршілік етеді. Алланың қалауымен ер және әйел болып, мына өмірге енеді. Бірақ көбі «ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда, шаңыраққа ие болып қалатын» деп, ер баланың дүниеге келуін қалайтыны сөзсіз. Себебі ұл бала – ұрпақ жалғастырушы, ал қыз – қонақ деген стереотип қалыптасқан. Сондықтан қыз бала дүниеге келгенде жақтырмай жарына қарап, «сен кінәлісің» деген сыңайлы қабағы кірбің тартып, кейбір ер-азамат қолын бір-ақ сілтеп, тіпті талақ демей-ақ ажырасуға шешім қабылдап жатқанын көріп жүрміз. Алайда қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің бір өлеңінде: «Қыз туса, қырық жылқы деп қуанған елміз» дегенді естен шығармай, адамгершілігі мол ерлер қыздың құт-берекесі көл-көсір деп Құдай қосқан жарына ризашылығын білдіреді. Міне, әр бала өз несібесі­мен келетінін ұмытпаған жөн. Ал енді осы екі санатқа да жатпайтын ырымшыл, сенімшілдер  бар.

Есім қоюда қазақ халқы нем­құрайды қарамаған. «Атыңа лайық екенсің» деген сөзді жиі естиміз. Өміріне есімінің әсері бар деп те айта­тынымыз бар. Бәлкім, бұл тұжырым да дұрыс шығар. Дегенмен, бұл да жай ғана сенім болуы ықтимал. Өйткені ұлы Абай, Мұхтар, Әлихан есімдерді қойғанда өсе келе бала да бұрынғы ел ағаларының ерлік істерін еске алып, сол кісілердің атына кір келтірмеуге тырысып, өзіне біршама жауапкершілікті жүктейді. Содан кейін, осындай есімді қор қылуға жүрегі дауаламайды ғой. Дегенмен адамның мінезі  әрқилы болатындай, есімнің  де  түр-түрі  бар.

Жоғарыда айтып өткендей, ұл нәсіп етпегесін Ұлболсын, Ұлту, Ұлдана, Ұлбала, Ұлтуар, Ұлтусын, Ұлжалғас есімдері елімізде кең тарал­ған. Бұдан бөлек, осыған ұқсас 300-ге жуық синонимі бар. Сондағы мақсат – ұлды болу. Тіпті, Тоқтагүл, Тоқтажан, Болдыгүл дегендері де бар екен. Бұл – шектен шыққандық. Статистикаға  сүйенсек, елімізде «ұл» деген сөзден басталатын немесе астарында сол мағына жасырылған есім иелерінің саны – 75400. Басым бөлігі – ауыл  тұрғындары.

Иә, Тәңірдің қалауымен әр отба­сында кемінде бір ер бала болғаны жақсы. Дегенмен жаңағы есім иелерінің тағдыры не болмақ? Олар дүниеге келгенде ата-анасы оны қалама­ғанын біле тұра, ләм-мим дей алмай өзін іштей жеп жүретіні белгілі. Бұл ырым қаншалықты дұрыс? Өз қызының тағдырын әкесі мен анасы  ойламаса, қалғанынан не қайыр? Қазіргі адамдардың бойына біткен қасиеттері бір-біріне деген рақымы, ілтипаты, ізеті жоқ, ары жоқ, ұяты жоқ болып бара жатыр. Өзінің қу құлқынынан басқа уайымы жоқ. Тағы да жұрттың бәрін өзде­ріндей  көретіндері  бар.

Іштен шыққан баласы болғасын, қыз болса да бағып-қағып, ешкімнің сөзін естіртпей, бұрынғы есім қоярда жіберген  қателіктің орнын толтыру үшін барын салатын ата-аналар жоқ емес. «Бес саусақ бірдей емес» демек­ші әкесінің «неге ұл емес?» деп анасына қол көтергенін көріп, бой жететін қыздардың да бар екенін айта кеткен жөн. Ендеше, осы есім иелерінің  пікірін  білуді  жөн  көрдік.

«Менің атым – Ұлболсын. Мен атымды айтуға ұяламын. Осы менің атымды  қойған  адамды  өмірімнен артық жек көремін. Өзінің атын солай қойса, көрер  едім  қалай  жүретінін».

«Мен де атымды қойған адамды жек көремін. Өз балаларының есімдерін керемет, мәнді-мағыналы қылып қойған. Маған сондай бір есімді беруге қимай  қалған  ба?»

«Балалық шақта Ұлжан деген есімді айтуға жасқанатынмын. Әкем мен анама өкпелеп, мен керек емеспін деп жылап та алған кездерім болды. Уақыт  өте  келе  білінбей  кетті».

«Менің есімімнен қысылған кезім болған емес. Себебі Абай атамыздың анасының есімі – Ұлжан. Сол батыр анаға қарап, бой түзеп келемін. Осы есімге  сын  келтіргім  келмейді».

Міне, бұл – тек 3-4 арудың пікірі. Тағы бір өмірден алынған оқиғаны да айта кетейік. Қазақтың қариялары жиындарға немере-шөбересін етегінен ұстатып, қалдырмайтын қасиеттері бар ғой. Осындай бір мағыналы отырыста бір сұсты кемпірдің «немересінің есімі кім?» деп өзге кемпірлер сұрасты. Сонда көзінің қиығын салып, «Ұлту» деп тарс етті. Көпшілігі тұнжыраған күйі «Обал-ай» десе, бірі ішкен шайына шашалып, енді бірі ернін шығарып күлді. Сол кезде кішкентай ғана жүзіктің көзінен өткен­дей аруымыз желкесін қасыды да қалды. Үлкен кісілердің әрекеті осылай болса, болашақ сыныптас­тары не дейтіні айтпаса да түсінікті.

ТҮЙІН. Адамның есімін қас пен көздің арасында ойға не келсе, соны қоюдың қажеті жоқ. Ырымның  да жөні бар. Ұл болсын деп қойғанмен, ұлды болғандардың саны жайында статистика басқаша сөйлейді. Сондықтан әулетте ұл келудің жолы, қыз балаға «құпия коды» бар есімді жүктеген дұрыс емес. Қыздың болашағын да назарға алып,  «Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады, бір қозы туса, бір уыс шөп артық шығады» дегенді тереңірек ұғынған жөн.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: