Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шенеуніктердің ішінде ғылым адамы жоқ

20.12.2023, 18:25 220

HALYQLINE.KZ

Алматыдағы физика-математика мектебін бітіріп, Новосибирск қаласына оқуға түстім. Сонда аспирантураға дейін оқып, 1985-1995 жылдары сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ бердім. Артынан докторлық алып, Шымкентке бардым да, 2001 жылға дейін қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқытушы болдым. Сол бес жылда мен ғылымнан қалдым. Алтыншы жылы Бразилияға түпкілікті барып, бір жыл толықтай ғылыммен айналыстым. Одан кейін 2001-2007 жылдары Еуразия ұлттық университетінде сабақ беріп жүрдім де, сол жақтан АҚШ-қа көштім. Өзім ашық тұрған орынға конкурсқа құжат тапсырдым да жұмысқа орналастым, содан бері осындамыз. Өзім математиканың ішінде алгебра бағытында жұмыс істеймін. Қазақстанда Асқар Жұмаділдаев, Мәскеуде Асқар Туғанбаев, БАӘ-де Қанат Әбдіхалықов деген ғалымдарымыз осы салада.

Бір кездері қазақ ғылымындағы үрдіс үзіліп қалды. Қалыптасқан кеңестік ғылым жолы тоқтап қалды да, 1990-1995 жылдары мүлде қозғалыс болмады. Бертін келе, 2010 жылдардан бастап қайта тірілді. Бірақ қарыштап дамып кетті дей алмаймыз. Қазірдің өзінде НУ мен ҚБТУ-да болмаса, басқа ЖОО-ларда ғалымға жағдай жасалмаған. Өйткені министрлікте отырғандардың, шенеуніктердің ішінде ғылым адамы жоқ. Олар не істеп отырғанын, ЖОО-лардағы профессорлардың жағдайын мүлде түсінбейді. «Екі қойың бір сом». Жақында ғана естіген бір жағдай – екі ғалым бірігіп зерттеу жасаған, сөйтсе оларға тек бір грант береміз депті. Бұл мамандардың қолын байлау. Одан бөлек, шетелдік соавтор болған, онымен келісімшарттарың жоқ деп тағы шүйліккен. Сонда ғалым құжатпен жүгіре ме? Ақша іздей ме? Әлде зерттеумен айналыса ма? Өкініштісі, осындай бюрократиялық, түсініксіз жүйеден жақын арада құтыла алмайтын секілдіміз. Ал дамыған елдерде шенеуніктер бұлай ғылымға кедергі келтірмейді. Бітпейтін тексеріс, жиналыс, қағаз, қаржыландыру көзін іздеу деген мәселе жоқ. Айтсам таңғаласыз, 10 жыл жұмыс істеген ректорымыз осы жақында ғана жасы келіп, жұмыстан шықты. Оны осыдан үш жыл бұрын бір-ақ рет көрдім. Проректорды да дәл солай. Өйткені әркім өз жұмысымен босамайды. Шешу керек мәселелер болса, факультет деканы бар. Оның өзінде байланыс көбіне хат арқылы. Ал жалпы жиналысымыз жылына бір-ақ рет. Демек, мұнда ғалымның ғылыммен айналысуға уақыты бар. Біздің елге осындай қарапайым мәселелерді шешіп, кейіннен ғылыми орта қалыптастыруға тырысу қажет. Бұл орайда мен бір идеяны айтқым келеді. Ендігіде математика институттарын мемлекет қаржыландырмақ. Осы институтқа жылына бір рет елдегі барлық ғалым-профессорларды жинап, семинарлар өткізілсе, ортақ зерттеулер мен «публикациялар» жасалса, бұл институтқа да, университетке де, ғалымдарға да пайдалы болар еді. Мұны тұрақты үрдіске айналдыру арқылы қазақ ғылымындағы ортақ процестің қалыптасуына, ілгері жылжуға оң әсер ете аламыз. АҚШ-та сипатталған процесті Макс Планк жүйесі дейді. Оған сәйкес, 3 жылда бір рет оқытушылардың семестрін бос қояды, сабақтардан босатады. Ал біз бұл демалысты әдейі жазға ыңғайлап аламыз да, 4 ай емес, 8 ай жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Онда жатын орын, тамақ, басқа да қажеттіліктер дайын тұрады. Ештеңе ойламайсың, тек жиналып жұмыс істейсің. Қазақстанда да осы нәрсені енгізу керек. Ол үшін оқытушыларға арнайы ғылыми позициялар беріп, оларды бір семестр арнайы босатып, іскерлік сапармен институтқа барып жұмыс істеуіне жағдай жасалуы тиіс. Осылай-осылай ғылымның дамуына, ғалымның жұмыс істеуіне қолайлы орта жасай алғанда мамандарымыз шетелден жұмыс іздемейтін болады. Ал негізі, жастардың сыртқа барып оқуы, жұмыс істеймін деп талпынуы дұрыс нәрсе. Ізденіс керек. Бірі болмаса екіншісі отанға қайтып, елге қызмет етері сөзсіз.

Біз де ізденіс үшін, ғылым үшін көштік. Өзімнің Қазақстанға қайтамын деген жоспарым бар. Бірақ балаларым: «Елге барсақ жемқорлыққа батып жұмыс істейміз бе, қалай болады?» деп сұрайды. Мұндай ой орынды да. Өйткені елімізде жемқорлықпен күрес әлі де жоқ. Айтылып жауыр болған тақырып қой… Ал жемқор ғылымда жүре алмайды, ғалым жемқор бола алмайды. Ғылымда тек идеалдар болу керек. Дәл осы себептен қазір Қазақстандағы ғылымға қайтудан ешқандай нәтиже бола қоймайды, онда жұмыс істеу мүмкін емес. Сенім пайда болмай, адамдар бір-біріне сенбей, бұл нәрсе оңалмайды.

Уәлбай  ӨМІРБАЕВ,

математик-ғалым

«Жас  Алаш»  газетінен  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: