Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ленин орыс тіліне мемлекеттік мәртебе бермеген еді

26.06.2022, 10:00 581

HALYQLINE.KZ

Қазіргі уақытта Кеңес Одағы Ресей империясының мұрагері, кеңес елінің басшылары орыс патшаларының жетістігін жетілдіріп отырды деген пікір де бар. Алайда, ұлтшыл-патриоттық осы концепцияны жақтаушылар «пролетариат жеңіске жеткен елде» орыс тілінің мемлекеттік тіл болмағанын біле бермейді.

Советтік тіл саясатының бастауында Ленин мен оның серіктестері орыс мемлекетінің саяси құрылымына сын көзқараста болып, Ресей империясын «халықтар түрмесі» дегенін ұмытпаған жөн. Австрия-Венгрия империясында дүниеге келген белгілі большевик Карл Радек Кеңестік Социалистік Республикалар Одағынан Ресей деген сөзді алып тастағанына қуанған болатын. Дүниежүзілік революция жеңіп, КСРО-ға басқа европалық мемлекеттер қосылғанда орыс тілі оларды шошытады деп есептеген болатын. Карл Маркс теориясына сай мемлекет пен оның нышандары бірте-бірте «өліп» қалады да, жер бетінде әділетті қоғам орнайды деп есептеді. (өкінішке қарай іске аспады).

1914 жылдың өзінде-ақ В.И.Ленин «Пролетарская правда» газетінде: «Орыс тілі міндетті түрде керек пе?» деген мақаласында: «Міндетті мемлекеттік тіл дегеніміз не?» дей келе, болашақ көсем: «бұл Ресейде тұратын аз бөлікті құрайтын «великоросс тілін» Ресейдің басқа халықтарына міндеттеу болып табылмай ма?» – деген болатын. (Не деген көрегендік болжам).

Ленин бастаған нағыз социал-демократтар «міндетті мемлекеттік тіл» деген көзқарасқа қарсы болып, оған қарсы болғандарды «қаражүзділер» деп атады. Сондықтан 1918 жылы қабылданған алғашқы конституциясында мемлекеттік тіл деген ұғым алынып тасталды.

Кеңес  өкіметінің  тіл  саясаты

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін большевиктер Кеңес өкіметінің орнағанын, алғашқы құжат Жер және Бейбітшілік туралы декретін орыс тілінде жариялады. Лев Троцкий «дүниежүзілік революцияның тілі» болады деген ойдан құрастырылған «Эсперанто» тілін қолдану мүмкін болмай шықты. 1924 жылғы қабылданған КСРО-нің екінші Конституциясында ісқағаздары одаққа кірген республикалардың өз тілдерінде жүргізіледі делінді.

Орыс тілінің мәртебесі Сталин дәуірінде артты. БКП (б)-нің Орталық Комитетінің және КСРО-нің ХКК-нің 1938 жылы қабылданған «Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті оқыту туралы» Қаулысынан кейін Кеңес одағында жалғыз орыс тіліне даңғыл жол ашылды. 1945 жылы БҰҰ құрылғанда Сталиннің беделі арқасында орыс тілі халықаралық ресми және жұмыс тілі болып қабылданды.

60-жылдары Н.Хрущев кезінде «орыс тілі – кеңес халықтарының қатынас тілі» деген мәртебеге ие болып, «біз орыс тілін неғұрлым тез үйренсек – коммунизмге де сол ғұрлым тез жетеміз» деген ұраны барлық тілге, соның ішінде қазақ тіліне орасан зор зардабын тигізгенінен әлі де арыла алмай отырмыз, қазақ тілінің мүшкіл халін тек айтып қана қоятын кезде өмір сүріп отырмыз.

Л.Брежнев кезінде қабылданған «СОКП Бағдарламасында» орыс тілі ерікті түрде оқытылады деп жазылса да, жоғарғы оқу орындарында пәндер орыс тілінде оқытылатын болды.

М.Горбачев кезіндегі қайта құру саясатына байланысты Балтық бойындағы елдер тіл мәселесін бірінші болып өзгертіп, оны Одақтан шығудың алғашқы қадамы деп білді. КСРО ыдырайтыны белгілі бола бастағанда 1990 жылы 24 наурызда «КСРО халықтарының Тіл туралы Заңы» қабылданып мемлекеттік мәртебесінен айырыла бастаған орыс тілі «ресми тіл» деп көрсетілді. 1991 жылы Ресей өз тәуелсіздігін жариялағанда ғана орыс тілі өздерінің мемлекеттік тілі болып жарияланды.

Cуретте: В.И.Ленин өзінің бүкіл дүниежүзілік революциясы орнауы үшін орыс халқының 90 пайызын құрбандыққа шалуға дайын екендігін жазып кеткен болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: