Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихи сананы қалыптастырудың маңызы

25.10.2021, 12:20 248

HALYQLINE.KZ Қазақ даласында ғасырлар бойы орнаған тарихи шежірелер мен оқиғалар үлкен маңызға ие. Сонау ерте замандарда қалыптасқан алғашқы рулық қауымнан бастап орта ғасырға дейінгі қағанаттардың тарихы және олардың салт-дәстүрлері мен рухани ұстанымдары киелі мекеніміздің тарихының бір бөлшегі іспеттес. 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Ұлы даланың тарихында маңызды кезеңдер басталды деп айта аламыз. Бұл уақытқа дейінгі құрылған мемлекеттер атауы өзгеше болатын, сондықтан қазақ атауымен байланысты алғашқы хандық осы сәттен бастап пайда болып, қазақтар жайлы деректер көршілес жатқан елдерге де тарады. Қазақ хандығы жайлы түрлі құнды деректерді көптеген ғұламалар баян еткен болатын, олардың қатарынан Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ хандарының бір ғасырға жуық тарихы жайлы жазылған. Ұлы хандардың ел басқарудағы даналығы мен ұстанған дипломатиялық саясаты, сол қоғамдағы маңызды рөл атқарған әділ әрі дана билердің, шешендердің, жыраулардың ой парасатымен танысып білу және келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.

Сан ғасырлар бойында мекенімізде болған шайқас алаңдарында біздің батыр ата-бабаларымыздың өз елін, өз жерін қорғау үшін көрсеткен ерліктерінің маңызы зор. Қазақтың әрбір батырын тану арқылы жастар арасында патриотизм пайда болады, яғни бізге мирас болып қалған атамекенімізді сүюді, қорғауды және болашақта көркейтуді көздеуі керек. Келер ұрпаққа еліміздің тарихы мен рухани құндылықтарын жеткізе отырып, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар тарихи сананы қалыптастыру қажет. Қазіргі ХХІ ғасырда технологияның дамыған кезеңі тарихты зерттеуге және насихаттауға түрлі керемет мүмкіндіктер береді. Тарихи деректер мен тарихи кітаптарды цифрлы электронды түрде дайындап, ғылыми және танымдық отандық сайттар санын арттып, сонымен қатар көрнекі құралдардың көмегімен тарихымызды оқуға жастардың зейінін ашу қажеттілігі туындап отыр. Еліміздің тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен рухани құндылықтарымен жастар мен келер ұрпақтың санасына қалыптастыру арқылы біз болашағымызға сенімді қадам жасай аламыз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жастар, демек біздің келешекте Мәңгілік ел болуымыз үшін жастардың маңызы зор.

Тасилова Н.А,

т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Тасилова А.А,

PhD докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: