Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үнсіздіктің артында тек сатқындық тұрады

04.01.2022, 11:15 394

HALYQLINE.KZ Қазақтың белгілі қаламгерлері арасынан Жаңаөзенге үн қатқан жалғыз Дулат Исабеков ағамыз ғана көрінді. Басқалары үнсіз. Себебі неде? Себеп біреу-ақ ол – сатқындық. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған ақын-жазушыларымыз енді нені тосып отыр. Ешкім оларды халықты көтеріліске шақыр деп отырған жоқ қой. Бейшаралар, әлде де неден үмітті болып отыр. Енді сыйлық жоқ оларға. Аларын алып болды емес пе? Демек, оның артында да бақайесеп жатыр әлдебір. Сол ағаларды көріп өскен, батасын алған менің тұстастарымның дені залым топты құрайды. Себебі бәрінен дәмелі. Неткен жиіркенішті еді? Біздерді көріп өсіп келе жатқан толқын бізден әрі, сұмдық. Әліптің артын бағуды бүгіннен меңгерген.

Биліктің көзіне түсіп қалмау, сыпайы-салтаң әдемі жүре тұру, оңтайлы сәтін күту – олардікі. Басқалар айта түссін, ертеңгі күні алдымнан шықпауы үшін сосын айтармын деген мысықтілеу жатыр. Басқа түк те емес. Билік машинасы Жаңаөзенді тағы да күшпен тарқатса ұнамай қалармын, жылы орнымнан айрылармын, бір зияны болып жүрер деген сатқындық пиғыл ғана бар мұнда. Сөйте тұра ұлттың зиялысы боп қалғысы келеді. Болмаса, кеше ғана шүлен таратқандай қаншасы «Алаш» сыйлығын алды. Дерлік үнсіз. Бұл не? Сатқындық қана, басқа дәнеңе емес. Олардың талайын ақын да, жазушы да қылып тұрған тобыр талғамының төмендігі ғана. Басқа не болушы еді?

Алайда көместі көретін Жаратушы бар ғой. Осылардың бірі де елдің есінде қалмайды. Өйткені, түбі шикі, жалған. Ал, жалғандық Алланың қалауынан емес. Бүгінгі даңқ-дақпырты көзі тірі күніне ғана жарар, жараса. Бір толқын ауысқанда түгел зым-зия болады бұлар. Мәз бола тұрсын. Ол менің данышпандығымнан емес, жаратылыс заңы солай. «Таяз суға секірсең, көрінбей ме көтенің» деп жазып еді Қомшабай Сүйенішов ақын ағамыз.

Шынтуайтында, олардың көтені әлдеқашан жарқырап жүргенін байқамайды. Жұрт дәнеңе сезбейді деп ойлап жүрген шығар. Бір ақиқат, уақыт төреші бәрін орнына қояды. Соңы-қайтсең де, адал болсаң да, қу болсаң да өлім. Мен соған қуанам. Сіз ше?

Елубай ӘУЕЗОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: