Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда азаматтық коғам институттарының қалыптасуы

29.09.2021, 11:00 439

HALYQLINE.KZ Биыл Қазақ елінің егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанына отыз жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық салада жеткен жетістіктерін таразылау заңды екені анық. Әрине, еліміз өз тәуелсіз дамуының алғашқы жылдарында тұралап қалған өндіріс пен экономиканы қалпына келтіріп, дамытуға басымдық бергенімен, демократиялық қоғам қалыптастыру мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Оның айғағы ретінде мемлекетіміздің әлеуметтік құқықтық мемлекетті қалыптастырып, азаматтық қоғам құндылықтарын кеңінен қабылдауды басты бағдар ретінде тағдап алуын атауға болады.

Қазіргі Қазақстан жағдайында әлеуметтік құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен азаматтық қоғам талаптарын қабылдау үдерістері қатар жүріп отыр. Тәуелсіз даму жылдарында Қазақстанда жаңа саяси-құқықтық режим қалыптасып қана қойған жоқ, сондай-ақ босап қалған әлеуметтік кеңістікте көптеген ұйымдар мен ассоциациялар құрылды. Азаматтық қоғам және әлеуметтік құқықтық мемлекеттің бірінсіз бірінің мәні болмайды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам әлеуметік құқықтық мемлекеттің шешуші әлеуметтік-экономикалық алғышарты болып табылады. Азаматтық қоғам – оның осы күнгі түсінігінде және маңызында мемлекетке қарсы болуға, оның қызметіне бақылау жасауға қабілеті бар, мемлекетке оның орнын көрсетуге қабілетті, оны «жүгендеп» ұстайтын қоғам. Басқа сөзбен айтсақ, азаматтық қоғам – өзінің құқықтық мемлекетін жасауға қабілеті бар қоғам. Сонымен қатар, азаматтық қоғам тек мемлекетке әлеуметтік-экономикалық үдерістерге белсенді кірісуге мүмкіндік жасайды.

Өкінішке қарай, кеңестік жүйе жойылғаннан кейін, барлық посткеңестік елдер секілді, еліміз осы ағымдар үшін «діни және саяси вакумм» ретінде болды. Демократиялық құндылықтарды, сөз бостандығын, діни сенім бостандығын дұрыс түсінбеу, заңымыздың солқылдақтығы дәстүрлі емес діни ағымдардың елімізде орнығуына қолайлы жағдай тудырды. Тек соңғы уақыттарда ғана еліміз кеткен қателіктердің орнын толтыруға әрекет жасап отыр.

Қоғамды демократияландырудың өзегі болып табылатын заң шығарушы билікті, парламентаризмді дамыту атқарушы биліктің әрекетін шектейді, оның тетіктерін жетілдіру қоғамды демократияландыру деңгейінің көрсеткіші. Әлеуметтік құқықтық мемлекетті қалыптастыру елімізде парламентаризмді, парламентті, оның қызметін жетілдірумен қатар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтардың ерікті бірлестіктері мен ассоциациялары құрылды, бірақ олар өз жиынтығымен азаматтық қоғам жүйесін құрған жоқ. Мұндай жағдайда Қазақстан өтпелі посткоммунистік қоғам болып табылады. Оның ерекшелігі батыстық қоғам институттарына ұқсас әлеуметтік-саяси институттардың болуы, бірақ бұл институттар батыстағыдай өз қызметтерін әлі атқарып отырған жоқ. Азаматтық қоғамның жетілмегені оның әлеуметтік-мәдени алғышарттарының толық қалыптаспағанымен байланысты. Қазіргі Қазақстан жағдайында жоғарыдан төменге бағытталған қатынастар азаматтық қатынастар мен байланыстарға үстемдік етіп отыр. Әзірге еліміз халқының басым бөлігіне азаматтық қоғам институттарына жаттанған қатынас тән, ол кез-келген қоғамдық іс-әрекетте, ортақ мүдделер мен мақсаттарға біріккен кез-келген қоғамдастыққа қатысында көрінеді.

Сонымен бірге, азаматтық мәдениеттің басты ерекшелігі, ол барлық адамды заң алдында бірдей тең етеді. Сондықтан, шынайы азаматтық қоғамның басты шартының бірі – тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің заң алдында жауапкершілігі мен құрметі қатар жүретін жүйені құру болып табылмақ. Әрине, аталған тұжырымдама азаматтық қоғамның дамуы үшін серпін беруі мүмкін. Ондағы қоғамдық қатынастарды қайтадын жаңарту туралы жоспар толық жүзеге асуы мүмкін. Бірақ, тек саяси режимнің қалауымен емес, азаматтардың белсенді әрекеті арқылы жүзеге асады.

Болат ӘПЕНОВ,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: