Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сығанақ қаласы туристік орынға айналады

16.06.2022, 11:00 354

«Өткенді білмей, келешекті болжау мүмкін емес».

Халық  даналығы

Қазақ елі қаншама нәубетті заманды бастан өткерді. Зұлмат жылдарды артта қалдырып, өз тарихы мен тәуелсіздігін еркін айта алатын деңгейге жеткені рас. Бабаларымыз кең-байтақ даламыздың төсінде жартылай көшпелі және отырықшы халық ретінде ғұмыр кешіп, тарихымыздың таңбасына айнала білді. Сонау Түркі жұртына ортақ болған қасиетті кіндік-жердің әпсанаға толы әңгімесі мен аңызға айналған хикаялары шындықпен астасып, өткенмен байланысады. Осыған орай, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының бөлген қаржысына атқарылған жұмыстарды көрсетуге қаладағы «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-нің ұйымдастыруымен көне Сығанақ қаласына БАҚ өкілдері аяқ басып, бай тарихымен танысып қайттық.

СЫР   АЛДЫРМАҒАН   СЫҒАНАҚ

Әлі күнге дейін өткенінен сыр алдыра қойма­ған Сығанақ қаласы Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде орна­ласқан. Кезінде Ұлы Жібек жолы торабының бойында саудасы қызған атақты қала болған екен. Сол жағында Сырдария өзені, оң жағында қарт Қаратау қоршап, халқы шаруамен айналысқан, ішкі мәдениеті дамыған шаһардың қазірде күйреген орны мен өткенді еске салар жәдігерлері ғана сақталыпты. Қаратау түбінде орналасқан қаланың қазіргі жайы туралы нақты ақпараттар әлі де жинақталуда. Себебі көне орынның қазылмаған қазыналары мен зерттелмеген  жерлері жетерлік. Ол жайлы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, «Археология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар  Жетібаев  мәлімдеді.

– Сығанақ  қаласы – қазақ тарихы мен халқы үшін  шоқтығы  биік, өресі  кең, баға  жетпес  құнды орын. Олай дейтініміз, түркі, араб, парсы тарихшыларын таңғалдырған, назарын бұр­ғыз­ған  тарихи  жер  ретінде танымал. Бұл – Х ғасыр­дан бастап белгілі бола бастаған қала. Бірнеше соғысты бастан өткерген және қиранды жерге айналып, әрі қарай өз дәуірін жалғас­тырған қалашық қазірде төмпешік болып ғана қалып отыр. Сығанақты тарихқа ендіру мақсатында т.ғ.д., профессор, С.Жолдасбаев 2003 жылы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиеті, соның ішінде 1996 жылы құрылған «Археология»  ғылыми-зерттеу  институты  студенттерімен  бірге 2003-2009 жылдар аралығында қазба жұмыстарын жүргізді. 2009 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі, одан кейін Білім және ғылым министрлігі, 2014 жылдан бастап Қызыл­орда облысының бюджеті есебінен арнайы қаржы бөлініп, зерттеу нысанына айналды. Соның нәтижесінде қаланың шығыс қақпасы, үй құрылыстары,  мешіт орны ашылғанын атап өткен жөн. Ортағас­ырлық жәдігерлер, теңгелер, үйдің сыр­тын қаптаған  қаптамалар табы­лып, қайта өңдеу жұмысына үлгі ретінде берілді. 2021, 2022, 2023 жылдарға Білім және ғылым министрлігінің арнайы нысаналы қаржылан­дыруынан бағдар­лама аясында 150 000 000 теңге ұтып алып, былтыр 43 млн теңгеге қазба жұмыс­тарын жүргіздік. Ал биыл 56 млн теңге қаражатқа  қазба  жұмысын  жалғастырып жатырмыз, – деді  К.Мұстафаұлы.

КӨНЕ   ҚАЛАНЫҢ   ҚАЗЫЛҒАН  ЖӘДІГЕРЛЕРІ

Кіру қақпасы құмнан тазартылғандықтан бұрынғы бейнесін елестету қиын. Бүгінге дейін қаланың қалыптасуы мен күйреу себебін ғана білген болсақ, зерттеу нәтижесінде тұрғын үйлер­дің ішкі бейнесінің қалай болғанынан хабардар болдық. Отырықшы халық бөлме ішіне соғылған пештердің моржасы еденнің асты арқылы өтіп, қыс мезгілінде үйді жылытқыш құрал ретінде де пайдаланыпты. Ата-бабамыз «бір оқпен екі қоян атуды» бұрыннан білгенін байқап қана қоймай, ас әзірлеу арқылы  үй де жылы, қарын да тоқ болудың қамын жасапты. Үйдің ішінде  ет пен тез бұзылатын көкөністерді сақтайтын ұра, кіреберісте ылғал жиналып, бетіне құмыра төңкеретін орын болған. Бір қызығы, шаруа адамының үйі мен шағын шеберханасының ортасын бөліп тұрған бір ғана қабырға. Ізін ала қыш ыдыстарды күйдіру қазан­дықтары­ның орналасқан же­ріне бардық. Көлемі үлкен үш қазандықтың жұмыс істеу технология­сы ұтқыр жасалған екен. Одан кейін қазыл­ған мешіт орнымен таныстық. Зерт­теушілер Сығанақ қала­сының мәдениетінен сыр шертіп, халқының еңбекке бе­йім болғанын анықтапты. Алдағы уақытта кіріс қақпасының барлық жалғасқан қабыр­ғалары ашылып, қаланы қайта қалыпқа келтіру жұмысы басталатынын жеткізді  ғылыми   қызмет­керлер.

КӨК  КЕСЕНЕГЕ  КІМ  ЖЕРЛЕНГЕН?

Біз сапарға шығардан бір күн бұрын Сығанақ қаласына жақын орналасқан «Көк кесене­нің» беті ашылған екен. Ауыл ақсақалдары арнайы мал сойып, ертесіне аруақтарға құран оқытты. Жайылған дастарқаннан барлығымыз дәм таттық. Түстен кейін жаңағы ашылған қасиет­ті кесененің ішіне зер салуға бардық. Әпсаналарға сүйенсек, қабір ішінде Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың сүйегі жатыр деген сыбыс бар. Келесі  бір аңызда Алпамыс батырдың  әйе­лі  Гүлбаршын бегімнің мүрдесі сақталған дейді. «Аңыздың арты – шындықтың ізі» демек­ші, халық арасында тараған болжамдардың бүгінде саны артып келеді. Кейбіреуі «қожалардан» тараған ұрпақтар осылай жерленетінін алға тартуда. Десе де, бір қасиеттің бары рас. Барлығымыз беті ашылған кесененің саңылауынан іште жатқан сүйектерге көз салдық. Әзірге кім екені белгілі болмаған соң, суретке түсіріп, оны жариялауға болмайтынын айтты  археологтар.

«Кесененің құрылысына келсек, боял­ған көк кесектерден өрілген, ішкі жағы өрнектеліп, араб тілінде жазылған жазулары болған. Қазба жұмысы кезінде  табылған барлық қалдық­тарды жинастырып, сандап, мыңдаған қалдықтарды кесенеге жақын Сунақ ата ауылындағы арнайы үйдің бір бөлмесінде сақтап, қайта қалыпқа келтіру  жұмысына дайын­дау үстіндеміз», –  деді  ғылыми  қызметкер  Қ.Аман­туров.

КИЕЛІ  МЕКЕНГЕ  ТУРИСТЕР  ТАРТЫЛАДЫ

«Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ-нің басшысы Ерғазы Алданазаров алдағы уақытта киелі жердің топырағына туристер тартылатынын жеткізді.

– Алдағы уақытта мәдениет және спорт министр­лігіне «Сапар» орталығын ашу жөнінде ұсыныс жолдаймыз. Орталыққа қала­шық­тан табылған заттарды қоятын шағын музей, жастарға, туристерге арналған кафе, отыратын жерлер кіретін болады. Оның барлығы министрлік тарапынан қаржылық қолдау табатын болса, Сығанақ қаласы үлкен туристік орынға айналады деген сенімдеміз. Бұл мәселе облыс әкімінің күн тәртібінде тұр. Қалашыққа қазір­дің өзінде сырттан туристер келіп-кету үстінде. Түркиядан арнайы іздеп келген адамдар да бар. Десек те, келушілерге жағдай жасалмаса, сұраныс шеңберіне кірмей қалу қаупі бар, – деп  Е.Жарылқасынұлы  жоспарымен  бөлісті.

Турдан түйген ой. Сайып келгенде өз тарихымыз бен құндылықтарымыз өзімізге керек. Қазақ ұлтының ұжымаққа жетелейтін мұралары бүгінде маңызды орынға ие. Сығанақ қаласының сіз бен біз білмейтін жәдігерлері әлі де көп. Сондықтан, үкіметтен ары қарай қолдау тауып, зерттеушілер жұмылдырылып, өткенімізді жатқа білу үшін барлық қадамға бару қажет деп есептеймін. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір өскін құндылықтарымызбен құнтталып, тарихымызбен тыныстаса дейміз. Сол үшін негізгі туристер оқушылар болуы керек.  Сығанақтың  сәні – жәдігер,     мәні – тарих…

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Суреттерді  түсірген Ғ.САДЫҚОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: