Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Лаубай көпірінің тарихы

04.09.2023, 8:50 422

HALYQLINE.KZ

Мемлекетіміздің рухани жаңғыруында ерекше орын алатын «Туған жер» бағдарламасы болғаны белгілі. Туған жердегі жер-су аттары туралы дерек кім-кімнің де қызығушылығын арттырады.

Кезінде жаңа заманға сай сананы өзгертуге үлес қосқан, үкімет басшысы болғанға дейін-ақ, 1921 жылы жер-су реформасын іске асыруға қатысқан қоғам қайраткері, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин «Дүниеде себеппен қойылған жер-су аттары – елдің шежіресі» деген болатын.

Қуаңдариядағы көпірге Лаубай атауын бергізген азамат Нұржан Смайылұлы кезінде «Құмжиек» ұжымшарының озат жылқышысы болған. Нұржан қылқұйрықты жануарды өсірген кездері Қуандарияның арғы бетіндегі «Моншақ» деген жерді ұзақ жыл бойы мекендеп, жаз жайлап, қыс қыстаған.

1983 жылы Қуаңдариядағы ағаш көпірдің орнына бетондалған жаңа өткел салуды, сол кездегі ПМК-86 мекемесінің басшысы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Жұманұлы Имандосов қолға алды. Көпір салынып жатқанда Нұржан үлкен адамгершілік істі жүзеге асыруға бекем бел буды.

Нұржанның немере ағасы Лаубай Қуанышұлы (1920-1982) деген туғанынан мылқау әрі керең болған-ды. Лаубай мүмкіндігі шектеулі болса да, өте еңбекқор жан еді. Әсіресе соғыс жылдарында тылдағы кез келген жұмысты атқара білген елге сыйлы азамат болды. Кейін «Қазалы» ұжымшарында жұмысшы ретінде есепте болып, қойшылардың қора-қопсыларын, қыстауларын жөндеп, мал төлдету науқанында да тынымсыз еңбек етті.

Сол Лаубай ағасы 1982 жылдың күзінде, белгісіз жағдайда суға кеткені ерттеулі атының бос келгенінен мәлім болды. 1983 жылдың сәуір айында мүрдесі Қуандариядан табылғасын ағасын арулап жерлеп, ақ кірпіш селикатпен бейітін биік қылып салса да, көңілі жай таппай жүрді. Артыңда ұрпақ қалмаса да, Лаубайдың есімі ел есіңде қалатыңдай жерге, не су көзі бұлаққа берсем деген ой көкейіне маза бермейтін. Жүрек түпкіріндегі тілек өтінішін інісі Самұратқа айтқанда «Жарайды, бұған менің қарсылығым жоқ. Бірақ оны жер-су аттарын картаға түсіретін Алматыдан келетін комиссия шешеді» деді. Көп ұзамай Қуандариядағы салынған жаңа көпірді қабылдайтын арнаулы комиссия да келді, араларында қазақтармен бірге орысы мен кәрісі бар. Нұржан қолайлы сәтті пайдаланып, қонақтарға табиғат аясында қазы-қарта, шай-суын ұйымдастырып қонақасын беріп, риза қылды. Көп ұзамай інісі Самұрат Имандосов Алматыдан қуанышты хабардың да келгенін жеткізді. Жаңадан салынған көпірге Лаубай есімі беріліп, Қазақстанның топографиялық картаға түскенін айтты.

Бұған дейін «Қазалы» ұжымшарының директоры Нағашыбай Сахитжанов және бас есепші Кеңес Әлиев Лаубайдың жинақ кітапшасында 2000 сом ақшасы барын айтқанда, «оның да реті келгенде алармын» деп кідіртіп жүрген. Лаубай ағасының есімі Қазақстанның картасына түскеніне қуанған Нұржан жылқы сойып, ат шаптырып ас берді. «Лаубай көпірі» деп темір арматурамен жазғызып ескерткіш тақта орнатты. Демалыс күндері Байқоңыр қаласынан балық аулауға келетін орыстар да «Лаубай көпіріне қалай баруға болады?» сұрап та жатады.

Осындай үлкен жүректі азамат Нұржан Смайылұлы ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып жүр, соның біреуін айта кетейін. Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойына алғашқы болып түйе атады. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басынан бастап менің Нұржан құдамды аудан халқы белгілі меценат-демеуші ретінде жақсы таниды, жетім-жесір мен жұқаларға демеушілігімен де аты шығып жүр. Енді, Нұрекеннің өмір жолына тоқталып өтер болсам, 1939 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Алты жасында анасынан айырылып, «әкесі жоқ жартылай жетім, анасы жоқ тұлдыр жетім» деген дегенді басынан өткерген жан. Қатарлары мектепке барып жатқанда, жеті жасында 40-50 бас қой-ешкі бағып еңбек жолын бастап, мектептің не екенін білмей, кейін өздігінен сауатын ашқан болатын. Қырық жыл бойы жылқы бағып, кешегі кеңес дәуірінде озат жылқышы ретінде талай марапатқа ие болды. Зейнетке шыққасын қолындағы құрығын «Лаубайда» қоныстанып отырған ұлы Сыражадинге тапсырды. Қазір Нұрекең аудан орталығында тұрып, бейнетінің зейнетін көруде, соңғы уақытта ауру айналдырып жүрген құдам Нұрекенің құлантаза жазылып кетуіне тілектеспіз.

Өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрген зайыбы Перуза Ыбырайқызы – өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген «Алтын алқа» иегері.

Қуандарияның арғы бетіндегі «Сарбұлақ» ауылымен байланыстырып тұрған Лаубай көпірінің тарихы осындай.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

өлкетанушы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: