Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАСЫ ЖОҚ ХАН, АТЫ ЖОҚ АҚЫН һәм КЕТПЕНШІ ДИҚАН

14.07.2022, 9:40 111

Бүгін немерелерім «Ата, ертегі айтшы?» деп қолқалап қоймасы бар ма. Жас шағымыз­да оқыған ертегілердің естен шығып кеткені қашан. Ұмытпағандарымды айтып-айтып тауыс­қанмын. Жуырда бір белгілі азаматтың отбасында отыз шақты адам қатысқан басқосу болды. Ел ішінде әлі де есті сөзден есе жібермейтін аузы дуалы, ұлағат ұстанған ақсақалдар бар екен. Сол отырыста маған бейтаныс, шамасы сырттан келген-ау, көпті көрген бір ақсақал ертегіге бергісіз ескі әңгімені айтып, айызымызды қандырған еді. Сол есіме түсіп кетіп, «Ал, балаларым, бүгін сендерге бұрын-соңды ешкім естімеген «Басы жоқ хан, аты жоқ ақын һәм кетпенші диқан» деген бір тың ертегі айтып берейін» дедім. Бұған немерелерім қуана келісіп, мен ертегімді бастап кеттім.

«Баяғы бір заманда, дін мұсылман аманда» дегендей, Қазақия жерінде, Қарақас деген елінде Қанарам деген хан болыпты. Бұрынғы хан еліне қорған, халқына қамқор, кедейлерге қайырымдылығы мол, ардан аттамайтын, жамандық-жауыздыққа жаны қас кемеңгер адам болған екен. Қанша байлық, қанша атақ-дәрежеге жеткенімен, бір перзентке зар болып, өмірден өкінішпен өтіпті. Ажалы кенеттен келіп, өзінің орнына ханға лайықты ізбасарын да айта алмай кетіпті.

Бірақ, сарайда қашаннан ханның қасынан шықпай, қылпылдап қызмет етіп, жатса жас­тығы, тұрса  таяғы  бола кететін, әр іске де сайма-сай Қанарам деген уәзірі бар еді. Әділ хан өмірден кетісімен-ақ сол уәзір билікті бірден қолға алып, ешкімге дес бермей, хан жұмысын жалғастыра беріпті. Сарайдағылар да: «Осы уәзір ханымыздың қасында көп жүріп еді, оның ел басқару ісіндегі ерекше қабілетін, тәжірибе-тәубесін бір білсе, осы біледі» деп Әділ ханның орнына осы Қанарамды лайық көреді. Бұл елде бақталастық, қызғаншақтық, пәлеқор, жалақорлық деген атымен жоқ, уыз­дай ұйыған, ынтымақ-бірлігі мол болғандық­тан, дау-дамай да әділ шешілетін. Сондықтан сарай билері мен төрелері ақылдаса келіп, ханның сенімді уәзірі, көмекшісі бола білген осы Қанарамға бірауыздан келісіп, елді басқару тізгінін қолына береді. Хан тағына отырған Қанарам ел талабына сай, халыққа жайлы қызмет етіп, сенімге ие бола біледі.

Алмасып ай, жылжып жыл өте береді. Халық­тың өзіне деген қошеметіне марқайған Қанарамның көңілі де өсіп, мейманасы тасып, атақ-дәрежесі асқақтай түседі. Енді бұл бұрынғы Қанарам емес, басқа адам болып шыға келеді. Халықты қара қойға теңеп, елмен санасуды, жаны ашып жанасуды қояды. Бар арман-мақсаты өзін төрткүл дүниеге танытып, дәріптеу болды. Оның жолында сарай қазынасын, халықтың байлығын суша сапырып шашты. Сонда не істеді дейсің ғой. Баласы үйленсе де, қызы ұзатылса да, әйелі босанып, басқа да той-тобыр болса да көрші елдердің хан-ханзадаларын шақырып, шалқытып мейрамдата берді. Одан да асып, шетелдің патша, сұлтандарының да басын қосып, есепсіз жиын өткізіп, жаһандық мәселелерге де араласатын болды. Сондайда кейбір жағымпаздар: «Ай, Ханарам, сен әлемді билеуге де қабілетің жететін ерекше жаратылған хансың ғой» деп мақтап жатса, оның мейманасы одан сайын асып, қанасына сыймай, таса түсетін. «Осы жақта Қанарам деген хан бар дейді, өзі қонақжай, қолы ашық дейді, алдына барған адамды алаламай, сыйлап, қонақасыдан бөлек ат-шапанын да аянбай береді екен дейді, соны бір барып көрейікші» деген дәмелі жандар күннің Оңтүстік, Солтүстігінен де, Батысы мен Шығысынан да шұбырып келіп жатады екен.

Оның бергі жағында ханның сөзін сөйлеп, мақтап-мадақтайтын Шылам деген бір ша­йыр-ақыны болыпты. Ол да жағымпаз жан екен. Ханның атын жер-көкке сыйғызбай мақтап, неше алуан жыр-дастан жазып, ел ішіндегі жыршы-термешілеріне жырлатып, аяқ жетер жердегі өзге елдерге де таратып отырыпты. Ол уақыт отыз тістің арасынан шыққан жыр отыз рулы елге жететін, халық ауыздан аталы сөз аңдыған заман еді ғой. Осылай Қанарамның есімі одан сайын шарықтап, шартарапқа жайыла беріпті. Келген қонақтар қарап отыра ма, сый-сияпатқа әбден тойып алғаннан ке­йін Қанар­амның қайырымдылығын жер-көкке тигізбей көтере дәріптейді ғой. «Әй, Қанарам, сенің атыңды қалай қойған, біз сені Қанарам деп жүрсек, сен нағыз Қанадал екенсің ғой. Бұдан былай біз сені Қанадал деп атаймыз» дегенінде хан орнынан ұшып тұрып, қазынашысын шақырып: «Мына қонаққа қазынадан бір қадақ алтын бер» деп пәрмен қылыпты. Осылай мақтау-мадақтауға семірген хан қазынасын оңды-солды шаша беріпті.

Бір күні бас қазынашысы келіп: «Хан ием, қазынаңыз ортайып келеді, бүйте берсек байлықтан түк қалмайтын түрі бар» деп ескертіпті. Мұндайды күтпеген хан шортандай шоршып түсіп: «Бұл қалай болғаны? Дереу халықтан алынатын алым-салықтың мөлшерін көбейтіңдер!» деп жарлық беріпті.

Әділ ханның ұстанымымен мамыражай отырған халыққа бұл хабар аспаннан жай түс­кендей болады. Ел толқып, халық кедейлене бастайды. Ханға қарсы топтар да күшейе түседі. Бірақ Қанарам хан ел ішіндегі бас көтерер батыры болсын, шешені мен көсемі болсын, бәрінің де жансыздарымен жасырын бастарын  кесіп  жоя  беріпті.

Ханның осы жауыздығының астарында Қанарам атануының да бір сыры бар еді. Әділ хан өзінің еліне тиісіп қоймаған, жат жұртпен соғысып жүргенінде бұл бала олжаға түскен әйелдердің бірінен туған бала еді. Жас кезінде балаларды біріне-бірін ұрыстырып, шырқын бұзып жүргендіктен көршілері: «Осы баланың қаны бұзық, осы баланың қаны арам» деп айтып жүреді екен. Халық қалт айта ма? Келе-келе баланың өз есімі ұмытылып «Қанарам» атанып кетіпті. Өзінің жат жұрттық екенін бала да іштей сезіп жүріп: «Осыдан есейіп, ержетсем қайткенде де бұл елден елімнің есесін алмай қоймаспын» деген кек қанында қайнап жүреді екен. Сондықтан бұл елде өзінен асқан ешбір жан болмас үшін халықтың қаймақтарының бәрін қынадай қырып отырыпты. Бұған қоса қасындағы шайыры да өзінен өресі биік, өлеңі өткір ақын-шайырлар болса: «Хан ием, мынаның сөзі бұзық, өрескел өлеңдерімен ертең еліңді азғырып, өзіңе айдап салып жүрмесін» деп ондайлардың да көзін жойдырып отырыпты. Осылай бас көтергендердің басы алынып, тілі тигендердің тілін кесіп, қол көтергендердің қолын шауып, елді ел естімеген езгіде ұстапты. Сөйтіп, бұл елде Қанарамнан асқан хан, Шылам­нан  асқан  шайыр  болмапты.

Қанарамның қоластында өзінен-өзі күн көріп отырған бір кетпенші диқан болыпты. Күз болса кетпенін иығына салып, тау аңғарын бөгеп, көктемде бөгетке жиналған сумен егін егіп, өнімін сатып нәпақа тауып, ауысқанын кем-кетік жандарға үлестіріп, қолынан келген көмегін аямай көрсетіп отырады екен. Қыс­та жылы, жазда салқын болады деп, жертөле қазып, отбасымен қысы-жазы сонда өмір кешіпті. Алладан әрең тілеп алған бір баласы болыпты. Өскенде халықтың қамын ойлайтын, елжанды, елдің досы болсын деп есімін Елдос қойыпты. Көктем шыға сол баласы екеуі қолдарына кетпендерін алып жер шауып, содан күнкөріс тауып жүріпті. Кетпенші әр көктем сайын: «Анау тау аңғарын кең-қолтық жерінен биік етіп бөгет салса, оған жиналған су мына аш-жалаңаш отырған халыққа егістікке жетер еді» деп жылда армандайды екен. «Көп болып жұмылайық» десе, қиындықтан қашқандар: «Бәрібір көктегі топан соң оны бұзып кетеді, еңбегіміз еш болады» деп көнбей қойыпты. Сондықтан кетпенші арналардың енсіздеу жерінен шамасы келгенше шағын бөгет соғып, соның суымен күн көріпті. Тау етегінде елден шет оңаша отырған кетпеншіні халық егін пісікте ғана көріп біледі екен де, басқа уақытта онымен  ешкімнің  ісі  болмапты.

Елді езгіде ұстап отырған Қанарам хан мен Шылам шайырдың бақ-байлығы еселеп артып, атақ-даңқы аспандай беріпті. Қанасына сыймай әбден асқынғаны ғой, халыққа: «Аспан­да Құдай болса, жердегі құдайларың менмін. Маған бас иіп, маған жүгініңдер» деп өзін тәңірмен теңестіріп дәріптепті. «Осындай ұлы ханды жырға қосып, жер-жаһанға жария­лап отырған ұлы ақын менмін!» деп Шылам шайыр  да  одан  қалыспапты.

Күндердің күнінде бұл асылық сөз Құдайдың да құлағына жетеді. «Мына жұмыр жерде менімен теңесіп жүрген бұл қандай пенде, бұларды сынап көрейін» деп бір Жебірейілді шақырып алып: «Пәлен деген елде, пәлен деген хан, пәлен деген оның шайыры бар. Және сол елде елеусіз жүрген түген деген кетпенші диқан бар. Сол үшеуін менің алдыма алып кел» деп пәрмен береді. Алланың айтқаны аяқсыз қалған ба?! Жұмыр жерге көзді ашып-жұмғанша атқан оқтай ағып жеткен Жебірейіл алды­мен ханға, содан соң шайыр мен кетпеншіге келіп: «Аллам сендерді  алып келуге жіберді, тез дайындалыңдар» дейді. Мына бұйрық бойла­рын  оттай  қарыған үшеуі де жал­барынып Жебірейілдің алдына жата қалады. «Жоқ, мен кеше алмаймын, мұны Алланың алдына барғанда айтарсыңдар» деп үшеуін де құстай ұшырып, Алланың алдына алып келеді. «О, Жаратқан Ием, біздің не жазығымыз бар еді? Мынау жалған дүниеде пендешілікпен істеген үлкенді-кішілі күнәміз болса кешіргейсіз» деп зар илейді. Құдайымның қашанда пендесіне кешірімі мен рақымы мол ғой. Алла оларға қарап ойланып отырып: «Мені білмейді дейсіңдер ме, мен сендердің не істеп, не айтып жүргендеріңді төбелеріңнен бақылап, көріп отырмын ғой. Қандай күнә, кемшіліктеріңнің бар екенін өздерің де жақсы білесіңдер. Жақсы, бір жолға кешейін. Бірақ, сендерге қояр бір шартым бар. Үш ай уақыт берем. Қолдарыңнан не келеді, қандай күш-қабілеттерің бар, арттарыңа қандай із, қандай өшпейтін мәңгілік мұра қалдыра аласыңдар, соны жасаңдар» деп оларға тоқсан күн, тоғыз сағат, тоғыз минут уақыт беріп, босатын жібереді. Шыбындай жандарының аман қалғанына қуанған патша мен шайыр һәм кетпенші диқан да отбасына оралған соң, «Аллам айтқандай енді мен арты­ма қандай мұра қалдырсам екен?» деп терең ойға кетеді.

Хан ойланып отыр: «Мен әлемге әйгілі хан болдым. Алтын, гауһар, асыл тастарға қазынам­ды толтырып, мол дәулетке ие болдым. Әр елдің әр шаһарында салтанатты сарай салдым. Жан-жақтан патша-падиша, хан-ханзада, бек-төрелерінің басын қосып ай аттатпай, күн құрғатпай жиын-той өткізіп, іштім-жедім, шаштым-төктім, қол жетер жердегі сұлуларды сарайыма жинадым, енді міне, одан не пайда? Мұндай дәурен барлық ханның басында бар. Мен одан да бұл әлемде жоқ алтыннан алып мүсінімді құйып, ел есінде мәңгі қалатын ескерткішімді тұрғызайын» деп бір тоқтамға келіпті. Осылай шешкен Қанарам хан қолас­тындағы барлық уәзір, бектерін шақырып: «Сендерге үлкен жұмыс тапсырам. Биіктігі бес құлаш келетін менің мүсінімді таза алтыннан құйып тұрғызасыңдар» деп бұйрық беріпті. Олар елден атақты мүсіншілерді жинап, дереу іске  кіріседі.

Күндер өтіп жатады. Ескерткіш жарыға жақындағанда бас мүсінші ханға келіп:

– Сіздің алтын мүсініңіз жай тастың үстінде тұрғаны әсте жараспайды. Тұғыры да алтыннан болса кәнеки, сонда әдемі көрінбек, – депті.

– Мұның өте ақыл екен, – дейді хан. – Бұған алтының жете ме?

– Жетпейді, әрине, әлі де алтын керек, – дейді  мүсінші.

Хан  барлық уәзірлерін шақырып, елден алтын, күміс, асыл тас жинауға бұйрық береді. Олар атқа қонып, қоластындағы елдегі барлық үйді тінтіп, сандықтарын ақтарып, қалталарын қағып, Қазақия  халқын  қанқақсатады.

Әп-сәтте алтын тұғыр құйылып, үстіне ханның алтын мүсіні орнатылады. Бірақ, ханның басы жоқ. Өйткені қазына қаңырап, алтыннан ада болған. Уәзірлері мен жандайшаптар елге тағы шабады. Енді қыз-келіншектер мен кемпірлердің құлағындағы алтын сырғалар, саусақтарындағы сақина мен білектегі білезіктер де сыпырылып, алынып, әйелдер қауымы бар алтындарынан баз кешеді. Ел еңсесі түсіп кедейшіліктің шегіне жетеді. Есесіне ханның басы  алтыннан  құйылып  жатады.

Алла алдынан келген Шылам шайыр да ойла­нып отыр: «Мен артыма қандай іс қалдырсам екен? Ұлы ханды жырласам, мен де ұлы  ақын  болып  қалмаймын  ба?! Ханымыз алтыннан әлемде жоқ мәңгілік мүсінін орнатып жатыр. Ұлы ханның алтын мүсінін арқау етіп жыр жазсам, менің де жыр-дастаным алтын­дай боп мәңгілікке қалмай ма?» деп қаламын қолы­на  алыпты.

Ұлы ханның шар етіп жарық дүниеге келгеннен бастап есімі  шартарапқа жайылған бүгін­гі күнге дейінгі бар өмірін қайта өрнектеп, әсіресе алтыннан алып мүсінін құйып жатқанда, «Бай-бағлан, кедей-кепшік, қыз-келіншек демей  бәрі де бар алтындарын сыйға беріп, Қанарам ханға деген халықтың сүйіспеншілігі мен құрмет-қошеметі кереметтей болды» деп шындықтың өңін айналдырып, өлеңдетіп, небір алтын, гауһар, жаһұт сөздерін келсін-келмесін жыр жолдарына сынадай сіңіріп, «Қанарам хан туралы дастанын» даладай далитып, шабытпен  шиырлап  жаза  берді.

Кетпенші диқан да үлкен ой үстінде отыр: «Менің кетпендеп жер шапқаннан басқа қолым­нан не келеді? Одан да өзім жылда арман­дап жүрген тау аңғарының терең қолтығынан биік бөгет соғып, елдің егіншілігіне жарайтын теңдесі жоқ су тоғанын жасайын. Халық аузында «Кімде-кім қатынас жолы үшін өткел салса, сол адамға пейіштің есігі ашық» деуші еді. Менің артымда қалатын сауапты ісім осы бөгет болар» деп бір тоқтамға келіп, иығына кетпенін салып, есегін жетектеп, баласын жанына алып тауға аттанады. Тасқа шапса қайтпайтын қасиетті қара кетпені күндіз күнге, түнде айға шағылысып жарқылдап, аңғардың биік жарқабағын шауып, құлатып жатса, баласы есегімен таудың тасын тасып, бөгетті биіктете береді. Алла қайратына қайрат, күшіне күш қосқандай құлаштай сілтеген кетпенінің екпінінен тау солқылдап, аңғар күңіренген еді. Маңдайдан аққан тер ақ жауындай төгіліпті. Табанымен тау тіреп ертелі-кеш жарқабақты жапыра  құлата берді, құлата  берді. Есесіне  бөгет  те  биіктей  түсті.

Алланың айтқан тоқсан күн, тоғыз сағат, тоғыз минут уақыты да келіп жетті. Осы сәтте Алла Жебірейілді шақырып алып: «Уақыт бітті, ана үшеуін алдыма алып кел» деді. Алланың солай айтуы мұң екен ілезде әлгі үшеуі оның алдына  келді.

– Ал не бітірдіңдер? – деді Тәңірім.

Бірінші  хан  тұрып:

– Уа, Аллам, бір күн мұрсат берсеңіз, алтын мүсініме қоятын алтын басым қалып еді, – деді.

Мұнан соң Шылам шайыр тұрып:

– О, Тәңірім, бір сәт уақыт берсең, теңдесі жоқ дастанымның астына аты-жөнімді жазып қалдырып кетер едім, – деді.

Диқан тұрып:

– Бөгетімнің биіктетер әлі жарты құлаш жері қалып еді, о, Жаратқан Ием, жарты күн уақыт берсеңіз, – деді.

Сонда Алла тұрып:

– Жоқ, мен айттым бітті. Айтылған уақытты ұқсата алмаған өздеріңнен көріңдер, – деп сәл ойланып қалды.

Иә, мына біз сияқты Алла да ойланады екен. «Қазақия халқы осы хансыз, мына шайыр­сыз, ана диқансыз қалай күн көрер екен? Мен бұларды бір жыл қолымда ұстап көрейін» деді.

Осылай үшеуі бір жыл Құдайдың қарамағында құлып астында өмірлерін өткізе береді.

Ел ішінде адамдар бір-бірімен керіскенде «Сен Құдайдан қорықпайсың ба, ол төбеңнен қарап тұр ғой» дейтін ұлағатты сөз осыдан қалса керек. Құдіретті күшті Құдайым Қазақия еліне жоғарыдан қарап отырса, ханның басы жоқ алтыннан соққан алып мүсінін көреді. Ізім-қайым  жоқ болып кеткен хандарының басын орнына қояйын десе, ертең бір хан келіп: «Менің рұқсатымсыз мынаның басын кім қойған, қане айтыңдар, әйтпесе сендердің бастарыңды  аламын» десе не дейміз, пәлесінен  аулақ  деп  бәрі  қашып  жатады.

Шайырдың ісіне қараса, жұрттың қолында аты жоқ ақынның бір-бір жазба кітабы жүр. Аты болмаса да, заты Шылам шайырдікі екені белгілі, бірақ солай жазуға ешкімнің дәті бармай, ішінде іліп алары жоқ, соңында аты жоқ ақынның қолжазба кітабын бұлар да пәлесінен аулақ деп, хан сарайының алдына үйіп тастап жатты.

Ал кетпеншінің артына қараса, әкесінің ісін баласы жалғастырып, алып бөгет салып, ұшан-теңіз көл жасапты. Тоған суына топталған халық емін-еркін егін салып, көл-көсір өнім алып, тіршіліктерін түзеп, тойынып қалған. Елі үшін еңбек еткен ер жігітке және оны осындай еңбекқор етіп тәрбиелеген кетпенші  диқанға  Алла да риза болады.

Мерзімді уақыт біткеннен кейін Қанарам хан,  Шылам  шайыр  мен  кетпенші диқан үшеуін Алла алдына қайта алдырып, оларсыз өмір сүріп жатқан елін, артына қалдырған соңғы  мұраларын  көкте  тұрып  көрсетеді.

Қанарам  ханға  қарап:

– Мынау сенің домалап жатқан алтын басың, анау тұрған алтыннан соққан алып мүсінің. Бір жыл болды мұнан халық не пайда көрді? Ең болмағанда алтын басыңды орнына қояр ел ішінде саған жанашыр бір пенде табыл­мады ғой. Халқың сені де, сенің артыңда қалған ақырғы мұраңды да дұрыс қабылдамады. Яғни сен халыққа керек емессің.

Шылам  шайырға  қарап:

– Мынау сенің ұлы хан жайлы жазған ұлы жыр-дастаның. Астында аты да жоқ, ішінде іліп алар заты да жоқ шығармаңды халқың қабылдамай, сарай маңына үйіп қойды. Сені де, сенің ақырғы жазған «ұлы» дүниеңді де халық қабылдамады. Яғни сен де халқыңа керек емессің.

Келесі кетпенші диқанға қарап:

– Мынау биік бөгет – сенің ақырғы ісің. Сенің бітіре алмаған ісіңді балаң жалғастырып, телегей теңіз тоған соғып, суына ел егін егіп, ханның алтындаған алып мүсіні үшін бар байлығынан айырылған аш халық жоқшылықтан құтылып, тойынып тамақ ішіп, тұрмыстарын түзеп жатыр. Яғни диқаншы сен де, сенің ақыр­ғы  еңбегің  де  халқыңа  керек  екен, – деді.

Хан мен шайырға бұрылған Алла:

– Халқыңа қажеттерің жоқ екеуіңнің жандарыңды алайын ба, әлде кетпенші диқанмен елдеріңе  қайтарайын ба? – деді.

– О, Жаратқан Ием, мынау жарық дүниеде пендешілікпен істеген кемшіліктеріміз болса кешіре гөр, бір жолға кеше гөр, – деп екеуі де жатып кеп жалбарыныпты.

– Онда менің бір шартым бар, – деді Алла.

– Бәріне де көндік, – дейді екеуі де егіліп.

– Көнсеңдер, елі үшін еңбек етіп, халқына қадірлі болған кетпенші диқанның баласы Елдос мұнан былай Қазақия елінің ханы болады. Ал, сен Қанарам, хан сарайының күзетшісі, сен Шылам шайыр, енді қолыңа қалам емес, үлкен сыпырғы алып, хан сарайының аула сыпырушысы боласыңдар. Қалай, осыған келісесіңдер  ме? – дейді тағы да Алла.

– О, Жаратқан Ием, біз сенің құлақкесті құлыңбыз, көндік, көндік, тек шыбындай жанымызды сауағаға өзімізге қалдырсаңыз болды, – деп  Алланың алдында тізе бүгіп жалбарына  беріпті.

Аллам: «Жаратқан пендем осындай адам­дардан тәжірибе-тәубе алсын» деп үшеуін де еліне қайтарып жіберіпті.

Алланың әмірімен Елдос хан тағына отырады. Басы жоқ хан атанған Қанарамның алтын­нан соққан алып мүсінін паршалап бөліп пешке тығып балқытып, баяғы Әділ ханның бейнесі салынған алтын теңге қылып шығарып, халқының қазынасын қайта толтырады.

Шылам шайырдың атаққұмар, жемқор, қанішер ханды дәріптеген бар дүниесін өртеп, оның орнына әр жырын халқы қағып алып, жаттап жүрген Толағай ақынды сарай шайыры етіп тағайындап, Қазақия тарихын қайта жаздыртыпты. Біз айтып отырған осы әңгіме де сол Толағай шайырдың жазып кеткен дүниелері  дейді  білетіндер.

«Мың асқанға бір тосқан» дегендей, аты әлемге тараған Қанарам хан сарай күзетшісі, «ұлы» ақын атанған Шылам шайыр хан сарайы­ның аула сыпырушысы, ал кетпенші диқанның баласы, жертөледен шығып, ел төресі атанған Елдос бұрынғы Әділ ханнан да асқан әділетті, қабілетті, қайырымды хан болып, Қазақия халқы дәулетті, шаһарлары сәулет­ті, әлемде теңдесі жоқ әйгілі бай елге айналыпты, – деп әңгімесін аяқтаған еді ақсақал.

– Міне, балақайлар, ертең ержеткенде сендер де тек қарабастарыңның қамы үшін өмір сүрсеңдер, халықтың құрмет-қошеметінен құр қаласыңдар. Ал, ел үшін еңбек етсеңдер, әрдайым ел есінде болып, құрмет-қошеметке бөленесіңдер, – деп мен де ертегімді аяқтап, немерелерімнің сәби жүректеріне адамдық, адалдық пен имандылықтың бір алтын сәулесін  түсіндіргендей  болдым.

Жұмабай  ЖАҚЫП,

Халықаралық  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: