Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хәкім Абай да індетпен күрескен

08.07.2020, 11:25 857 0

HALYQLINE.KZ

– Бұл қалаға жаман науқас келіпті. – Құдай ұрған іш ауруы. – Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр. – Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр. – Аты не дейді? Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан… Бұл – М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді. Дәлірегі, романның «Түн-түнекте» тарауында Абай заманында тараған індет жайлы айтылады.

Қазір бар әлем күресіп жатқан қатерлі індетпен Абай Құнанбайұлы да кезіккен. Дерт өзен суынан адамға жабысып, барлық ауыл-аймаққа тараған. Обаның белгілері – адамның көзі шүңірейіп, иек-мұрны шошая береді, көзінің айналасына көкшіл ноқта түседі, демі суынып кетеді, қол-аяқ мүлде тастай болып қалады. Аурудан қарт кісілер мен жас балалар және әлжуаз адамдар көз жұмған екен. Абай халқын өлімге сүйреген аурудан аман алып қалуға әрекет етеді. Қалай?Семейде Абайдың Федор Иванович Павлов деген досы болған. Павловтың әйелі Александра­ дәрігер еді. Абай елде тарап жатқан дерттің мән-жайын сұрамақ болып досымен кездеседі. Досы Павлов: «Өзі аса қауіпті, жұқпалы ауру – ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат. Бұрын да, қазір де ең әуелі Үндістаннан шығыпты. Содан Ресейді, Еуропаны, Англияны, Қытайды, Жапонияны, тіпті Солтүстік Американы да аралап өткен екен. Қазір Ресейде елу-алпыс губернияға жайылыпты деген сыбыс бар», – деп Абай атамызға жұқпалы дерттің қауіптілігі жөнінде айтады. Павлов Абайға «Асты онша ашықпай тұрып ішіңіз. Бұл ауруда ашаршылық қандай жаман болса, үлкен мешкейлік те жаман. Әр тамақты шақ қана, дәл ғана жеу керек…» деп аурудың алдын алатын кеңестермен бөліскен.

Халқымыз кісі қайтыс болғанда төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тіпті жаназаға келіп топырақ салмаған адаммен қарым-қатынасты үзуге дайын. Абай заманында пайда болған обаның әрі қарай таралуына – жаназаға кісінің көп жиналуы, садақа астарына қатысуы және қонақ-асы, садақа асы, Құран хатым, жетісі, қырық күндік асы секілді рәсімдерге бірнеше рет жиналуы себеп болған.

Бұл індеттің қауіптілігін халыққа қай жерде, кім арқылы, қалай айту керек? Бірінші кезекте, Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста Абай Құнанбайұлы өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді. Сармолла жұма намазына жиналған жұртшылықтың алдына шығып, Абайдың айтқандарын жеткізді: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкін қадарынша халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тараттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын».

Алайда жаназаны жаңаша тәртіппен өткізуді кейбіреулер қабылдай алмайды. Бірақ обадан қайтыс болған кісінің жаназасына қатысқан бірқатар дін ұстаздары да обадан қаза болғанын Сармолла еске салғанда ел елең ете қалады. «Жөн сөз» деп құптағандар табылды.

Осылайша халық жаназа рәсімін барынша аз адаммен өткізуге үйрене бастайды. Десе де, обаға шалдыққандар саны азаюдың орына керісінше, күннен-күнге адам өлімі көбейіп барады.

Бұған алаңдаған Абай енді халық арасында дұрыс тамақтану және жеке бас тазалығын сақтау жөнінде базарларды аралап өзі түсіндіруге кірісті. Әрдайым қолды ыстық сумен жууды, суық су, сұйық асты ішуді, қарбыз-қауын тәрізді бау-бақша өнімдерін тұтынуды және қатты қайнаған ас пен қатты қуырылған тамақ жеңіздер деп дәрігер Александра­ ­Яковлевна­ берген кеңестердің бірін қалдырмай түсінікті тілде, байыппен жеткізуге тырысты. Көп ұзамай халық індеттен айығып, еңсесін тіктеп, баз-баяғы қалыпқа түсе бастады. Міне, осылайша Абай атамыз кішігірім карантин шараларын қолға алып, бүтіндей елді аман алып қалды. Алайда осы түсіндіру жолында бастапқыда елдің барлығы Абайдың пікірін қолдай қоймады. «Орыстың сатқыны» деп айыптап, діни рәсімдерге араласуы орынсыз деп адамдарды оның сөзіне ермеуге шақырды. Бірақ Абайды тыңдаған ел аман қалды.

Қаншама уақыт өтіп, қоғам өзгерсе де, Абай заманындағы індет қазақ елін қайта әлекке салып жатыр. Аты мен ауру белгілері басқа болғанымен, қаупі, жұғу жолы бір. Халықтың да біраз бөлігі тура сол кездегідей індеттің таралуын тоқтату жолындағы сақтық шараларына құлақ аспай, оның астарынан әрнәрсені іздеп әлек. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, оба ауруының басты таралу жолы – адамдардың топ болып жиналуы, амандасуы, бірге тамақтануы себеп болған. Демек індет атаулының таралу жолдары бір болғаны сияқты, одан сақтанудың да жолы біреу. Ол – кісі көп жиналатын орындарға бармау, бетперде тағып, жеке бас гигиенасын сақтау, иммунитетті көтеру, дұрыс тамақтану, дәрігерлердің нұсқаулықтарын орындау.

Гүлхан ЯХИЯЕВА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: