Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл тағдыры – ел тағдыры

04.06.2021, 18:00 926

Несін жасырамыз, ана тіліміз жымысқы мақсатты берік ұстанған миссионерлік саясаттың кесірінен көп азап шекті. Ұлтымыздың дінін де, ділін де бір тілдің күшімен жойып жіберуге әрекет болды. Десе де, талай ғасырдың куәсі болған ана тіліміз ұлт жадынан ұмытылмады. Керісінше, қазір жастар арасында жоғарғы сұранысқа ие. Алыс-жақын шетелдіктердің арасында да тілімізді үйреніп жатқандар көп. Оны әлеуметтік желіден байқау қиын емес. Бұл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылында жеткен ең басты жетістігіміз болса керек. Тілге тілекшіл топтар мемлекеттік тіл мәртебесі үшін талаймен күресіп, тіпті жарнамалардың өзі қазақшаландыруға қол жеткізді. Тіл тағдырына келген билік басындағылар да қарап қалып жатқан жоқ. Алысқа ұзамай-ақ, өзіміздің өңірімізде де осы уақытқа дейін қаншама темір жол станцияларының атауы қазақшаландырылды. Бұдан да басқа мемлекеттік тілге деген құрмет аз емес. Сыр елінің тіл мәртбесіне келгенде басқалардан шоқтығы биік. Бұның бәрі айтпаса да түсінікті нәрсе. Алайда кей кезде ана тіліміздің туы жығылып та жатады. Күйбең тіршіліктің соңында жүріп байқамағанымызбен, кейде көзіміз түсіп қалады…

Қаңтардың суық кезі еді. Таңертеңгілік ерте тұрдым. Жаңажылдық демалыстарда талай дүниені ой сүзгісінен өткізіп, күнделікті болып жатқан абыр-сабырдан уақытша бой алыстатқым келді. Аяғыма тұсау салған карантин басталғалы кинотеатрға да аяқ баспаппын. Сол олқылықты түзейін деп, түс аумай тұрып билет сатып алдым. Әлгі фильмді жұрт мақтап, «сценарийлік жұмыстың шыңы» деп баға бергесін неге бармасқа? Тұрмыстың тынымсыз тіршіліктерінен босаған бойда кинотеатрға дайындала бастадым.

Маскамды тағып алып, антисептикке «жуынып» болған соң, сонда жол тарттым. Мұнда келгендердің қарасы да көп екен. Соңғы сеанс болған соң бірнеше адам касса алдында билеттің таусылғанын естіп «тізе тістеп» тұр. «Ерте қамданған екенмін ғой» деп масаттана сегізінші залға беттедім. Адымды нық басып, төбесінде «8» деген жазуы бар есікке жүріп келем. Көзім қырыммен өткен-кеткен сұлуларды қарап жүрмін. Кіре берісте ақ күртеше киіп алған сары қызға көзім түсті. Сұлу көрсек, көңіліміз 180 градусқа бұрылып тұратын жастамыз ғой. Түсі жібі түзу ару сияқтанды. «Бұйыртқаны осы болар» деп танысуға ниеттендім. Дегенмен, «отказ естіп, абдырап қалсам не болады» деп тағы ойланам. Орныма жайғасып болғаным сол еді әлгі қыздың менің алдымдағы орынға жайғасқанын байқадым. «Құдайдың құдіреті, Жаратқанның өзі жіберген екен ғой» деп, көңіліме сенім қона бастады. Жастардың бәрі әурелейтін Instagram деген әлеуметтік желіде әлдекіммен хат алмасып отырғанын байқадым. «Парақшасын көріп алайын, бетпе-бет танысуға шамым жетпесе телефонның күшіне сенім артармын» деп те ойланамын. Фильм де сол уақытта бастала кетті. Соңғы жылдары орыс тіліндегі фильмдердің астында қазақ тіліне аударылған субтитрлар беріліп жүр. «Тілім» деп шыр-пыр болған бірнеше ағаларымыз неше жыл бойы арпалысып жеткен жетістігі ғой. Әлгі қыздың аккаунтын көре алмай отқанда сол субтитрлерге көзім түсіп кетті. «Бұқаның терісіндей» болған үлкен экраннан «Сингл малт продакшн представляет» деген дыбыс шыққаны сол еді астынан  «Single Malt Productions ОСЫНАДЫ» деген жазу пайда болғаны бар ма. «Бұндай да сөз пайда болған ба» деп абдырап қалдым. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бұл фильмді «осынғандар» да көп екен. Сол көзге өгіздей болып көрінген оғаш сөз қайта-қайта айналып келе берді. Біршама «осынғандардан» кейін «Совместимо с пәленше» деген дыбыс естілді. Астындағы тәржімасына қарасам «Бірге Kalispel Tribal Holdings» деген сөйлем тұр. Сөз байланысы мүлдем байқалмайды. Мұндай қателіктерден кейін фильм жайына қалып бүкіл назарым сол аудармада болды. Қазақ тілінде көрсетілген аудармасының қатесі көп болғаны былай тұрсын, мағынасы да сәйкес келмейді. Құдды бір «гугл переводчикке» лақтырып, аудара салғандай. Әлгі құрғыр аудармамен арпалысамын деп сары қызды ұмытып та кетіппін. Фильм аяқталғаннан кейін де өн бойымды аласапыран бір сезім билеп, қыз жайлы ойлайтын жағдай да болмады.

«Терең тұныққа» батып бара жатып, қайтар жолда қоғамдық көліктің бірін тоқтаттым. Мініп болған соң, бір кішкене бүлдіршін «Жаңа жылыңызбен» деп тәтті дауысымен жымия қарап тұр. Балғын баланың тәтті дауысы көңілімді «қайтарып», қайта өз орныма келе бастадым. Бүлдіршіннің жанына жайғасып, «жол қысқарсын» деген ниетте жайын тыңдай отырдым. Екі аялдамадан өткеннен кейін қарс алдымнан таныс ақ күртешені байқадым. Анықтап қарасам әлгі кинотеатрдан көрген сары қыздың нақ өзі. «Бұйырған кетпейді деген рас, ә» деп мысқалдап қоям. Осы жолы бар күшімді жиып, танысуға нық бекіндім. Сәл қобалжыдым ба әлде кинотеатрдан қалған әдет пе, білмеймін, әйтеуір жан жақтағы терезе бойлап жапсырылған жарнамаларды оқи бастадым. Оқып отырып «Менің Beeline/ Менің Аctiv» деген жазуға көзім түсті. «Мой Beeline/ Мой Аctiv» дегеннен аударылған болу керек. «Ойбай, мынадай да болады екен-ау» деп одан әрі оқи түстім. Қателерді санап отырып, саннан шатыстым. Автобустың қақ төбесіне мемлекеттік құжаттарды алу жайлы анықтаманы іліпті. Ондағы орфаграфиялық қателер де көзімді байлап тастады. Өз көзіме өзім сенбей делдал болып отырғанымда әлгі қыздың өз аялдамасына келіп, түсіп кеткенін байқамай да қалыппын. Ішімнен «қап, әншейінде «тіл» деп «жан ұшырып» жүретін шенді-шекпенділер ең болмағанда осы жазуды түзесе жүрегімді аш қалдырмас едім-ау» деп қоямын. Бірақ, ол кісілер қоғамдық көлікті пайдаланбайтын да шығар… Жылдың басында өткен бұл күн көп нәрсеге баға берді. Көп сұраққа жауап берді. Істелген жұмыстың көп екенін жоғарыда айттық. Бірақ, сол күні істелу керек жұмыстың одан да көп екенін аңғардым.

Не болса да, осы «бәленің» кесірінен әлгі сұлуды жоғалтып алдым. Кім біледі, әлі алдымнан шығатын болар, сол кезде тағы бір «қасіретке» кезігіп қалмасақ танысып үлгерермін. Алайда елдің қазіргі болмысына қарасам танысу әзір бұйырмайтын сияқты…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: