Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыйдың да салмағы бар…

01.05.2025, 11:00 841

Қазақстан – бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналған ыстық ұя. Тәуелсіз ел ретінде осы құндылықты қадірлейтін 1 мамыр мерекесін тойлағанымызға да биыл 30 жыл толды. Құшағы кең, жаны жайсаң кеңпейіл халқымыз қашанда жұрттың қамын бірінші ойлайды. Ақын Ұлықбек Есдәулетше айтсақ, «қонағының қотырын қаситұғын, өзіндегі қарамай сан жараға» дейтін санаттанбыз. Бұл жақсылықты білгеннің қазаққа айтар алғысы мол, ал білмегеннің төбесінде қамшы ойнатар  ойы  бар…

Бір  шаңырақ  астында 130-дан  астам  этнос өкілінің тату-­тәтті, тып-тыныш бір үйдің балаларындай ғұмыр кеш­уі оңай шаруа емес. Қатулы қабақ, жұмулы жұдырық орын алатын кездер де болады. Алайда қазақтың кеңдігі бұл алауыздықты байқатпай жібереді. Қазақ халқының шыдамдылығы, өзге жұрттың баласын өзімсінуі, мейі­рімділігі, қиын сәтте болысып, көмек көрсетуі ауыртпашылықты жеңілдетті. Жаны жақсылыққа ұмтылатын халқымыздың ақ адал ниеті маңдайдағы бағы ма дерсің?! Алдынан шыққан кесе-көлденең тау­қыметтің бәрін демін сыртқа шығармай, жеңіп келе­ді. Көпті  көрген елдің  шеттен  келген  қонақ­ты  сыртқа  тебер  ойы  жоқ.

Қазақ халқы бір нанды бөлісіп жеп, қуанышта да, қайғыда да жанынан табылған өзге этнос өкілдеріне құрметпен қарайды. Оларды тілі, жүзі басқа деп емес, керісінше, бауырлас халық деп санайды. Қазақтың жылы жүрегінен олардың  әрқайсысына  орын табылады. Өз кезегінде  осы  уақытқа  дейін түрлі этнос өкілдері ел абыройын асқақтатуда, қазақ тілінің мәртебесін көтеру­де, ұлт  мәдениетінің  жауһарларын  жинау­да үлесін  қосып  келеді. Мәселен, қазақтың 500 ән-­күйін жинап, нотаға түсірген А.Затаевичтің еңбегі, жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы Герольд Бельгердің қазақтың әдеби мұраларын өзге тілде сөйлетіп, қазақ руханиятына қосқан айтулы еңбегінен қалай аттап өтесің? Осы секілді ортақ мақсат жолын­да  қазақ  халқына қызмет еткен асылдардың еңбегі  қашанда  айтуға,  бағалауға  тұрарлық.

Биыл бірлік пен теңдіктің, татулықтың бесігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осы атаулы дата қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев қатысып, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылған Ассамблеяның салмағына тоқталды. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Ассамблея көмек қолын созудан аянып қалмады. «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты.

Осы жиында Президент бірқатар маңыз­ды міндеттерге де қысқаша тоқталды. Атап өтсек, біріншіден, аймақтардағы Ассамблея жұмысын жандандыруға қатысты. Былтыр еліміздің  рухани  және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылғанын атап өтіп, алдағы уақытта алып облыс Алматыда да осындай орталық салу қажеттігін тілге тиек етті. Одан бөлек, түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу кере­гін баса айтты. Екіншіден, медиа­кеңістікте бірлік пен келісім идеясы кеңінен дәріптелуі қажет екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда жүк журналистер клубына түскелі тұр. Алда еліміздегі этностардың тілінде шығатын өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына жүйелі түрде қолдау  көрсетілмек. Осыдан-ақ мемле­кеттік саясаттың түрлі этнос өкілдерінің ақпарат аясын тұншықтырып емес, кеңейтіп жат­қанына көз жеткізуге болады. Үшіншіден, түрлі этнос өкілдерінің мәдениет пен өнер саласындағы мұраларын дәріптеуді жалғас­тырып, Астана мен Алматы қалаларында Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлерін ұйымдастыруды тапсырды. Қазақстанда 9 орыс драма театры, ерекше төрт этнос, яғни, ұйғыр, корей, өзбек  және  неміс  театрлары  көрерменнің  көзайы­мы болып жүргенін де айтты. Сонымен қатар Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақ­стан этноста­ры театр өнерінің фестивалін өткізуге болатынын  жеткізді.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, қызықтың көкесі Мемлекет басшысының сессияның ортасында сөйлеген сөзінде болды. Президент: «Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз» деді. Дәл осы сөзден кейін қоғамның пікірі қақ жарылды. Көбі онсыз да сыздаған жараның бетіне тұз сепкендей болғанын айтты. Табалдырықта сығылап тұрған «қазақ тілінің көсегесін қайтсем көгертем?» дегендердің жүрек талмасы ұстауға шақ қалды. Жоғары мінберлерде қазақ тілін екінші сорт санайтындар енді бөркін аспанға лақтырады. «Шаңыраққа қара» деген ұстанымды батыл айта алмайтын жалтақтығымыз да қазақты өзгенің алдына жығып бергендей  болды.

Алайда егер назар аударған болсаңыз, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Біз популис­тік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты. Бұл жөнінде журналист Алла Гаврина дұрыс пікір айтты. Меніңше, ол басқа да әріптестерінің атынан өте жақсы ұсыныс білдірді» деген сөзі бойға қанат бітірді. Неге біздің отандық ақпарат кеңістігі осы ұстанымды кеңінен насихат­тамайды? «Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тіліне айналуын қолдап отыр» деп ұрандатса, көптің  ойына  қозғау  салар  еді…

Әрине, жұртты ойлаған жақсы, алайда өзің толарсағыңа толмай жатып, жұртты ойлаға­ның не теңің? «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» дейді. Қазақ қазақты құрметтеп, сыйлап, жоғары көтергенде ғана көпке үлгі болмас па?! Басынан сипағанды елдің бәрі сыйластық деп түсінбейді. Қорқыныштың көлеңкесі деп ұғынуы да мүмкін… Сол себепті «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», елдің, жердің мұрагері қазақтың күйін күйттеп, тағдыр айдауымен Отанымызды  мекендеген этнос өкілдеріне  ілтипат  көрсеткенге  не  жетсін?!

Коллаж: anatili.kazgazeta.kz

Хан  ТӘҢІРІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: