Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сол жағалауда жол салынады

23.02.2021, 16:30 651

Қаламыздың сол жағалауы күннен-күнге көркейіп, өсіп келеді. Алдағы уақытта облыс орталығындағы біршама әлеуметтік һәм экономикалық маңызы бар біршама нысандар сонда салынбақ дейді білетіндер. Жағалауды бойлай орналасқан аудандағы қозғалыс жағдайын біршама оңтайландыру да назардан тыс қалмаған. Ол үшін әлі де жол салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 8,4 шақырымды құрайтын бөгет бойымен салынып жатқан магистралды көше құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 3 млрд 391 млн теңге. Көшенің біршама бөлігі салынып біткен. Ағымдағы жылы жобаны толық аяқтау үшін 1 млрд 493 млн теңге бөлінген екен. Құрылыс жұмыстарын «УАД» ЖШС жүргізіп жатыр.

Бұл көше сол жағалаудағы тұрғын үйлерді толығымен айналып салынбақ. Жобаны маусым айына дейін бітіруді жоспарлап отырған көрінеді. Пайдалануға берілген уақытта сол жағалаудағы қозғалыс жұмыстары бір жүйеге түспек. Кептеліс һәм айналма жолдар азаятын болады. Жоба барысында жол ғана емес, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолы және арнайы веложол да салынбақ. Жағалауды бойлай салынатын бұл бастамалар қаланың келбетіне көрік қоспақ. Аталған жұмыстардың барлығын жоғарыда көрсеткен «УАД» ЖШС атқаратын болады. Бұл құрылыс жұмыстарына мекемеден 50 адам және 30 техника жұмылдырылған екен.

– Аталған жобы бойынша салынатын жолдың ұзындығы 8,4 шақырымды құрайды. Арнайы құжаттар дайындалып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болған мердігер компания өз жұмысын бастап кетті. Жолдан бөлек, көше бойына жаяу жүргінші жолдары мен түнгі жарық бағаналары салынады. Барлық жұмыстың қаражаттары толықтай қаралып қойған. Бұл жұмыстар жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатынына сенімдімін, – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлы.

Құрылыстың мерзімі толық 13 айды құрайтын болады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен қолға алынған. Жауаптылардың айтуынша, бұл сол жағалауда салынайын деп жатқан соңғы көше емес. Алдағы уақытта тұрғындар жағдайын жеңілдету үшін біршама істер атқарылмақ. Мамандардың жағымды жоспарлары көп. Ендігі жолда тура жолдай таймай, ойына алғандарын соңына дейін жеткізеді деген үміттеміз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: