Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Темірхан МЕДЕТБЕК: Ата заңда адам аты аталса, оның заңдық күші болмайды

13.05.2022, 8:55 903

HALYQLINE.KZ

Конституцияны өзгертеміз деп жатыр ғой. Бірақ биліктің кейбір шешімдеріне күмәнім күшейіп барады. Мәселен, Ерлан Қошанов Назарбаевты Қазақстан Конституциясына «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген статуспен енгізуді ұсынды. Бұл не деген сөз? Ақордадағылар өздерін-өздері ақтап жатыр. Ата заңнан «Тұңғыш Президент-Елбасы туралы Конституциялық заңның» күші жойылады депті. Оған қуануға болмайды. Конституция деген не? Оған адамның аты жазылып, ол заңмен бекітілетін құжат па? Конституцияға адамның аты-жөні жазылмау керек. Бұл түбірімен қате. Конституция деген – Ата заң. Ата заңда адам аты аталса, оның заңдық күші болмайды. Конституция мемлекеттің – төлқұжаты. Төлқұжатты Назарбаевтың атымен толтыру тарих алдына қателік, болашақтың алдында қылмыс…

Баяғыда Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерді жинап алып: «Мен кез келгеніңді қолыңнан жетелеп апарып, сотқа тапсыра аламын», – деді. Ол осы сөзімен жемқорлыққа өзі жол ашып берген жоқ па? Жемқорлыққа жол ашқан адамды арымыз шыдап, қалай Конституцияға кіргіземіз? Егер ол кәсіпкерлердің айыбын біліп тұрған болса, неге бірден сотқа тапсырмады? Неге олардың қылмысына көз жұма қарады? Осыған жауап беріңізші! Бұл деген не сөз? Путиннің аузына сөз салып, «Қазақстанда бұрын мемлекет болмаған, шекара болмаған», деген сөзді айтқан адам қалай «Тәуелсіздіктің негізін қалаушы» болады?! Назарбаев Кеңес одағының құлағанына қатты қапа болған адам. Ондай адамды Конституцияға енгізу керек деген шешімге миым жетпейді менің… Арысын айтпағанда, Керей мен Жәнібек хандар құрған «Қазақ хандығынан» бері біз бірнеше ғасыр бойы тәуелсіз мемлекет болғанбыз. «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын» қайда қалдырамыз? Абылай хан құрған, соңғысы Кенесарының мемлекетін қалай жоққа шығарамыз? Осы хандардың тұсында біз тәуелсіз ел болғанбыз. Шекарамыз да, мемлекетіміз де, Ордамыз да болған. Оны жоққа шығару тарихқа қиянат қана емес, қазаққа жасалған қылмыс. Сондай қылмысқа көз жұмып, атын Ата заңға енгізуді түсінбеймін…

«Жас  Алаш»  газетіне  берген  сұхбатынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: