Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұзшылардың талабы қандай?

09.09.2021, 12:00 437

Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында теңіз төскейінде ашынған аналардың пойыз тоқтатып, бүкіл елді  елеңдеткені  есте  қалған-ды. Ал содан кейінгі «ала тайдай бүліну» ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында сол Арал өңіріндегі ас тұзын өндіретін ірі кәсіпорын «Аралтұз» жұмысшыларының ереуілі шығар. Бір аптадан бері жұмысқа шықпай отырған  тұзшылардың  басты   талабы – жалақыларын көтеру. «Компания басшылығы  еңбекақымызды 100 пайыз көтерсін, зиянды жерде күндіз-түні тынбай еңбек еткенімен, табысымыз бейнетімізге татымайды» дейді олар.

Бүрсігүні біз арнайы аралдық әріптесімізді Жақсықылыш кентіне жұмсаған едік. Өкінішке қарай, ереуілдеп тұрған жұмысшыларды қоршаған полицейлер олармен тілдесуге еш мүмкіндік бермепті. Ал басшылар мен қосшылар жарытып жауап қатпаған. Есесіне біздің қолымызға Арал ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің осы мәселеге орай берген түсініктемесі тиді.

«Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентіндегі еліміз бойынша ас тұзын өндіруші ірі кәсіпорын саналатын «Аралтұз» АҚ  жұмысшыларының мәселелері талқылануда. Осы ретте атап өткен жөн, бұған дейін ағымдағы жылдың тамыз айын­да «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары жал­ақыны көтеру және жұмыс барысында қажет­ті құрал-жабдықтар мен арнайы жұмыс киімдермен қамтылу қажеттілігі турасында  мәселелерін  жеткізген  болатын.

Соған сәйкес 2021 жылдың 17 тамызында аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен «Үшжақты әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынас­тарын реттеу жөніндегі» аудандық комиссия отырысы өткізілді. Нәтижесінде қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленіп, оның ішінде акционерлік қоғамға ұжым қызметкерлері арасында жасалған ұжымдық шартты қайта қарау және көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде хаттамалық ұсыным берілді. Осыған орай 24 тамыз күні «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары мен басшылық арасында арнайы жиналыс өткізіліп, хаттамаланып, аудан әкімдігіне жолданған  болатын.

Бұдан бөлек, 31 тамыз күні аудан әкімдігінің ғимаратында аудан басшысының қатысуы­мен құқық қорғау органдарының және «Аралтұз» АҚ-ның вице-президенті Ғ.Сержанов және президент кеңесшісі А.Тауасаровпен кездесу өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу барысын­да «Аралтұз» АҚ-ның басшылығы 2022 жылдың қаңтар-ақпан айынан бастап қана жұмысшылардың жалақыларын көтеруге мүмкіндік жасалатындығын жеткізді. Дегенмен, жиын қорытындысымен аудан әкімі С.Сермағамбетов жалақыны осы жылдың ішінде көтеруді, зауыт жұмыс­шыларын арнайы киіммен, қажетті құралдармен қамтамасыз етуді және ұжымдық шартты  қайта  пысықтауды  ұсынды.

Алайда күні кеше «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары зауыт ауласында бас қосып, өз наразылықтарын білдіріп, жалақыны 50%-ға көтеруді талап етті. Болған жағдайға сәйкес аудан әкімі С.Сермағамбетов дереу жұмысшылар жиналған орынға келіп, еңбек заңнамаларына сәйкес түсіндірме жұмыстарын  жүргізді.

Сонымен қатар «Аралтұз» АҚ президен­тінің кеңесшісі А.Тауасаров алдағы 10 күн мерзімде жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін қарастырып, нақты жауабын беретіндігін жеткізді. Кездесу қорытын­дысымен хаттама әзірленіп, мүдделі тұлғаларға  таратылды.

Хаттамада  «Аралтұз»  АҚ-ға кәсіпорын жұмыс­шыларының еңбек шартта белгіленген еңбек­ақының көлемін заң талаптарына сәйкес зерделеуді және еңбекақы өсіру мәселесін 10 күн мерзімде қарап, тиісті шешім қабылдау, кәсіп­орын мен кәсіподақ комитеті арасында жасалған ұжымдық шартты қолданыстағы еңбек заңнамаларының талаптарына сәйкес ұжымдық шартқа кәсіпорынның мүмкіндігін ескере отырып, қайта пысықтап, тиісті  өзгерістер мен  толықтырулар енгізу, кәсіпорын еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиясында жұмыс беруші мен жұмыс­шылардың арасында туындаған еңбек даулары еңбек заңнамалары талаптарына сәйкес қаралуын және заңға сай мерзімде тиісті шешім қабылдау қарас­тырылған.

«Аралтұз» АҚ қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған жоқ. Күні кеше сағат 10:30-да аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігінде «Аралтұз» АҚ-да болған жағдайға байланысты облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Т.Жолымбетовтың, облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М.Бәйімбетовтің, аудандық құқық қорғау органдары басшыларының (аудан прокуроры, ҚР ҰҚК аудандық бөлімшесінің бастығы, аудандық полиция бөлімінің бастығы), аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Жолановтың және «Аралтұз» АҚ-ның вице-президенті Ғ.Сержанов пен «Аралтұз» АҚ президентінің кеңесшісі А.Тауасаровтың қатысуымен арнайы кеңес өткізілді. Кеңес барысында қалыптасқан мәселені шешу жолдары, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық-саяси ахуалды сақтау мәселелері  талқыланды.

Дәл осы топпен, сол күні сағат 12:30-да әуелі кәсіпорын ауласында, содан кейін кәсіпорын теңгеріміндегі клубта жұмысшылармен кездесу өтті. Кездесуге негізгі бастамашыл топтың өкілдері, цех басшылары, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы және жұмысшылар қауымы қатысты. Нәтижесімен, жұмысшылар тарапынан тағы да жалақыны 50 пайызға көтеру қажеттігі ұсынылды.

Бүгін бұл мәселе бойынша «Аралтұз» АҚ-ның президенті, акционер Д.Мұқашевпен «ZOOM» платформасы  арқылы  кеңес  өткізілді. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов, аудан әкімі С.Сермағамбетов, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Т.Жолымбетов, облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М.Бәйімбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.Оспанов, «Аралтұз» АҚ-ның кәсіподақ ұйымының төрағасы Т.Жайназаров және кәсіпорын жұмыс­шыларының арасынан 9 жұмысшы қа­тысты.

Кеңес барысында акционер тарапынан қыркүйек айының 1-інен бастап басшылық құрамнан бөлек жұмысшылардың жалақысын 12,5 пайызға, жыл соңында жоспар орындалса, әр жұмысшыға 42500 теңгеден сыйақы беруге және 2022 жылдың  1 қаңтарынан  бастап тағы да жалақыны 10 пайыз­ға  көтеруге  қатысты  шешім  қабылданғаны туралы  айтылды.

Онлайн кеңестен кейін тиісті азаматтар кәсіп­орынның ауласына шығып, жұмысшылармен кездесу өткізді. Кездесу кезінде аталып өткен мәселелер жұмысшылардың назарына жеткізілді.

Дегенмен, кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта жасалатын қолдау шараларына келіспейтіндіктерін білдіруде. Алайда жұмысшылар қауымы арасынан еңбек тәртібін сақтап, жұмыс атқаруға ынта­лы  азаматтар  да  баршылық.

Еске сала кетейік, өткен жылдан бері әлемдік пандемия салдарынан елімізде қаншама өндіріс орындарының жұмыстары тоқтап, қаншама адамның жұмыс орны қысқарып кетті. Алайда індет салдарынан болған келеңсіздіктерге қарамастан жергілікті «Аралтұз» АҚ жұмысын тоқтатпай, қаншама аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, уақытылы жалақыларын алып отыруға мүмкіндік  жасады.

Осы тұста күні бүгінге дейін еліміздегі ең ірі тұз өндіру зауытында жұмыс істеп келген барлық қызметкерді жасалып жатқан келіссөздерге құлақ асып, тұз өндіру жұмыстарының тоқтап қалмауына ықпал етуге шақырамыз» делінген 3 қыркүйекте таратылған баспасөз парағында.

Жергілікті билік пен кәсіпорын басшылығы қанша жерден «істің тігісін жатқызуға» тырысқанымен, олардың ұсынысына ашынған жұмысшылар көнгісі жоқ. «Компания басшылығының жалақыға қосқалы отырған 12,5 пайызы бір қап ұнның бағасынан да аз» деп келісімге келуден бас тартыпты. «Жұмысшылар бір ай бұрынғы арызында жалақыны тек 50 пайызға көтеруді сұрап еді. Басшылықтың әрекетсіздігіне ашынған халық енді 100 пайыз қосылмаса, жұмысқа шықпайтынын айтып отыр» дейді «Аралтұз» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы Т.Жайназаров «Айқын» газетінің тілшісіне берген пікірінде. Ендеше, билік басындағыларға «өгізді де өлтірмейтін, арбаны  да  сындырмайтын»  әрекет  пен шешім  керек.

Айтпақшы, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі «Аралтұз» АҚ  1925 жылдан бастап ас тұзын өндірумен айналысады. Компания өнімі тек Қазақстан аумағында ғана емес, ТМД елдерінде де жоғарғы сұранысқа ие. Өндірген өнімінің 75 пайызын өзге елдерге экспорттайды. Жылына 500 тоннаға жуық тұз өндіретін акционерлік қоғам 2020 жылы салық пен өзге де шығындарын қоса есептегенде  9,9 млрд теңге табыс тапқан.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер:
  • Дұрыс емес жұмысшылар келіспеу керек және осы тұз өндіру мекемесін үкеметке қайтару керек акционер деген сөз ол жеке бір адамның бас пайдасы деген сөз яғни қазір бұл комбинат еврей Машкеевич деген адамдыкі ол Назарбаевтың кошелогы сондықтан алған беттен қайтпау керек сол айлықты 100пайызға көтеру керек мұнай өндірушілердің айлық жалақысымен теңестіру керек болды болмаса жұмысқа бір ауыздан шықпау керек

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: