Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сапасыз құрылыс жүргізген компания лицензиясынан айрылады

18.02.2021, 17:30 356

HALYQLINE.KZ

Қызылордада соңғы 4-5 жылдықта құрылыс қарқыны жоғары. Бірнеше мөлтек аудан пайда болды. Әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Алда тағы да құрылыс қарқынды жүргізіліп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 2021 жылы 650 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй көлемін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Одан бөлек, 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

 – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу үшін мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 11,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Жыл ішінде 2247 пәтерлік 139 тұрғын үйдің құрылысын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 342 пәтер сатып алу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер бойынша барлығы 1020 пәтерді құрайтын 95 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Брифинг барысында соңғы жылдары салынып жатқан тұрғынүйлердің сапасы жайында сөз қозғалды.

 – Өткен жылы сапасыз құрылыс жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен, тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер қалпына келтірілді.

 – Қаланың қай бөлігіндегі құрылыс нысандарына шағым көп түседі?

 – Сол жағалаудағы тұрғындар шағым түсірді. Жылу дұрыс емес деп. Бүгінде реттелді, – деп жауап берді А.Әлібекұлы.

Өткен жылы нысандарда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жалпы 97 жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылған.

 – Есепті мерзімде жүргізілген тексерулер нәтижесімен сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты жалпы 172 әкімшілік іс қозғалып, кінәлі тұлғаларға 49 млн 622 мың теңге айыппұл салу жазасы қолданылды. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзған жобалаушы мекемелерге лицензиясынан айыруға дейінгі қатаң жаза қолдану практикасы да жүзеге асырылуда. Нақты айтар болсақ, ағымдағы жылы басқармамен қозғалған әкімшілік істер бойынша қабылданған сот актілерінің негізінде 1 жобалау компаниясына («КБ Мұнайгазинжиниринг ЖШС») лицензиясынан айыру жазасы қолданылды, – деді Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Марат Мырзабеков.

Ағымдағы жылы кредиттік тұрғын үйлер бойынша барлығы 665 пәтерді құрайтын 38 тұрғын үйдің құрылысы, жеке коммерциялық құрылыс салушылар есебінен барлығы 220 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: