Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан – интернеті арзан ел

23.02.2023, 12:00 344

Өткен жылы «Astana Media Week» аясында «YouTube монетизация және платформада табыс табудың қосымша құралдары» деген тақырып сөз болды. Көптеген қызықты статистика айтылды, көрсетілді. Қазақстанда ютубты айына – 13, аптасына – 10, күніне 6 миллион бірегей қолданушы қарайды екен. Сондай-ақ, ел тұрғындары айына ютубтан 1  миллиард  видео  көреді.  Негізгі тұтынушы – 25-35 аралығындағылар. Ал жалпылама алғанда адамдардың 51 пайызы – ер, 49 пайызы – әйелдер. Яғни, ер мен әйелдердің видео көру көрсеткіші шамалас. Бұл – халық санымен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Бірақ, мұндай статистикадан соң, қазақстандықтардың бос уақыты көп, қызықты контент басым деген ойдан бұрын, интернеттің арзан екенін де еске алған жөн. Сарапшылар ел тұрғындарының әлеуметтік желіні көп қолданатынын осы фактормен байланыстырады. 2022 жылғы мәлімет бойынша, Кейбл Ко Юкей веб-сайтының рейтингінде біздің ел 230-дан аса мемлекеттің арасында 16-орында тұр. Орталық Азия бойынша Қырғызстан мен Өзбекстанда да мобильді интернет арзан. Ендеше, сөзіміз нақты болуы үшін зерттеулерге назар аударып көрейік.

Интернеттің игілігі көп. Оны бәріміз білеміз. Ақпаратқа қолжетімділік, адамдармен қарым-қатынас, уақытты тиімді пайдалану, азаматтық қоғам қалыптастырудағы сөз бостандығына әсері мол. Онда оқуға, көруге, тыңдауға, үйренуге болады, бұл жолда интернет – таптырмас платформа. Хоббиді кәсіпке айналдырып, керек десең, басқару мен ұйымдастыруды да жеңілдетеді. Бұл  біз  жазған интернет мүмкіндігінің бір  бөлігі  ғана.

Мобильді интернеттің рөлі, сапасы – әлемнің қай қиыры үшін де өте маңызды мәселе. Интернет жарық, жылу, су, газ секілді адам аса қажет ететін игіліктердің біріне айналғалы қашан!? Ranking.kz сайтына сүйеніп, біз Қазақстандағы және әлемнің басқа елдеріндегі тарифтерге қатысты деректерді жинақтап, назарларыңызға  ұсынып  отырмыз.

Зерттеуге көз салып, инфрақұрылымы жақсы елдер­де баға арзан екенін байқадық. Жоғарыда «Қазақстан – интернеті ең арзан елдердің бірі» деп жазған едік. Елімізде 1 гб мобильді интернеттің орташа құны 0,37 АҚШ долларын құрайды. Осы орайда, «ең арзан және ең қымбат мобильді интернет қай елдерде?» деген заңды сұрақ туындайды. Cable британдық аналитикалық ресурсының мәліметінше, 2022 жылы мобильді байланыс деректерінің 1 гб орташа құны бойынша 233 елдің ішінде бес ең арзан ел – Израиль (0,04 АҚШ доллары), Италия (0,12 АҚШ доллары), Сан-Марино (0,14 АҚШ доллары), Фиджи (0,15 АҚШ доллары) және Үндістан (0,17 АҚШ доллары).

Мысалы, Ресейде 1 гб мобильді  интернеттің орташа құны – 0,48, Германияда – 2,67, Португалияда – 3,67, Жапонияда – 3,85, АҚШ-та 5,62 долларды құрайды.

Сектордағы тарифтердің төмендеуі трафикті тұтыну­дың  және  мобильді  интернет  жылдамдығының артуы аясында болуы мүмкін. Мәселен, желтоқсан айының қорытындысы бойынша еліміздегі интер­нет жылдамдығы бір жылда 11,5%-ға өскен. Бір қызығы, сектордағы  баға  логикасына   сәйкес,  ел   неғұрлым  үлкен   саналса, қамтамасыз  ету  соғұрлым  қымбат  болады. Бұл өз кезегінде пайдаланушылар үшін  интер­нет­тің  түпкілікті   құнына  әсер  етеді. Алайда  Қазақ­станда жағдай басқаша болып отыр. Елі­міздің кең аумағы, интернет жылдамдығы мен тұтыны­латын трафиктің өсуіне байланысты абоненттер  үшін  түпкілікті  баға  төмен  екен. Оған да көз жеткізіп  көрейік.

Қазақстанда мобильді интернет құны әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі ғана емес, сонымен қатар жыл сайынғы динамика бойынша да төмендеп келе жатыр. Cable мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 1 гб мобильді интернеттің орташа бағасы 0,59 АҚШ доллары болды. 2019 және 2020 жылдары бұл көрсеткіш  сәйкесінше  0,49  және  0,46-ға  төмендеген.

Мақала әзірлеу барысында соңғы жылдары әлемдегі ең арзан интернетті Қазақстан пайдаланатыны туралы жаңалықтарды ақпараттық порталдардан жиі-жиі кездестірдік. Тіпті, үздік бестікке, ондыққа кіріпті. Шынын айту керек, осы күні қазақша контент жақсы дамып келеді. Тіпті, өзге тілде контент жасаушылар да қазақы аудиторияны бағындыруға кірісті. Демек, сұраныс барда тіл де дами береді. Ең бастысы, интернеттің игілігін дұрыс пайдаланып, мүмкіндікті мүлт жібермей, іске асыра түсу керек.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: