Бүгінгі баладан біреу уақытты сұраса, жауап біреу-ақ, ол телефонына үңіліп «11:45» дейді. Ал бұдан жүз жыл бұрынғы қазақ дәл сол мезгілді «сәске түс ауып барады» деп айтар еді, әрі оны естіген әркім қанша уақыт болғанын, күннің аспанның қай тұсында тұрғанын, малдың қайда жайылып жүргенін бір сөзден түсінетін. Себебі сол кездегі қазақтың уақыты сағат пен минутқа емес, күнге, көлеңкеге, малдың қимылына, тіршіліктің тынысына негізделген еді. Бір өкініштісі, дәл сол бай, бейнелі, тірі уақыт тілі бүгінде ұмыт болып, орнын тек сандар басып барады. Қазақтың уақыты деген тұтас бір әлем жадымыздан өшіп жатыр, ал біз оны байқамай да қалдық.
Қазақ уақытты қалай өлшегенін түсіну үшін әуелі оның қаншама атау тапқанын білу керек. Тіл ғалымы Нысанбек Уәлиев бір ғана тәуліктің ішінен қырыққа жуық мезгіл атауын тізіп көрсеткен. Таңның өзі бірнеше кезеңге бөлінеді, әуелі түн қараңғысын жыртып «таң сібірленеді», сосын «таң бозарады», артынан «құланиек» деп аталатын, көздің байлауы әрең шешілген ала көлеңке кез келеді. Одан кейін «құлқын сәрі», яғни таң әрең сыз берген кез туады, бұл деген – әркімнің әлі көрпеде жатқан, бірақ малшының түрегеліп жатқан шағы. Содан соң «таң сәрі» болып жерге жарық молынан төгіледі. Бір ғана таңның атуында осыншама атау бар, әрі олардың әрқайсысы бөлек бір сәтті, бөлек бір көңіл күйді бейнелейді. Күн көтерілген сайын уақыттың аты да өзгеріп отырады. Таңнан кейін «сәске» басталады, бұл сөздің өзі бірнеше дәрежеге жіктеледі. «Сиыр сәске» дегеніміз – күн арқан бойы көтерілген кез, «сәске түс» – сағат он екіге жуықтаған мезгіл, ал «ұлы сәске» – тал түске таяған шақ. Күн төбеге келгенде «тал түс», «тапа-тал түс», «шаңқай түс» деген атаулар жұмсалады, бұл – көлеңкенің әбден қысқарған, аптаптың төбеден төнген кезі. Күн еңкейе бастаса, «түс ауды», «түс қайтты» деп, одан кейін «бесін», «екінді» деген мезгілдер келеді. Күн ұясына бата бастағанда «намаздыгер», «ақшам», «іңір» болып, ақыры «қызыл іңір» қас қарайып, түн орнағанын білдіреді. Әр атаудың артында нақты бір көрініс, нақты бір сурет тұр, оны естіген адам уақытты санмен емес, көзбен көргендей сезінеді.
Қазақ уақытының ең ғажабы, оның тіршілікпен, шаруашылықпен біте қайнасып жатуында. Көшпелі ел уақытты аспан мен малдың қимылына қарап белгілеген. «Қозы көш жер» деген қашықтық өлшемі болса, «қозы түс», «сиыр түс», «бие байлар кез» деген уақыт өлшемдері де бар. «Мал өргенде», «мал өрістен қайта», «бие сауым» деген сөздер күннің қай мезгілі екенін малдың тіршілігімен дәл көрсеткен. Тіпті астың пісуіне қарай да уақыт өлшенген, «ас пісірім» дегеніміз – екі-үш сағаттық мезгіл, «сүт пісірім» – одан қысқа кез, «ет асым» белгілі бір уақытты білдірген. Бұл деген – уақыттың адам тіршілігіне қаншалықты етене сіңіп кеткенінің айғағы. Қазақ үшін уақыт – малдың жайылуы, оттың жағылуы, астың пісуі, яғни өмірдің өзінен алынған әрекеттер болатын. Дәл осы тұста бір терең ой бой көтереді. Тіл деген – халықтың дүниетанымының айнасы, ал уақытты қалай атаса, ол сол ұлттың өмірді қалай сезінетінін көрсетеді. Қазақтың уақыты асықпайтын, табиғатпен үндескен, тыныс алуы кең уақыт болатын. «Сәске түсте келемін» деген кісі минут санамайтын, ол күннің белгілі бір қалпын меңзейтін, ал ол шамамен бір-екі сағаттық кеңістікті қамтитын. Бұл асықпаушылық қазақтың мінезіне, болмысына сіңген. Ал бүгінгі сағат пен минутқа бағынған заман адамды үнемі асықтырады, әр секундты есептетеді, тыныс алдырмайды. Уақыт өлшемінің өзгеруі деген, сайып келгенде, өмір салтының, дүниетанымның өзгеруі екен.
Сонда бұл байлық неге ұмыт болды? Себебі түсінікті, өмір салты өзгерді. Көшпелі тіршілік отырықшылыққа ауысып, мал баққан ел қалаға қоныстанғанда, малдың қимылына қарап уақыт өлшейтін қажеттілік те жоғалды. Зауыт пен мекеме сағатпен жұмыс істейді, пойыз бен ұшақ минутпен жүреді, мектеп пен жиналыс дәл уақытты талап етеді. Мұндай дәлдікті «сәске» мен «бесін» бере алмайды, өйткені олар – шамамен алынған, кең мезгілдер. Сондықтан заман талабымен сағат үстемдік құрып, ескі атаулар ығыстырылды. Бұл – табиғи процесс, оны бүтіндей кері қайтару мүмкін емес, әрі қажет те емес шығар. Бірақ мәселе – сол атаулармен бірге бүкіл бір дүниетаным, бір сұлулық, бір байлық кетіп бара жатқанында.
Бүгінде «таң сәрі» мен «құлқын сәрі» сөздерін әлі де айтамыз, бірақ олардың нақты айырмасын білетіндер некен-саяқ. «Бесін», «екінді», «намазшам» сөздерін намаз оқитын кісілер сақтап қалды, ал қалған көпшілік үшін олар тек ескі кітаптағы сөзге айналды. «Сиыр сәске», «қозы түс», «ас пісірім», «алагеуім» деген сөздерді бүгінгі жас мүлде естімей өсуде. Тіпті бүгінгі күні кәдімгі тілмен жүретін сағаттың өзін оқи алмайтын, оның тілдерін ажырата алмайтын балалар да кездеседі. Бұл – уақытты тек цифр арқылы қабылдайтын жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсететін белгі. Бұл сөздер сөздіктерде сақталғанымен, тірі тілден шығып бара жатыр. Тілдегі мұндай қабаттың жоғалуы көзге көрінбейді, дабырасыз жүреді, бірақ оның салдары ауыр. Себебі әр сөзбен бірге сол сөзді тудырған дүние, сол сөз меңзейтін көрініс те бізден алыстайды. Өкініштісі де – осы.
Қазақтың уақыты деген өзі бір ғажап мұра ғой, оны ескі атаулардың тізбегі деп қарауға болмайды. Ол – көшпелі елдің табиғатпен үндескен дүниетанымының, асықпайтын мінезінің, тіршілікке деген терең байланысының айнасы. Сағат пен минут бұл атаулардың орнын басқанымен, олардың бойындағы сұлулықты, тереңдікті, бейнелілікті бере алмайды. Сондықтан бұл байлықты мүлде ұмыттырып алмай, кем дегенде білгеніміз, балаларымызға таныстырғанымыз, әдебиет пен сөйлеу тілінде сақтап қалуға тырысқанымыз жөн. Өйткені байырғы сағат тілін жоғалту дегеніміз – қазақтың уақытты сезіну тәсілінен, бүтін бір дүниетанымнан қол үзу деген сөз. Ал өз уақытын өзінше атай білген ел ғана өз болмысын толық сақтай алмақ. Сонымен, сағат неше болды?
Ақназар ҚАЛИЕВ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!