Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды

20.08.2021, 17:57 940

HALYQLINE.KZ Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен этножурналистика саласындағы облыстық «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегерлерді облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Фархат Әбдібағдатұлы марапаттап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне этносаралық татулық пен бірліктің нығаюына қосқан елеулі еңбектері үшін ризашылығын білдірді.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, ауызбіршілікті одан әрі дамыту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді.

Бұл жолғы байқаудың мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елдегі татулық пен бірліктің беріктігін насихаттау, этносаралық қатынастар тақырыбын жазып, көрсететін журналистерді ынталандыру арқылы елдегі қоғамдық келісімді нығайту болып табылады. Осы жылдың 1 наурызынан бастап байқауға бірнеше өтінімдер келіп түсті. Республикалық, облыстық, қалалық, аудандық телеарна мен баспасөзден 17 өтінім қабылданып, қаралды. Қазылар алқасының төрағасы облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, құрамында белді де беделді, өз саласының білгірлері «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, Журналистер мен сарапшылар клубының төрайымы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Ақерке Жолмаханова болып, барлық шығармашылық жұмыстарды қарап, саралап тиісті бағаларын қойды.

Нәтижесінде, әділ қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік репортаж» номинациясы бойынша облыстық «Қызылорда» телеарнасының тілшісі Гүлфайруз Пірмағанбет, «Танымдық мақала» номинациясы бойынша Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков, «Үздік мақала» номинациясы бойынша облыстық «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев, «Өзекті мақала» номинациясы бойынша қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ерсін Шамшадин, «Ең үздік телевизиялық репортаж» номинациясымен республикалық «Хабар24кз» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков, «Ең үздік мақала» номинациясымен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас марапатталды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: