Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пейіл мен пиғыл амандасқанда, Достық пен дұшпан сәлемдеседі

03.08.2023, 10:40 330

ПОЭЗИЯ

Айдар  САЙЛАУОВ

АЛАШТЫҢ  АРМАНЫ

Топанды кешкен телегей,

Нұқты сақтаған кемедей.

Ұлтты сақтаған несіптей,

Жесір тербеткен бесіктей.

Батпан жүгі бар толағай,

Жоқтаусыз қалған моладай.

Қазақта ғана арман бар…

Сұлу жүздегі ибадай,

Алашқа қонған иман-ай!

Сусыған қолға ұсталмай,

Сұңқылдап ұшқан құстардай.

Сынашы, сына, ей, Құдай,

Бақыт сыйлаған қайғыдай.

Қазақта ғана арман бар…

Жүректердегі пейіштей,

Орамалдағы иістей.

Құма боп кеткен арудай,

Шәкәрімді атқан қарудай.

Ала да құла өмірдей,

Жұмақ сыйлаған өлімдей.

Қазақта ғана арман бар…

Сақталған құтын қашырмай,

Кесілген ханның басындай.

Кәпір өртеген Құрандай,

Қорқытты шаққан жыландай.

Батырдың сүйген жарындай,

Жарынан қымбат арындай.

Алаштың жалғыз арманы –

Тып-тыныш атқан ақ таңы!

Азаттық дейтін тәтті әні!

***

Оймақтай мұңын сезбепті ой,

Көтермес көбі көгіне.

Тілім келетін сөз көп қой,

Тілім бармайды көбіне.

Қоштасу үшін көрістің,

Соңғы тілдесу бұл біздің.

Көзін тапқандар көп істің,

Тілін таппайды бір қыздың.

Сезімнің сезіп құрығын,

Шаршайсың, аңсап көз ілмей.

Тіл үйіреді қылығың,

Тіл ұшындағы сөзімдей.

Түртпектеп түннің түнегін,

Райым көнбей қайтуға.

Тілім-тілім ғой жүрегім,

Тілім бармайды айтуға!

ДҮНИЕ  ДӨҢГЕЛЕК

Өнбес істерге өшігем мейлі,

Мақтаудан адам өсіп-өнбейді.

Бұлдап алғанын «бұйырғаны» деп,

Ұрлап алғанын «несібем» дейді.

Бұл ғалам ала әлем деседі,

Дәніккен екен дәмең кешегі.

Пейіл мен пиғыл амандасқанда,

Достық пен дұшпан сәлемдеседі.

Құнын білгенбіз тарыдай балдың,

(Алдына кімнің жарымай бардым.)

Табысы артқан таныстарымды,

Танымай жүрмін, танымай қалдым.

Жетелі ойы жеткендей соған,

Аяқтан көбі кетпендей шабар,

Бір көмегіне жарамай қалсаң,

«Өзгеріп сені кеткен» дей салар.

Сөзімді сөзшең бөлмелеп күйді,

Тау дегендерің дөңге жетпейді

Төрт құбыласы түгел адамдар,

Дүниені неге «дөңгелек» дейді?

Безбен дүние безереді көп,

Сенімді сезім сезер еді тек.

«Інілер бізге ерсе» деп едім,

Ойлағаным жоқ сөз ереді деп.

Намысын көкке дөңгелетпейді,

Жауабын тағы жөндемек мейлі.

Әлемнің жатып бір бұрышында!

Дүниені неге «дөңгелек» дейді!

САҒЫНАТЫН  ЖАНСЫҢ  ҒОЙ

Мойыл моншақ жанарың тізген мүсін,

Ойың тұсап тұрса да іздермісің.

Көңілімнің көгіне көтерілші,

Көз жасымның көлінде жүзген құсым.

Жаның жайлау жап-жасыл түкті кілем,

Күттім, күттің, көздерің күтті білем.

Жазықсыз мұң жүректі тескілейді,

Жасаураған жанардың түкпірінен.

Сарқырама секілді қағидаңыз,

Иілдірмей қоймайды ар-ибаңыз.

Дәурен ғұмыр дидары түрленеді,

Гүлденеді шіркін-ай дариға қыз!

Қабырғалар тұр биік байыс құрып,

Махаббатты ойнайды сайыс қылып.

Жүрегімен жаралған жауқазыным,

Қабырғамды барады қайыстырып.

Жұмсақтығым – ол менің қаттылығым,

Тағдырым тағдыр атты тапты гүлін.

Күлтесін күл етпеші татқан адам,

Раушан еріндердің тәттілігін.

Сағынатын жансың ғой сағынатын,

Бағалы жан шығарсың бағыма тым.

Батып бара жатырмын көз жасыңа,

Батып бара жатыр ма тағы да түн!

ӘКЕ-АНА

Ана,

Құлақ түрші құлыныңның әніне,

Әке,

Атыңды мен ұлықтаймын әлі де,

Сәредегі жұлдыздардың сәулесі,

Ұқсайтындай сағыныштың дәміне.

Ата-ананың мейірімі таралған,

Күн сәулесі түскен жердің бәріне.

Барым,

Сіздер барда мен қалайша жасимын.

Бағым,

Сіздерді ойлап қос жанарға жас үйдім.

Бесігінде тербелгенде теңіз ой,

Толқығанда толқын сынды тасимын.

Ана деген құдіретке сыйынып,

Әке деген қасиетке бас идім.

Әке,

Нар есімің нәркес ойда дара тұр,

Ана,

Пана болған бізге қайсар қанатың.

Кіндігімді кескен күні ғашық боп,

Іңгәләсам тербетіліп дала тұр.

Айналасын шуағына бөлеген,

«Айналайын» дегеніңіз Ана тіл.

ҚОҢЫРАУ

Аласұра кетеді жүрек демде,

Беймезгіл телефоным шыр еткенде.

Бір үрейлі жаңалық айтылардай,

Қоңыраудың дауысы үдеткенде.

Жүрегімнің төріне қонып зіл мұң,

Жүгеніне жармастым жорық жырдың.

Ауыр сөзді жеп-жеңіл жеткізетін,

Қоңыраудан қорқатын болып жүрмін.

Телефонда қауіпті қайта шалған.

Қайта соққан жау сынды байқашы алдан,

Әлгінде әлдебіреу тұтқаны алсам,

«Атаң өлді» деп қана айта салған.

Арым аппақ аққудың қанатындай,

Қайырылып қанатым қалатындай.

Телефонда табысқан тәтті тағдыр,

Телефонда қоштаса салатындай…

Шалған кезде телефон көмескі ерім,

Аяғымнан шалардай елестедің.

Қоңырауды көтермей қалып жатсам,

Көтеріліп кеткенім емес менің!

Шарбы бұлтқа шырмалар әзір аспан,

Қалқатай, қайда жүрсің қадірі асқан.

Белгісіз нөмірлердің салдарынан,

Белгілі отбасылар ажырасқан.

Сонда да күншуақты көңіл аңсар,

Жанқалтамнан шықсаңшы өмір-ау сәл.

Құлатқың келіп тұрса үйіме кел,

Қуантқың келіп тұрса қоңырау шал.

ЖАЛДАМАЛЫ  ТҰРҒЫН  ҮЙ

Жалдамалы тұрғын үй, жалдамалы,

Әбігерге салғаны-ай ел-жұртты шын.

Біздей жуас байғұстың бар ма амалы,

Малым болса алар ем меншіктісін.

Сенен қалар қу дүние менен қалар,

Әл-дәрменім қалмады мүлдем шыдар.

«Кең дала үйің болар» деген бабам,

Далада қаларымды білген шығар.

Өгіз қайда? Өліпті! Сыныпты арбам,

(Тұрақтылық ұнамас маған онша).

Қасиет қой қаныма сіңіп қалған,

Көшіп-қонып жүремін бабаларша.

Сынып кетпей сынақтан өтсем екен,

Шыбын жаным сыймады-ау жер көкке түк.

Ауылға қайтсам ба екен, қайтсем екен?

Арманымды қалаға жерлеп кетіп.

Түк емес, түк те емес оның бәрі,

Үкімет естімесін бұ… жайымды.

Адамдар бақытты ғой қорымдағы,

Ай сайын мазаламас «қожайыны»!

Өспес-өшпес өмірді нұсқайсың сен,

Үйсіз өліп кеткеннің бар ма амалы.

Жалдамалы жендетке ұқсайсың сен,

Жалдамалы тұрғын үй, жалдамалы!

БЕЛГІЛІ

Күтпей жүрмін жексенбіні, сенбіні,

Сенделткелі сезімімнің сеңгірі.

Сен түбіме жетпей-ақ қой жалғыздық,

Түбі жалғыз қалатыным белгілі.

Киесі көп, күйесі жоқ тұмармыз,

Ішқұса боп іштен ғана тынармыз.

Көпшіліктің көңіліне келер деп,

Жалғыздықты жек көрмейтін шығармыз.

Жанарыңда сенім жоқ па, ар жоқ па,

Сенен асқан керім жоқ па, жан жоқ па.

Сөзден тайып кететінің белгілі,

Көзің тайып кете берсе жан-жаққа.

Көңілдері күйреп жүрген қоғам да әр,

Жәудіреген қыз көзіндей алаң бар.

Жалғыздардың жанайқайын естиді,

Жүрегінде жарасы бар адамдар.

«Ұмытшы» деп жүз айтады жалғыз үн,

Тіл үйіріп тұрса-дағы бал жүзің…

Көңілімді қалдырғанша мың мәрте,

Мені жалғыз қалдырыңыз, жалғызым!

Түбі жалғыз қалатыным белгілі.

ТҮРЛІ  АДАМ

Жан-жағыңа қарап тұрсаң жанжалдар,

Жан-жағыма қарап тұрсам сан жолдар.

Ағам бүгін сипап кетті арқамнан,

Ал, арқама қарап қалсам қанжар бар!

Ұмыттық па риясыз күлуді,

Ұлық тұтпа жеңіл-желпі жүруді.

Інім келіп қолын созды көмекке,

Оның бірақ, бір бармағы бүгулі!

Өмір деген ерегесті майдан бұл,

Жақсыларға от құшағын жайған дүр.

Ішім жылып жүруші еді досыма,

Ал, ішінде бір бау жантақ қайдан жүр?

Естен сірә шығармашы мұны түк,

Мұз денемді от құшағы жылытып,

Қыздың бәрін періштедей көріппін,

Періштенің көкте екенін ұмытып!

Жұрт мақтаса жұлдыз едік, от едік,

Парызды да, қарызды да өтедік.

«Басымызға шықты» дейді сосын ол,

Төбесіне көтеруін, көтеріп!

Дәл осылай айналамда түрленді ел,

Беттен қақпай, белден буып гүлдеңдер.

Бел буатын белдігіңмен алайда,

Аяғымнан байлап кетіп жүрмеңдер!

Пікірлер:
  • Айдардың жас шамасын білмедім. Төселген ақынға ұқсайды. Бұрын ешбір ақын айтпаған тың тіркестер мен түйіндер бар. Өзім Қалдан батырға қатысты бір әңгімемде:- Пейілінің пиғылға айналғанын сезбей қалған деген тіркес болатын.Топтама жырына «Пейіл мен пиғыл амандасқанда, Достык пен дұшпан салемдеседі» деп тақырып қойыпты.
    Өлең жаттап жүрген жас кезім болса, жаттап алып, дос-жолдастарыммен бөлісіп жүрер едім.
    Әдебиет сыншысы емеспін.
    Газет редакциясына мың сан рақмет.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: