Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

…Тыр жалаңаш шындығым, Өтірікке тұр телміріп

20.05.2021, 9:30 325

Қазыбек  Әшірбекұлы  ағамызға  жауап

Ай, нәлет атқыр нарық бұл,

Ақшаға кеттік сатылып.

Қазақтың соры болып тұр,

«Кредит» деген тақырып.

Халықтың болмай дегені,

Нарықтың жолы болып тұр.

Бақ деген байғұс адасып,

Басына сордың қонып тұр.

Мұңлығы менмін заманның,

Ішіме сырым сыймады.

Сатылып кетті адамның,

Игілігі түгіл иманы.

Мен шығар сірә, заржағың,

Ел үшін шықты есім шын.

Айтпасам жұрттың арманын,

Алдыңда тілім кесілсін.

Сатылып кетті өнер де,

Сатылып кетті өлең де.

Айнамкөз  көлің, төбең  де,

Атақ пен арзан шен үшін,

Сатылып кетті төрең де.

Сатулы мансап, қызмет,

Сатулы бәрі сайтан-ай!

Басымда менің құдірет,

Тұншығып жатыр ой талай.

Уа, қарғыс атқыр нарық ит!

Жаутаңкөз жандар қаншама.

Ары һәм адам ақиық,

Азайып кетті соншама.

Кеткендер асып қанадан,

«Ұяттан өлем» демейді.

Қазынаға сұғын қадаған,

Сұғанақ жандар көбейді.

Апаттар сұмдық сан қилы,

Адамзат үшін аз ба ажал?!

Аузынан құрдым тәж тажал,

Ажалдың иісі аңқиды.

Көбейді жылпос, сонан ба,

Арзыды намыс, жұқарды ар.

Тап бүгін керек қоғамға,

Махамбеттер мен Бұқарлар!

Сауалдар сансыз от болып,

(Қайтемін жұрттан жасырып).

Көмейімде тұр кептеліп,

Көңілімде тұр ашынып.

Мен бе екем жалғыз мұңлығың,

Ей, Құдай, не істер енді жұрт?!

…Тыр жалаңаш шындығым,

Өтірікке тұр телміріп.

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

Павел Кучинскийдің суреті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: