Қазақ халқы ертеден мереке болса ұлан-асыр той жасап, дүйім жұртқа ас береді. Ас бергенде де бір соғым ет асып, құдайы қонақтың көңілін күпті қылады. Өйткені «қонақ келсе ет қызарар, ет қызармаса бет қызарар» деген тәмсілдің астарында біраз мағына бар. Ықылым заманда ас көбіне еліне елеулі, халқына қалаулы, көп жағдайда жасы ұлғайып барып қайтыс болған ер адамға арналып берілген. Алайда оның атын өзгертіп, жалқыдан жалпыға ауыстырып атап өтудеміз. Дегенмен, бүгінгі күні халық арасында қонаққа ас беру дағдысы да кенжелеп бара жатыр. Оған себеп, қоғамда ашкөзділік, көреалмаушылық басым. Жаман ниетті адамдар болған соң, заман да өзгерді. Бұрынғыдай өзгенің ауласына рұқсатсыз кіріп, хал сұрасып кете де алмайсыз. «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады» демекші, есіктің алдынан қайтуыңыз әбден мүмкін. Жалпы, қоғам арасында бір-біріне қол жұмсап, қастандық жасау көбейіп тұрған соң, бас амандықты бірінші орынға қоюға тура келеді. Сол себепті заманды өзгерткен адамдар болса, салт-дәстүр де заманға қарай икемделіп келеді. Десе де, Сыр бойының бас қаласының туған күнінде ел азаматтары көпшілікке Сырдың символы іспеттес ақ күріштен дәм татқызуды жөн көріпті.
Қызылорда қаласы күні бір ай көлемінде тойлануда. Жастар шеруімен ашылу салтанаты орталық алаңда өткізілді. Елдің тұтқасы жастар болған соң, біршама іс-шара солардың қызығушылығына арналғаны жөн. Дей тұрғанымен, «Ауыл – елдің айнасы» айдарымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мереке де өз кезегімен ұйымдастырылды. Кеш барысында мерейлі мерекеге рең берген ағайынды Мұрат пен Марат Сәрсенбаевтардың демеушілігімен Сыр халқы қоңыр күздің дәмін татты. «Абай-Дәулет» ЖШС ұсынысымен, аймақ басшысының қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жиылған жұртшылыққа арнап 40 қазан палау пісірілді. Мұндай айтулы іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, қала әкімі Асылбек Шәменов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, 10 мыңнан аса тұрғын жиналды. Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың түптамырында ұлттық салт-дәстүр бар деді.

– Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер. «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. Бүгін, міне, өздеріңізбен бірге аймақтағы «Сыр Ана» монументі алаңында есте қалар ерекше бір іс-шарада бас қосып отырмыз. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл сайын су тапшылығы дегенімізбен, жағалауындағы жұртты астан айырмай отырған Сырдарияның жанында өткізілгені дұрыс шешім. Сырдың қырық қазан палауы түгелдей өңірдің өнімінен жасалды. Атап айтсақ, он қазаны түйе етінен, он қазаны жылқы етінен, он қазаны сиыр еті болса, ал қалған он қазаны қой етінен әзірленді. Күрішке келер болсақ, «Лидер», «Янтарь», «Маржан», «Әйгерім», «Сыр сұлуы» және украиналық сорттардан дайындалды. Бұл өзіміздің өнеркәсіпті қолдау һәм құрмет екені сөзсіз. Ыбырай Жақаевтың ізінен ерген өрендер жерді, тұқымды таңдау мен баптау, судың қасиетін, суару әдісін толық меңгергені анық. Қайткенмен де, 1947 жылы Ыбырай күріштің Сыр бойындағы «Қазақ салысы» сортын егіп, бес гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, жаңа әлемдік рекорд орнатып, қазақ елінің абыройы асқақтаған еді. Содан бері бұл көрсеткіштен әлемде асып түскен ешкім жоқ. «Рекорд қалай жасалды?» деген сауалға Ыбырай: «Алдымен еңбек! Сонан соң еңбек! Тағы да еңбек!» деп қысқа да, нұсқа жауап қайырыпты. Міне, қарманған қарап қалмайды. Сондықтан жер тынысын, су сырын өзіне ғана мәлім терең түйсікпен танып, өмірлік тәжірибемен қорытып, тамыршыдай тап баса алған дара дарын Сыр күрішшілерінің өнімін халыққа жиі насихаттап, тұтынушылар қатарын еселеткен жөн. Ең алдымен, ішкі қажеттілікті толықтырып, содан соң сыртқа, яғни экспортқа шығарып, өндіріс өнеркәсібін дамытуды көздеу керек.
Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев күрішті аймақ Сырдың жеріндегі думанды іс-шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.

– Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға алған кезде күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқаншылар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші – байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын, – деді Аманжол Әлтаев.
Сондай-ақ, айтыскер-ақын қазанның пәлсапалық ұғымына тереңірек тоқталып өтті. Расында қазақта «қазаның суымасын», «қазанының оты өшпесін» деген мағыналы сөздер бар. Ата-бабамыз жалғыз түйемен көшсе де, бүтін қазанын жұртқа тастамаған. Сол себепті қара қазанның маңыздылығын жастар алдында айтып өткені орынды. Ел ардақтылары игі бастамада сөз сөйлеп болғаннан кейін бүкіл халық болып қырық қазанның қақпағын ашты. Жиналған көпшілік кезекке тұрып үздік қырық аспаздың түрлі қырық палауының дәмін татты.
Этноауыл форматындағы іс-шарада ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың «Күріш туралы толғанысынан» үзінді, қазақтың дәстүрін насихаттайтын ауыл жастарының алтыбақан астындағы көңілді кешінің көрінісі, ақындар айтысы, «Бауырсақ PARTY», «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST» фестивальдерімен жалғасты. Жалпы, бұл іс-шарада ұлттық құндылық дәріптелді. Қызылорда палауының дәрпі дараланды және аспаздарға құрмет көрсетілді. Бұған қоса, екі жыл індеттен інге тығылған бұқара бір-бірімен жүздесіп, мерекенің ауқымын кеңейте түсті. Олай болса, қала тұрғындарының пікірімен бөлісе кетейік.
– Қала күніне байланысты қырық қазан палауы іс-шарасының өткізілгеніне қуаныштымын. Халықтың жүзінен мерекенің қай деңгейде өтіп жатқанын аңғаруға болады. Барлығы іс-шараға дән риза. Ардагерлер қауымына көңіл бөлініп, киіз үйге кіргізіп ас беруде. Сол себепті бүкіл елдің азаматтарына жұмыстарына береке берсін деп тілеймін. Осылай арқа-жарқа болып, көрісіп жатқанымыз – ең алдымен билік басшыларының жемісі. Әрбір істері оңынан болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болып, мерекеден-мерекеге жете берейік, – деді Бақыткүл Ерғалиқызы.
Жастар да жақсы бастамаға разы екендерін жеткізді. Мұса Жеткергенов есімді қызылордалық қала күнінде тұрғындардың басын қосып, концерттік бағдарлама өткізіліп жатқанына алғысын білдірді. Оның айтуынша, қырық қазан палау дәмді тамақтан ауыз тию ғана емес, халықтың пандемиядан кейін есеңгіреп қалған көңілін көтеріп, бір-бірімен қайта қауышып, күнделікті қауырт тірліктен бой жазу екен. Иә, жас пен жасамысы, әрісі еңбектеген балаға дейін мерекеге келіп, қала күнін тойлады. Тіпті қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова елмен бірге болып, мерекелік кештің соңына дейін қатысты. Халықпен етене жақын шүйіркелесіп тұрған әкімнің орынбасарына біз де барып, мерекенің өту деңгейі жайында тілдестік.
– Жалпы, биылғы қала күні бір күн емес, бір ай көлемінде әртүрлі бағыттағы іс-шаралар арқылы өткізіледі. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұранын насихаттайтын, сондай-ақ жастар күніне байланысты іс-шаралар жетерлік. Ал бүгінгі іс-шараға келер болсақ, халқымызды зобалаң күндерден кейін бір серпілтіп, қуантатын іс-шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Сол себепті «Абай-Дәулет» ЖШС-мен бірлесіп, қырық қазан палау өткізілді. Сонымен қатар, халқымыздың ұлттық киімдерін, тағамдарын, қолөнерлерін халқымызға көрсетіп, этно бағытта іс-шара жалғасын тауып жатыр. Бәрі халықтың бірлігі, ынтымақтастығы үшін, халқымыздың ырыс-несібесі молайсын деген ниетпен ұйымдастырылды, – деді Ақзира Қасымова.
Дегенмен, дәмді асқа кезекке тұрған жұртшылық кикілжің тудырғаны рас. Тіпті «халық аш, ашпыз» деп айқайлап таласып жатқандары да аз болмады. Бұны көрген жұртшылық әлеуметтік желіге жарыса жазды. Қызылорда тұрғындары «жабайы» деген видео да әлеужеліде көрініс тапты. Расымен, халық піскен палауға таласып, дау-жанжалға ұластырғаны болды. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Алматы қаласынан туған-туысына қонаққа келген азамат мұндай толассыз кезектен қырық қазанның бір қасық дәмін де көре алмағанын айтып қынжылды. Мұндай іс-шараның қалың қазаққа керек еместігін айтқандар да болды. Tengrinews.kz сайтының тілшісі «Қазылар алқасының мүшелері адамдардың арасынан әрең өтті. Бір кезде баз біреулер аспаз әйелдің басынан шөмішпен ұрғанын айтады. Оған жедел жәрдем шақырылған. «Сыр ана» монументінің маңында жайылған дастарқаннан халық ас ішу үшін палау пластик ыдыстарға салынып, таратылады деп жоспарланған болатын. Бірақ минут өткен сайын көрерменнің шыдамы таусылған. Ыстық ауа райы да әсер еткен болуы мүмкін. Халық палау салынған пакеттер мен ыдыс-аяқтарды тарата бастағанда, тегін тамаққа таласқандар айғай-шу, төбелес шығарды. Халық үстелдер мен қоршауларды аттап өте бастады. Полицияға көмектесу үшін қосымша күш келді», – деп сипаттады оқиғаны журналистер. Алайда ресми билік ешбір қоғамдық тәртіпсіздік орын алған жоқ, әрі зардап шеккен азаматтар болмағанын мәлімдеді.
– Шынын айтқанда, Сыр елінің бас бренді саналатын ақ күріштен әзірленген астан ауыз тиюге асыққандардың қатары көп болды. Бұл жерде мақсат – палау тарату емес, қазақтың негізгі салтын жаңғыртып, қазанды отқа қойып, Сыр елінің негізгі асы күріштің жаңа сорттарынан палау әзірлеу. Күріштің ырыс-несібенің символы екенін дәріптеу. Палаушылар піскен күрішті арнайы ыдысқа салып, келген тұрғындарға таратты. «Жанжал, төбелес болды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткіземіз. Бұл ретте біржақты түсініктер қалыптасқаны өкінішті, дегенмен, қандай да бір өрескел әрекеттер орын алмады, ешқандай қоғамдық тәртіпсіздік тіркелмеді,– деді қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев өзінің Facebook парақшасында екі жылғы пандемиядан есеңгіреп шығып, құшақ қабысқан жұрттың осы қуанышын кешке дейін жеткізбегеніміз болмады деп өз пікірімен бөлісті.
– Күздің алғашқы дәмінен ауыз тиеміз деп кезекте кимелесіп қалған елді «асқа таластыға» балап, Жалайырға жар салғаннан алған жүлделерің қане?! «Суалған самаурынды» «су алған Самарқанға» айналдырып жүрген де, олардың бұл қылығына «Үрит, соқ» деп санын шапаттап, шалқалай күліп отырған да өзге емес өзіміз ғой. Тойдың бас-аяғы бұл емес. Амандық болса, алда талай қазан асылар. Тек «елге болсын» деген азаматтардың бастамасынан мін тауып, игі ойды ит тартқан терідей қылмайықшы, – деді ол.
«Тегін асқа, тік қасығын» жалаңдатып, «қырық қазан кімге жетсін» деген желең әңгіме желіде желдей бәріне жетті. Қырық қазан байқауына қатысып жатқан аспаздың бірі, негізгі жұмысы мұнайшы Амантай Нұржанов та істеген асын халық көзбояушылыққа балағанына налыды. Сонымен қатар, іріктеу қалай өткізілгені жайында баяндады.
– Әлеуметтік желідегі жарнаманы көріп, тіркелдім. Біраз уақыттан кейін ұялы телефоныма «іріктеуден өттіңіз» деген хабарлама келді. Содан кейін «Абай-Дәулет» ЖШС-нің жиналысына қатыстық. Міне, бүгін бағымызды сынаудамыз. Менің палау пісірудегі ерекшелігім ешқандай дәмдеуіш, қоспасыз жасаймын. Бүгін күріштің «Сыр сұлуы» сортын қолдандым, – деді қырық қазанның қатысушысы.
Ұйымдастырушы 2 тонна ет, 1 тонна күріш, 1 тонна сәбіз, 500 келі пияз және жүздеген литр май бөлген екен. Тамақты жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен қатар, басқа қалалардан келген аспаздар да дайындады, тіпті Өзбекстаннан келген қатысушылар да болыпты. Думанды іс-шарада бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдені Алматы қаласынан келген Әмір Тәжібаев иеленіп, 150 мың теңгені қанжығасына байлады. Қалған жүлделерді облыс аспаздары иемденді. Атап айтсақ, 1-орын Бауыржан Баймағамбет, 2-орынды Гүлмира Үрмашева мен Санжар Эргашев бөліссе, 3-орынды Палима Жақсылықова мен Жұмаш Бахаева қанағат тұтты. Жеңіс тұғырынан көрінбеген қатысушыларға ынталандыру мақсатында 10 мың теңгеден берілді. Іс-шара Жігер Ауыпбаев пен Мөлдір Әуелбекова сынды танымал әншілер әуелеткен әнімен, күйшілердің күмбірлеткен күйімен жалғасты. Сөз соңында айтарымыз, жақсы істің бастаушысы һәм жаршысы болмасақ та, игі істің даттаушысы болмайық.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!