Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асқақ рух жарылысы өткен жер

16.12.2021, 15:00 343

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер...

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманның жеңісі мен жеңілісін санап өт.

Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ
Кемсітпекші "желтоқсанның жалаң аяқтары" деп.
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп.

Тірліктегі әр ісінің жаңғырығы болады,
Бұл табиғи жасырын заң өзгерессіз қалады,
Сол заңға сай сені бақыт не сор іздеп табады.
...Дүиені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас.
Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Мұхтар Шаханов,

ақын

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: