Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр журналистикасына қатысты 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді

13.12.2021, 9:15 423

HALYQLINE.KZ Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Достық үйінде» «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдық жинағының тұсауы кесілді.

Іс-шараға ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай және «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев қатысты. Сондай-ақ, Түркістан облысының БАҚ өкілдері, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Келелі жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет оқырманға жол тартқан жинақтың мәні мен маңызына тоқталып, аймақтың медиа кеңістігінің өткен жолы мен тарихын түгендеу, тұлғалардың еңбегінен тағылым алу маңызды миссия екенін алға тартты.

– Бүгінгідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналист қауымын – қоғамның қозғаушы күші деуге негіз бар.

Сыр өңірінің ғасырлар бойы қалыптасқан шығармашылық мектебінен түлеген мыңдаған журналистің әрісі шетелдерде, берісі Нұр-Сұлтан, Алматыда, өз өлкемізде абыройлы қызмет етіп жүр.

Телегей-теңіз ақпарат ғасырында дәстүрлі медианың жаңа медиамен күш біріктіріп дамудың жаңа сатысына көтерілген кезеңінде Сыр елінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын түгендеп, қоғамға, халыққа және жалпы өз-өзімізге есеп беру деп білеміз. Сондықтан, бұл кітаптың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартуы біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жинақтың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерінің және шығармашылық қауым өкілдерін бір арнаға тоғыстырған «Сыр медиа» ЖШС-нің тарихы топтастырылған. Ал, ІІ томында «Ақмешіт апталығы» мен аудандық 7 басылым туралы ақпараттар жинақталса, ІІІ кітапта аймақтағы электронды БАҚ, баспахана тарихы және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері туралы анықтамалық көрсетілген. ІV томнан облыстағы тәуелсіз басылымдар туралы ақпарат алуға болады. Ал соңғы жинақта оқырмандар ақпарат саласында Сыр бойынан шыққан айтулы тұлғалар мен журналистердің тәжірибесін, шеберлік дәрістерін оқып-біле алады.

Салтанатты шарада отандық журналистиканың орны туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай ой-пікірлерін ортаға салды. Ал, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев еңбектің ғылымға қосқан үлесі туралы айтып берді.

Мұнан соң, «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының лентасы салтанатты түрде қиылып, қалың оқырманға жол тартты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: