Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Отбасы хрестоматиясы» бай мұраға жетелейді

23.03.2022, 10:40 1535

HALYQLINE.KZ

Адамның ішкі дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтетін нағыз керек құрал деп кітапты айтсақ болады. Өйткені, бар өне бойымызды, ойымызды жақсы мінез бен іс-әрекеттерге жетелейтін тек оқулық екені белгілі. Көптеген кітап ілімі мен білімі жоғары адамдардың қолынан жарық көреді. Оған облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Отбасы хрестоматиясы» жобасы авторларымен кездесуде көз жетті. Жиынға кітап авторлары әрі жерлестеріміз Айбек Нәби мен Мұхит Төлеген қатысты. Кітапхана ішінде «Отбасы хрестоматиясы» жобасының туындылары көрмеге қойылып, сатылымға шығарылды. Сондай-ақ, өңіріміздегі балалардың шығармашылық картиналары мен жергілікті ақын, жазушылардың да жазған дүниелері көпшілік алдына ұсынылды. Түрлі оқулықтарды дүниеге әкеліп жатқан авторлар шығарған туындыларын жеке-жеке түсіндіріп кетті.

– «Отбасы хрестоматиясы» жобасы 2013 жылдан жұмысын бастады. Ежелгі ата-бабаларымыздан қалған керемет рухани аңыздар мен қиссалардан жинақталған әңгімелерді жаңа түрде жарыққа шығарып, халыққа ұсынып, жеткізу басты мақсат болды. Бала тәрбиесіне аса мән берген ұлт болғандықтан, баланың бойынан ізгіліктің, мейірімділіктің, талпыныстың табылғаны біз үшін жақсы емес пе? Сондықтан, «Әлдиден эпосқа дейін» деген кітаптан бастадық. Кітаптағы әр жинақ әр өңірден табылып, жаңартылды. Қазақтың тауып айтылған сөздерінің бірі «бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, ал мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» дегендей біз де болашақ жас буын үшін аянбай, ізденіс жолында жүрміз. Кезіндегі қазақтың құндылығын, даналығын орнына қайтарып, Алаш арыстары сияқты керемет тұлғалар шығып, ұрпақ тәрбиесімен айналысса екен деген негізгі арман бар, – деді Мұхит Төлеген.

«Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр шәріп», «Әлдиден эпосқа дейін», «Яссауи феномені», «Махаббаттың мәні», «Логотерапия немесе Өмірге құштарлық», «Балалықтан даналыққа», «Мың сұрақ», «Ecosophy немесе киелі табиғат», «Бейсен және Болмыс», «Өркениетті адам», «Өмірге ғашық болу», «Сыр сөз» және тағы да басқа «Отбасы хрестоматиясы» туындылары қолжетімді бағада сатылып жатқаны жиылған қауымға ерекше таңданыс әрі қуаныш сыйлады. Сонымен бірге, кітаптардың барлығы Kitap.kz сайтынан электрондық нұсқада табылады. Осылайша, авторлар бұрынғы аңыз-әңгімелерден үзіндіні бүгінгі күнмен салыстырып көрермендердің ой-санасына өзгеше әсер берді. Сонымен қатар, әрбір шығарманың қалай өмірге келгендігі жайында, ізденістері туралы сөз қозғалды.

– Кезіндегі қаламы қарымды, ойы ұшқыр, дана жазушыларымыздың қайдан білім алғандығы, немен айналысқандары бізге өте қызықты болды. Сол себепті жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ақырында олардың барлығы өздерінің заманында ауыл қариялары мен молдарынан алған өсиеттерін жазып отырып есте қалдырған екен. Біз кезінде бұлай жасамадық. Біздің кемшілігімізді түркі халқы қайталамапты. Олардың зерттеуші ғалымдары, ілім қуған жандар жаһан дүниені кезіп барлық қызықты оқиғаларды қағаз бетіне түсіріп, 17 томдық кітап жасап, әлі күнге дейін сақтап келіпті. Біз кітаптағы оқиғалардың көбісін түрік елінен таптық. Егер сол қаншама айтылған қисса, дастандарды жаттап немесе жазып алсақ, жер-жерден ізденбеуші едік, бәрі өз қолымызда болушы еді. Қазақта әрбір затқа, сөзге қатысты әңгімелері көп. Ол бізге мұра болып қалды. Сол мұралардың барлығы біздің қолымызда жаңғыруда. Бұл кітаптарды оқи отырып өзіңіздің өміріңіздегі әрқилы сәттер туралы немесе салт-дәстүр, ырым-тыйымдар жайында кезінде және қазір қойып жүрген сұрақтарыңызға жауап таба аласыздар, – деп Айбек Нәби әр кітаптың шығу жолындағы өзіндік қызықтарымен бөлісті.

Осындай адамға рухани күш беретін кездесуден кітап сүйер оқырман керемет көңіл күй алды. Көне дүниелерді туындыға айналдырған жандарға әдемі жүздесу кезінде оқырмандар тарапынан ыстық ықыластары айтылып, ерек көзқарастарын білдіріп жатты. Қорытындылай келе, «Кітап  ̶ білім бұлағы, білім  ̶  өмір шырағы»,- дегендей кітапта білім байлығы бар, ал білім – біздің өміріміздің көркеюі. Ұлттық болмысымызды, қазынамызды мәңгі сақтау үшін кітап оқып, жаңаруымыз қажет.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: