Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ширек ғасыр күттірген жол…

11.11.2020, 16:45 531

Көктем келсе әбіржіп, «белінен» келетін балшыққа «батып кетпейін» деп, тауешкідей тастан-тасқа секіріп күнелту қаламыздың шеткі аудандарындағы тұрғындарға таныс жағдай. Жолы жоқ көшелерде бала тұрмақ ересектердің де жүріп-тұруы қиын. Және бұл мәселе күні бүгінге дейін «қара қазанда қайнап, көбігі шыққан» еді. Дегенмен, «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында қаламыздың шет аймақтарына да көңіл бөлінуде. Жалпы, ағымдағы жылы облыс орталығында 200-ден аса көшенің жолдарын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, қалалық бюджеттен қосымша 36 көшені жөндеуге қаржы қаралған. Бүгінде жоспарланған жұмыстар аясында біршама көшенің жолдары асфальтталды, кейбіреуі әлі де жөнделуде.

Қара балшықтың астында қалатын да – сол «қара қазанның» маңында жүргендер. Солардың қуанышымен бөлісейік, бір жағынан істеліп жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайтайық деген оймен жол салынып жатқан бірнеше көшеге барып қайттық. Алдымен Көктем көшесіне аяқ бастық. Бұған дейін назардан тыс қалған Әл-Фараби мөлтек ауданында биыл бірнеше көшеге жол салынып жатыр екен. Қазіргі таңда Көктемде асфальт төсеуге дайындық жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстарын «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер компаниясы атқарса, техникалық қадағалаушысы болып «Қызылорда НұрСтрой Инжиниринг» ЖШС танылыпты. Ең бастысы, тұрғындар дән риза. «Жаңбыр жауып, қар еріген кезде жаяу жүру мүмкін емес еді» деп бұрынғысын еске алады. Жауаптылар жөндеу жұмыстарын қараша айының соңына дейін бітіреміз деп уәде етіпті.

Осы ауданға көшіп келгеніме 20 жылдай уақыт болды. Келген кезімде бұл жерде өркениет деген мүлдем жоқ еді. Қалың шеңгелдің арасында шаңға көміліп жаттық. Екі көше жалғыз аяқжолмен қатынадық. Су да, жол да жоқ. Күнкөріс деген аты ғана болмаса, өмір сүру өте қиын еді. Құдайға шүкір, бүгінде жол жүргізіліп жатыр. Осыған дейін, мектепке баратын жолға тротуар салынған тұғын. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген барша адамдарға алғысымды айтамын. Жол жөндеу жұмыстары осыдан бірнеше күн бұрын басталса да, тегістеп үлгеріпті. 20 жылдың ішінде жолға қол жеткізейін деп отырмыз. Қуаныштымын,- деді көше тұрғыны Мұхтар Қалекеев.

Келесі көшеге ат басын бұрғанда «арыға бармайық» деп, сол маңайдағы тағы бір жөнделіп жатқан көшеге тұрақтадық. Ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын Әшіреков көшесінде тас төсеу жұмыстары жүргізіліп қойылыпты. Мұндағы мердігер компания – «РБ-Строй» ЖШС мекемесі. Техникалық қадағалаушысы жоғарыдағы көшенікімен бір екен. Мұнда да сол жағдай. Балшықтан зәбір көрген жұрт «үйге кіріп-шығу жеңілдейтін болды» деп қуануда. «Батпақтан құтылатын болдық» деп бір-бірімен әзілдесіп те қояды.

Осы көшеде тұрып жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Басты мәселе жол еді. Бұл да шешімін тауып жатыр. Қала билігіне алғысымды айтамын. Әсіресе, мектеп балаларына қиын еді. Осы жол толықтай салынып бітсе, бір уайымымыз азаяды. Бізден басқа көршілес көшелерге де жол салып жатыр екен. Олар да қуанып жүр,- дейді көше тұрғыны Бердияр Мыңбаев

Келесі тұрағымыз «Арай» мөлтек ауданы болды. Бұл жақта да бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Біз барған Абай және Жақаев көшелерінде асфальт төсеу басталып кетіпті. Бұл жердің де тұрғындарының алғыстан басқа айтатыны жоқ. Айтпақшы, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде еліміз жолдың сапалығы жағынан алдыңғы 100 елдің қатарына да кіре алмапты. Сол себепті «жөндедім» деп жамбастап жатып алатын мердігер компанияның артынан техникалық қадағалаушылар тағайындапты.

Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында 200-ден астам көшенің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаламыздың орталығы ғана емес, осындай шет аймақтағы көшелерді қамтудамыз. Дегенмен, барлық көшелерді бір мезетте асфальттау мүмкін емес. Бұндай игі істер келесі жылы да жалғасын табатын болады. Жалпы, жолдардың барлығы құрылыс нормативтеріне сай істеліп жатыр. Сапасын арнайы тексеру мақсатында техникалық қадағалаушы да тағайындадық. Көп көшелерге бұған дейін асфальт төселмеген еді. Міне, араға бірнеше жыл салып, биыл сол көшелердің көп бөлігіне асфальт салынып жатыр,- деді қалалық тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Жалпы, жөндеу жұмыстары жоспардағыдай екеніне барып, көзімізді жеткізіп қайттық. Бастысы, халықтың шағымы жоқ. Бұл жауапты мекеменің атқарған жұмыстарының жемісі болса керек. Бөлім басшысы бұндай жұмыстарды келесі жылы да жалғастырамыз деп уәде етті. Бұл қарқынмен қаламыздың барлық көшелері аздаған жылда тақтайдай теп-тегіс болып шықпақ. Лайым солай болсын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: