Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Vigor Holding» компаниясының Шиелі ауданындағы қуаттылығы 20 МВт күн-электр станциясын іске қосу рәсімі өтті. Оған облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аталған компанияның және жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері арнайы қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын.
Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді.
Осының айқын көрінісі ретінде, бүгін отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық.
Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз! Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады. Осы ретте, ұтымды әлеуетімізді және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Жаңа станцияның жұмысы табысты болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның нәтижелі жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ризабек Кәрімұлы, «Vigor Holding» компаниясының бас директоры Айтуған Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, ардагер Өркен Әзімханұлы ақ батасын берді.

Бүгінде өңірде жалпы қуаттылығы 151 мегаватт болатын 11 күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 мегаваттан асатын тағы 7 күн-электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 мегаваттық станциялар құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 15 мегаваттық, ал Шиелі ауданында әрқайсысының қуаттылығы 60 мегаватт болатын екі күн-электр станциясының жобасы әзірленуде. «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 мегаваттық станциясының құрылысы алдағы айда басталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!